Райымбек ауданы Сүмбе ауылындағы Мәдениет үйінде өткен кеш ауыл тұрғындарына ерекше әсер сыйлады. Шараның мақсаты ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып, өнерге деген қызығушылығын арттыру, ән мен әуен арқылы көтеріңкі көңіл-күй сыйлау, достық пен бірлікті нығайту болды.
– Әсем ән мен тәтті күй адам жанына тыныштық сыйлап, жүрекке жылулық ұялатады. Өнер арқылы бір-бірімізге деген құрмет арта түсетіні анық. Бүгінгі әуенге толы кеште сіздерді әсерлі әндер мен қызықты ойындар күтуде. Ендеше, көтеріңкі көңіл-күймен әсем кешімізді бастайық, – деген Сүмбе ауылдық Мәдениет үйінің директоры Гүлден Дүйсенғазықызы концерттік бағдарламамен таныстырып, ән кешін жүргізіп отырды.
Кеш шымылдығы жергілікті өнерпаздар Жансая мен Айшаның орындауындағы «Ағатайым» әнімен түріліп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Бұдан кейін «Көрерменмен ойын» атты сұрақ-жауап бөлімінде қатысушылар өздерінің білімдері мен тапқырлығын сынады. Сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап берген белсенді тұрғындарға арнайы сыйлық табысталды. Кештің қызықты бөлімдерінің бірі «Әнді жалғастыр» ойыны болды. Онда көпшілікке танымал әндердің алғашқы жолдары орындалып, қатысушылар әнді әрі қарай жалғастырды. Ал «Караоке» бөлімінде сүйікті әндерін орындап, өз өнерлерін көрсетсе, «Әуенді тап» музыкалық ойынында әннің атауын немесе орындаушысын бірінші тапқан адам жеңімпаз атанды. «Еркін микрофон» бөлімінде сахна төрінде әуезді әндер шырқалып, күй тартылып, заманауи би де орындалды. Феруза Асқарқызы «Анаға сағыныш», Мырзаш Гүлден «Алғыс» әндерін тамылжыта шырқады.
Осылайша, әсем әуен мен ұлттық өнерге толы кеш ауыл тұрғындарының басын қосып, бірлік пен берекені дәріптеген тағылымды шараға айналды. Осындай басқосулар ауылдың мәдени өмірін жандандырып, тұрғындардың рухын көтере түсетіні сөзсіз.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Райымбек ауданы