Жайдарлы жаздың шуақты күндері де өз мәресіне жетті. Күз мезгілінің алғашқы күні – еліміздің түкпір-түкпірінде ерекше қарбалас орын алатын күн. Иә, 1 қыркүйек – білім күні. Жаз мезгіліндегі ұзақ мерзімді демалыстан соң, мектеп айналасы қайтадан мәре-сәре. Таң атқаннан Райымбек ауданында су жаңа формамен мектепке қарай асыққан балалар легі толассыз.
Тағы бір жаңа оқу жылы басталды. Еске сала кетсек, өткен 2025–2026 оқу жылы Райымбек ауданының білім саласы үшін нәтижелі жыл болды. Сандарды сөйлетсек, өткен оқу жылында Райымбек ауданы бойынша жалпы 343 түлек мектеп бітірсе, оның ішінде 55 оқушы «Алтын белгі» иегері, 38 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанған. 239 түлек ҰБТ тапсырып, оның 148-і мемлекеттік білім грантына ие болса, 4 түлек Халықаралық грант жеңіп алды. Бұл сандарды пайыздық есеппен түйіндесек, өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ауданның жалпы білім сапасы 70%-ды құрады. Алдағы оқу жылында аталмыш көрсеткіштер тағы да ілгерілейді деген сенімдеміз.
Әр жылғы 1 қыркүйектегі қалыптасқан дәстүр бойынша, қалам мен қағазымызды алып, кезекті білім шаңырағынан ақпарат таратуға жол тарттық. Бұл жолы Райымбек ауданы орталығы Нарынқол ауылындағы Ораз Жандосов атындағы орта мектепке атбасын бұрып, Білім күніне арналған «Қазақстан Республикасының Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» атты салтанатты жиынның куәсі болдық.
Арнайы мектеп формасымен оқушы образдары әсем айшықталған шәкірттер легі көздің жауын алады. Салтанатты жиынның ең бір әсерлі көрінісі осы болса керек-ті, әсіресе жаңадан мектеп табалдырығын аттағалы тұрған бүлдіршіндердің айналаға түсініксіз жалтақтай қарап, күні кеше көшеде қалған ойынға қимастық сезімдері байқалады. Биылғы жаңа оқу жылында Райымбек ауданындағы 22 мектеп бойынша, 470 оқушы алғаш мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қадам басты.
Білім күнінің бастауына арналған шараның ресми бөлімінде, алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлына беріліп, аудан басшысының шәкірттер мен ұстаздарға, білім саласының қызметкерлеріне арналған ақ тілегі мен ыстық лебізі тыңдалды. Сондай-ақ, жиынға арнайы шақырылған қонақтардың бірі – Райымбек аудандық полиция бөлімі тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция капитаны Сырым Ерланұлына құттықтау сөз кезегі берілді. Тәртіп сақшысы да ата-аналар мен оқушыларға, ұстаздарға жүрекжарды тілегін арнады.
Осылайша, тағы бір оқу жылының жаңа парағы ашылды. Білім мен ғылымды игеру – бүгінгі күннің басты талабы. Білімді ұрпақ – кемел келешектің кепілі. Осы орайда, ұстаздарға да жүктелетін міндет жүгі жеңіл емес, саналы ұрпақ тәрбиелеу – өз кезегінде аса маңызды іс. Ұстаздардың біліктілігі де басты назарда болуы тиіс. Райымбек ауданында жаңа оқу жылында жалпы саны 1048 мұғалім ауданның білім беру саласының алға ілгерілуіне еңбек етпек. Ал ағымдағы оқу жылында өңірде білім алатын шәкірттердің жалпы саны – 5245 оқушы.
Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін аудан мектептері жаз мезгілінде арнайы дайындықтардан өтті, қазіргі уақытта Жамбыл ауылындағы Сағат Әшімбаев атындағы орта мектепте жеңіл жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы