Перейти к содержимому

Бұлақтыдағы білім ордасы

19 қаралым

Қарасай ауданы Бұлақты ауылында көптен күткен қуанышты оқиға – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 900 орынды орта мектептің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оның айрықша маңыздылығы – бұған дейін мұнда тек бастауыш мектеп қана жұмыс істеп келген. Жаңа оқу жылын 70-тен астам педагог пен 800-ден астам оқушы бастап отыр.

Жұртшылықпен осынау қуанышты сәтті бөлісуге Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов арнайы келіп, ауыл тұрғындарын жаңа, жарық әрі кең білім ордасының ашылуымен құттықтады. Ол өз сөзінде жаңа мектептің бой көтеруі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім сапасын арттыру, оқушыларға заман талабына сай қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында заманауи мектептер салу жөнінде жүктеген міндеттерінің нақты жүзеге асуы екенін жеткізді. 
Биыл аудан мектептерінде жаңа оқу жылын 106 мың оқушы мен 7 мың педагог қарсы алды. Соңғы жылдары мұнда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында сегіз мектеп, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен бес мектеп бой көтерді. Егер осыдан үш жыл бұрын ауданда 12 мектепте оқу үш ауысымда жүргізілген болса, енді Бұлақты ауылындағы орта мектептің ашылуымен бұл мәселе толық шешімін тапты. Құрылысшыларға алғысын білдірген аудан әкімі мұғалімдерге, ата-аналар мен оқушыларға ақжолтай тілегін жеткізді.
Райымбек ауылдық округінің ақса­қалы, Қарасай ауданының Құрметті азаматы Лемес Әбдікәрімов те қуаны­шымен бөлісті. Жаңа білім ордасының символдық кілтін табыстау рәсімін «QAZAQ Stroy» – «Exclusive Group» компаниясының өндірістік-техникалық бөлімінің жетекші инженері Өркен Әбдіманап пен мектеп директоры Шолпан Оспанова өткізді.
Салтанатты шара концерттік бағдар­ламамен жалғасты. Жиын барысында алғашқы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылының бастал­ғанын паш етті.
Дәстүрлі лента қию рәсімінен кейін мерекенің құрметті қонақтары жаңа үш қабатты ғимаратқа кіріп, балалардың қандай жағдайда білім алатынын өз көздерімен көруге мүмкіндік алды. Ең алдымен, мектептің безендірілуі көңіл қуантады. Дәлізде демалыс орындары, кітап оқуға арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Қазақ әдебиетінің классиктері, көрнекті қоғам және мем­лекет қайраткерлері, ақындар мен батырлардың портреттері де тәрбиелік мәнімен ерекшеленеді.
Мектепте пәндік кабинет жүйесі енгізілген. Мұнда бейнелеу өнері, графика және жобалау кабинеттері, сондай-ақ «Дизайн және технология», «Үй мәдениеті», «Тамақтану мәдениеті» сияқты бірқатар шеберханалар қарас­тырылған. Хореография залы, кітапхана, үш спортзал, сондай-ақ спорт және бала­лар алаңдар бар. Бұларға 197 орынды акт залы мен 255 орынды асхана қосылады.
Айта кетерлігі, мектептің аумағы – 2,8 гектар, ал ғимараттың жалпы алаңы – 10 400 шаршы метр. Мектеп ғимараты тоғыз блоктан тұрады. Мәселен, «В» блогында бастауыш сынып оқушылары, «Б» блогында орта буын оқушылары, ал «А» блогында жоғары сынып оқушылары білім алады.
Бұлақты ауылының тұрғыны Гүлжан Дуанова мектепке екі немересі – София мен Әсияны алып келді. Үлкені бірінші сыныпта, ал кішісі мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Ол облыс және аудан басшылығына, сондай-ақ құрылысшыларға балаларға өз туған ауылында сапалы білім алуға мүмкіндік беретін осындай әсем мектеп салғаны үшін алғысын білдірді. Бұған дейін балалар басқа елдімекендерге қатынап оқуға мәжбүр болған еді. Ол жаңа мектептің болашағы жарқын болатынына сенім білдірді.
Салтанатты шара соңында Жасұлан Естенов ауданда жыл сайын оқушылар саны 3-4 мыңға артып келе жатқанын тілге тиек етті. Осыған байланысты жаңа мектептер салу жұмысы жалғаса беретін болады.

Қуат Қайранбаев

Қарасай ауданы