Перейти к содержимому
Басты бет / Әдебиет / Әттеген-ай, түсім екен…

Әттеген-ай, түсім екен…

29 қаралым

Шыр етіп дүние есігін ашқан сәттен бастап, алғашқы «ана» деген сөзді айтқанда да, тәй-тәйлап қадам басқанымда да отбасымнан ерекше бір жылулық, қамқорлық сездім. Үйдің еркесі, әжемнің қызы болдым. Сондықтан үнемі сөзімді сөйлеп отыратын еді. Анығырақ айтқанда, достарымда болмаған ойыншық менде болды, олар кимеген киімді мен кидім. Әр жыл сайын әжем туған күнімді той секілді өткізетін. Күз мезгілі жеткен сайын әжеммен бірге шәйнек, шәугім, шыны ойыншықтарымды, кеселерім мен тәрелкелерімді жерге көміп, көктемде қайта қазып алатынбыз. Жазда әжемнің балаларының үйіне барып, қыдырып келетінбіз.

Туыстарымыз, көршілеріміз үйге келген сайын: «Алтынай, кімнің қызысың?» – деп сұрайтын. Мен мүдірместен: «Әжемнің қызымын», – деп жауап беретінмін. Шындығына келгенде, мен қалай жетпісті алқымдаған әжемнің қызы болайын?! Содан қиялға ерік беріп: «Әжем мені жас күнінде туып, тоңазытқышқа сақтап қойған», – деуші едім. Бәрі сенгендей күй танытатын.
Осылайша 6 жасқа келгенімде мен әріп танып, тіпті олардың жазылуын да тез үйреніп алдым. Сол кездері әрбір үйдің қабырғасында тықылдаған үлкен сағат тұратын. Әжем маған сағат тануды да үйретті. Мектепке 6 жасымда бардым. Сабақты жақсы оқыдым. Әр «бестік» алған сайын әжем: «Тәтті алып же», – деп тиын-тебен беретін. Осылайша сабақты одан әрі жақсы оқуыма, қазіргіше айтқанда, мотивация болды. Жаз мезгілі келгенде міндетті түрде есік алдына киіз үй тігетінбіз. Сөйтіп әжеммен киіз үйдегі масаханада ұйықтайтынбыз. Әжемнің мені жақсы көргені соншалық, омырауы иіді. Бұзық болғанымда немесе тіл алмай анам ұрысқанда, қашып, әжемнің артына тығылатынмын. Күнде сабаққа кетерде әжемнің бетінен сүйіп кететін едім.
Бір күні 4-сыныпта оқып жүргенімде сынып жетекшім мені сабақтан ертерек босатты. Сыртқа шықсам, інімді де үйге қайтарған екен. Екеуміз аулаға жақындағанда қаптаған адам мен көліктерді көрдік. Үй ішінде әкем мен анам, туыстарымыздың барлығы жылап отыр. Бір сәтте апам келіп: «Алтынай, әжең қайтыс болды», – деді. Сене алмадым, жыладым. Әжемді енді көрмейтінімді, дауысын ести алмайтынымды елестеттім. Ауыр соққы болды, әжемнің өлімі жаныма батты.
«Шіркін, бір жетістікке жеткенімді неге көрмеді екен?» – деген сауал өзегімді өртеді. Жайлап барып, әжем жатқан бөлменің есігін ашсам, төсекте еш қимылсыз жатыр екен. Сөйлемейді, қозғалмайды. Осылайша әжемнен айырылып қалдым. Бірақ баламын ғой не дегенмен. «Әжем қайтып келсе ғой» деген арман көкейімде сайрап жатты. Сағынғаннан болар, сол уақытта әжем түсіме кіріп, өңімдегідей басымнан сипады. Қатты қуандым, әжем тіріліп келді ме деп ойладым. Бақыттың құшағына еніп кеткенім сол-ақ екен, оянып кеттім. Әттеген-ай, түсім екен. Кейде өмірде қалаған дүниелеріміз, қатты аңсаған арманымыз мәңгі орындалмастай сағымға айналады екен. Қайтыс болған жақындарымызды қанша сағынсақ та, тек естеліктер мен бірге түскен суреттерден жұбаныш іздейміз.

Алтынай СЕЙІТКЕН