Перейти к содержимому

Баланың құқығы – қоғам құндылығы

25 қаралым

Ұйғыр ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне арналған жиын өтті.

Жиынға Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының құқықтық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мадияр Шарапов, аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция қызметкерлері, білім бөлімі өкілдері, мектеп басшылары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтер және психологтар қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – аудандағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды саралап, балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлардың алдын алу. Әсіресе жасөспірімдердің қадағалаусыз және қараусыз қалуына жол бермеу, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ балаға дер кезінде көмек көрсету мәселелеріне баса назар аударылды.

Жиын барысында Алматы облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасы жүргізген талдау нәтижелері таныстырылды. Анықталған кемшіліктер мен олардың себептері талқыланып, профилактикалық жұмыста кездесетін мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының атқарған жұмыстары сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленді.

Бала тәрбиесі мен қауіпсіздігіне қатысты мәселе бір ғана мекеменің міндеті емес. Бұл – ата-ана, мектеп, полиция және қоғам болып бірлесіп атқаратын ортақ жұмыс. Сондықтан әрбір баланың құқығын қорғау, оның қауіпсіз ортада білім алып, тәрбиеленуіне жағдай жасау басты назарда болуы тиіс.

Жиында осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, профилактикалық шараларды күшейту және жауапты мамандар арасындағы өзара байланысты арттыру қажеттігі бас айтылды.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

Ұйғыр ауданы