Білім күні – жалпыхалықтық дәстүрлі мереке. Әрбір адамның өмірінде ерекше әсер қалдыратын осы күні уақытша күрделі жөндеуге жабылған Қонаев қалалық Ахмет Жұбанов атындағы №5 орта мектептің есігі қайтадан айқара ашылып, ұстаздар, оқушылар мен ата-аналар қос бірдей қуанышқа кенелді. «Таза Қазақстан»: «Жаңа Конституция құндылықтары – экологиялық мәдениет пен жауапкершіліктің негізі» тақырыбындағы салтанатты жиын ашық деп жарияланғаннан кейін жиналған қауым Ардақ Матаева, Мейрамгүл Зәкей, Лариса Клейн, Ксения Борзунова, Виктория Новосадюк, Оксана Идиатуллина, Наталья Зенченко сынды ұстаздардың бастауымен шерулетіп шыққан жүректері лүпіл қағып, қуанышты көңіл-күйдің шырмауындағы 1-сыныпқа қабылданған оқушыларды қошеметпен қарсы алды. Мемлекеттік Гимн шырқалған соң алғашқы сөз мектеп директоры Мақпал Байжановаға берілді.

– Биылғы Білім күні Конституция құндылықтарымен үндесіп отыр. Мектеп қабырғасында Ата Заңға құрмет білімге ұмтылудан, тәртіпті сақтаудан, адал еңбек етуден, қоршаған ортаны аялаудан және өз ісіне жауапкершілікпен қараудан басталады. Мектебіміздің миссиясы – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, білімді, жауапты, шығармашыл, өзгермелі әлемде өз орнын таба алатын жан-жақты тұлға қалыптастыру. Сондықтан жаңа оқу жылында біз білім сапасын арттыруға, әр баланың қабілетін ашуға, функционалдық сауаттылық пен зерттеушілік және жобалық ойлауды дамытуға, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін жауапкершілікпен пайдалануға ерекше назар аударамыз. Өткен жылы мектепте білім сапасы 70 пайызды құрады. 7 түлек «Алтын белгі», 2 оқушы «үздік аттестат» иегері атанды. Шәкірттеріміз түрлі білім бәйгелерінен 92 жүлделі орынды еншіледі. Бұл жетістіктер – оқушының талпынысы, ұстаздың кәсіби еңбегі және ата-ананың қолдауының нәтижесі. Педагогтеріміз де қалалық және облыстық кәсіби олимпиадалар мен байқауларға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болды, – деген Мақпал Төлеуханқызы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бірінші сынып оқушыларының болашақта мектеп атын тек биіктен көрсететініне сенімді екенін жеткізді.

Келесі кезекте Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Файзуллаұлы жұртшылықты Білім күні мерекесімен құттықтап, бірінші сыныпқа қабылданып жатқан оқушылардың қадамына құтты болсын айтып, сәттілік тіледі. Сонымен бірге білім саласындағы құрылыс жұмыстарына қосқан зор үлесі үшін күрделі жөндеумен айналысқан мердігер мекеме басшысы Айбек Сафуанұлына Қонаев қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жансұлтан Оңалбаевтың Алғыс хатын табыс етті.
Осынау мерейлі мерекеде білім мен жаңа мүмкіндіктердің көкжиегі ашылған сәтте мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге мектептің қамқоршылық кеңесінің төрағасы Александр Деев ақжарма тілегін арнады.
Салтанатты шара барысында көпшілік назарына жаз сарбаз сыныптарының саптық көрінісі ұсынылып, мектептің өнерпаз шәкірттері ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала би билеп, көрермендердің көңілін көтеріп, мереке салтанатының мәртебесін айшықтай түсті.
Алғашқы қоңыраудың сыңғырынан соң қала әкімінің орынбасары Марат Файзуллаұлы, қалалық білім бөлімінің басшысы Мөлдір Құрманалиева, мектеп партасына алғаш рет отырып, оқушы атанған бүлдіршіндердің алғашқы сабағына қатысып, қанаттары талмай, еліміздің ертеңгі болашағына өлшеусіз үлес қосатын білімді де тәрбиелі азамат болуларына тілектестік білдірді.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ