Жамбыл ауданының орталығындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінде күделі жөндеу аяқталды. Жаңарған ғимарат ауласында Білім күніне арналған «Таза Қазақстан: Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет және жауапкершіліктің негізі» тақырыбында салтанатты жиын өтті.
Мектеп ұжымы мен оқушылар және ата-аналар қатысқан мерекелік шараға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев, аудандық білім бөлімінің басшысы Светлана Алтынбекова, ардагер ұстаздар келді. Жиын барысында білім мен тәрбиенің, туған жерге деген сүйіспеншілік пен табиғатты қорғаудың маңыздылығы айтылып, жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктелетіні атап өтілді. Салтанат сәнін қазақтың ұлттық биі, әсерлі көрініс одан сайын шырайландырып, жиналған көпшілік мерекелік көңіл-күйге бөленді. Сондай-ақ мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің алғашқы қадамы мен 11-сынып оқушыларының толғанысы ерекше әсерлі көрініс тапты.
Ғасырлық тарихы бар Т.Рысқұлов атындағы мектеп үшін биылғы Білім күні ерекше мәнге ие болды. Күрделі жөндеуден кейін ғимараты жарқырай жаңарып, жаңа оқу жылын жаңа келбетпен қарсы алды. Құрметті қонақтар мектептің заманауи талаптарға сай жаңарған ішімен танысып, білім алушыларға жасалған қолайлы жағдайға оң бағаларын берді. Аудандағы тірек мектеп саналатын білім ұясы үшін биылғы оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер мен жетістіктердің бастауы боларына сенім мол.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы