Перейти к содержимому

БІР СУРЕТ – БІР ТАҒДЫР

22 қаралым

Бұл сурет – жай ғана естелік емес, тұтас бір дәуірдің шежіресіндей. Ел басына түскен қиындықты қайыспай көтерген, уақыттың талай сынынан сүрін­бей өткен асыл жандардың бейнесі. Әрбірінің жүзі – бір тарих, әрбір әжім – өмірдің ізі. Олардың жанарынан қайсарлық пен сабыр, даналық пен тереңдік қатар көрінеді.

Ортада отырған қариялар – ұрпаққа жол сілтеген шамшырақ іспетті. Ал айналасындағы азаматтар – сол өнегені жалғап, ел намысын биік ұстаған буын. Бұл көріністен бірлік, бауырмалдық, сыйластық пен құрметтің айқын лебі сезіледі. Тәуелсіз қазақ елінің Көк байрағы астында оларды бір мақсат пен ортақ рух біріктіріп тұр. Асыл бейненің бірі – соғыс және еңбек ардагері Қойкел Смақов. Қазір ортамызда жоқ болса да, оның өмір жолы – тұтас бір дәуірдің айнасы, ерлік пен төзімнің, сабыр мен парасаттың үлгісіндей.
1945 жылғы Жеңіс – адамзат тарихындағы ең қасіретті әрі ең ұлы күндердің бірі. Бұрынғы Кеңес халқы фашистік басқыншылыққа қарсы табанды күрес жүргізіп, бейбіт өмірді қорғап қалды. Бұл жеңіс миллиондаған жауынгер мен тыл еңбеккерінің жанқиярлық ерлігі мен төзімділігінің нәтижесі. Жеңіс – тек Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы ғана емес, ерлік пен бірлі­к­тің, отансүйгіштік пен қайсарлықтың мәңгілік символы.
Жеңіске үлес қосқан сан мыңдаған жауынгердің қатарында Қойкел Смақов та болды. Ол түбі терең, шежіреге бай әулеттің ұрпағы еді. Ел ішінің бірлігін бекемдеген Сарыбай бидің және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың рухани мұрасын бойына сіңіріп өскен ол жастайынан елге адал қызмет етуді мұрат тұтты.
1941 жылы сұрапыл соғыс бастал­ғанда, ол екі бауырымен бірге соғысқа аттанып, Ленинград майданында байланыс бөлімінде қызмет етіпті. Оның міндеті – жау оғынан үзілген байланыс желілерін қалпына келтіру. Бұл – өмір мен өлімнің арасындағы аса қауіпті іс еді. Себебі байланыс үзілсе, әскер әлсірейтіні белгілі.
Сол бір қатерлі сәттердің бірінде Қойкел жауынгер ауыр жараланып, қыстың қақаған аязында ұзақ уақыт қар үстінде жатып қалады. Соның салдарынан екі аяғы үсіп, саусақтарын кесуге тура келген. Алайда мұндай ауыр сынақ та оның рухын сындыра алмапты. Ол Свердловск қаласындағы әскери госпитальда емделіп, 1944 жылы туған еліне оралады.
Соғыстан кейін де елге еселі қызмет етеді. Ауыл тіршілігін жандан­дырып, еңбек майданында белсен­ділік танытады. Жеңістің мерейтойлық «Г.Жуков», «Еңбек Ері», «Соғыс ардагері» медаль­дарымен марапатталған.
Жауынгер елге оралған соң Сұлушаш әжемен отбасын құрып, тоғыз бала тәрбиелеп өсірді. Олардың өмірі еңбекқорлықтың, сабыр мен төзімнің, адамгершіліктің үлгісі болды. Қойкел ата елге сыйлы, сөзі өтімді, шежіреші қарияға айналды. Ұрпақтарына тарихты, салт-дәстүрді, ұлы тұлғалардың тағылымын әңгімелеп, ұлттық рухын оятты.
Бүгінде Қойкел әулеті ата аманатына адалдық танытып, ерлік дәстүрін қадірлейді. Бұл жөнінде немересі Айнұр Қойкелова былай дейді: «Атам соғыс туралы көп айта бермейтін. Бірақ кейде үнсіз отырып, алысқа көз тастайтын сәттері болатын. Сол кезде оның жанарынан өткеннің ауыр ізі байқалатын. Бұл сөзбен емес, жүрекпен ұғылатын үнсіз тарих еді. Кейде аз-кем естеліктерімен бөліскенде, біз оның әр сөзін үлкен сабақ ретінде қабылдайтынбыз. Бүгінде атамыздың көзін көрген біз, немерелері оның ерлігі мен өмір жолын мақтан тұтамыз. Атамның қарапайымдылығы, сабырлығы, елге деген сүйіспеншілігі бізге мәңгілік үлгі болып қалды. 9 мамыр – ерлікке тағзым, тарихқа құрмет, бейбіт өмірдің қадірін ұғыну күні. Мен үшін бұл күн – ең алдымен атамның рухымен байланысты қасиетті сәт. Жеңіс күні келген сайын атамды ерекше сағынышпен еске аламын. Оның даусы, айтқан ақылы, мейірімі – бәрі жүрегімде. Ол бізге тек өмір сыйлап қана қоймай, ерліктің, адалдықтың, отансүйгіштіктің мәнін ұғындырды. Бүгінгі ұрпақ үшін ең басты міндет – сол аманатты сақтау. Атамыздың ерлігі ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс. Өйткені тарихты ұмытқан елдің болашағы бұлыңғыр», – дейді Ұзынағаш ауылында тұратын немересі Айнұр Сайлаубайқызы.
Қойкел Смақовтың өнегелі өмірі – ұрпаққа аманат, елге үлгі. Ерлік ешқашан ұмытылмайды, ол уақыт өткен сайын асқақтай түседі. Осындай батырлардың рухына тағзым ету – өткенге құрмет қана емес, болашаққа деген жауапкершілік. Жеңістің отты жылдарынан жеткен осы ерлік рухы жүрегімізде мәңгі сақталып, елдігіміздің еңсесін әрдайым биік ұстай бермек.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы