Перейти к содержимому

Оқушы – дербес тұлға

32 қаралым

Бала – қоғамның ең әлсіз әрі ең қорғалуы тиіс мүшесі. Оның қауіпсіздігі мен алаңсыз өмір сүруі отбасына ғана емес, мектепке, ұстазға, жалпы қоғамға ортақ жауапкершілік жүктейді. Әсіресе жасөспірімдер арасында түрлі құқық­бұзушылықтың алдын алу, буллингке жол бермеу және баланың құқығын қорғау бүгінде маңызды мәселелердің біріне айналып отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында Ұйғыр ауданы прокуратурасының бастамасымен «Бақытты әрі қауіпсіз балалық шақ» жобасы аясында аудан мектептерінің сынып жетекшілеріне арналған «Сынып жетекшісі – әр оқушының психологы» тақырыбында арнайы тренинг өтті.

Іс-шараның мәні де осында. Өйткені бала мектепте бірнеше сағатын өткізеді. Ал сынып жетекшісі оқушымен күн сайын байланыста болып, оның мінез-құлқын, көңіл-күйін, сыныптағы қарым-қатынасын жақсырақ байқай алады. Кейде баланың бойындағы болмашы ғана өзгеріс оның қандай да бір қиындыққа тап болғанын аңғартып тұруы мүмкін. Сондықтан мұғалімнің балаға жай ғана оқушы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қарай білуі маңызды.
Тренинг барысында сынып жетекшілеріне буллингтің негізгі себеп­тері мен оның алдын алу жол­дары жан-жақты түсін­дірілді. Сонымен қатар мектеп қабырғасында қысым көрсету, кемсіту немесе оқушыны ортадан шеттету сияқты жағдайлар бай­қалған кезде қандай әрекет жасау керектігі сөз болды. Мұндай мәселені елеусіз қалдыруға немесе «балалардың арасындағы әдеттегі жағдай» деп қарауға болмайтыны да айтылды.
Буллингтің ерекшелігі – оның кейде сырт көзге бірден байқала бермейтінінде. Кейбір балалар өзіне көрсетілген қысым туралы ашық айтуға қысылады. Бірі мұғалімге, енді бірі ата-анасына сырын жеткізе алмауы мүмкін. Осындай кезде баланың мінезіндегі өзгерістерге назар аудару, оны тыңдау және сенім білдіру аса қажет. Сынып жетекшісінің қарапайым ғана әңгімесі кейде баланың өзін жалғыз сезінбеуіне үлкен әсер етеді.
Жиын барысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты өзекті мәселелер де талқыланды. Сынып жетекшілеріне осындай жағдайлар анықталған кезде заң талаптарына сәйкес әрекет ету тәртібі түсіндіріліп, жауапты тұлғалармен бірлесіп жұмыс жүргізудің маңызы айтылды.
Балаға қатысты мәселенің алдын алу үшін тек бір реттік шара жеткіліксіз. Ол үшін мектеп пен ата-ана өзара байланыс орнатып, оқушылармен тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Ең бастысы – бала өз мәселесін ашық айта алатын, өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру.
«Бақытты әрі қауіпсіз балалық шақ» жобасының да негізгі мәні – осы. Баланың құқығын қорғау, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу. Бұл ретте прокуратура, білім беру ұйымдары, ата-аналар мен қоғам өкілдерінің бірлесе әрекет етуі маңызды.
Қазіргі таңда аудан прокуратурасы кәмелетке толмағандар арасындағы құқық­бұзушылықтың алдын алу, қылмыс деңгейін төмендету және буллинг фактілеріне жол бермеу бағытында нақты шаралар қабылдап келеді. Мұндай жұмыстардың нәтижесі ең алдымен балалардың қауіпсіз ортада білім алып, алаңсыз өсуінен көрінуі тиіс.
Баланың тағдырына бейжай қарамау – үлкен жауапкершілік. Кейде оның жанынан табылып, сөзін тыңдап, дұрыс бағыт көрсету – үлкен мәселенің алдын алуы мүмкін. Сондықтан әр сынып жетекшісінің балаға деген назары мен қамқорлығы маңызды. Өйткені қауіпсіз мектеп – қауіпсіз қоғамның негізі.
Балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі күннің де міндеті. Осы міндетті жүзеге асыруда әрқайсымыз өз жауапкершілігімізді сезінсек, балаға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бірге үлес қоса аламыз.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы