Жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізу мақсатында Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің ювеналдық полиция тобының инспекторлары Долайты орта мектебінде оқушылармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері жасөспірімдерге қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын түсіндіріп, мектепте және қоғамдық орындарда белгіленген тәртіп ережелерін орындау қажеттігіне тоқталды. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен әлімжеттілікке жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Полиция қызметкерлері оқушыларға өз құқықтары мен міндеттері туралы түсінік беріп, заң талаптарын бұзған жағдайда қарастырылған жауапкершілік түрлерін айтып берді. Мұндағы мақсат қорқытып, үркіту емес, жас жеткіншектердің жаман әдеттерден алшақ болуының алдын алу еді.
Мұндай кездесулердің басты мақсаты – оқушыларға заңды жаттатып қана қою емес, олардың күнделікті өмірде дұрыс шешім қабылдауына, өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына ықпал ету. Құқықтық сауатты бала өз құқығын біледі, өзгенің құқығын құрметтейді және қауіпсіздік талаптарын сақтауға бейім болады.
Жиын соңында полиция қызметкерлері оқушыларды тәртіпті сақтауға, заң талаптарын құрметтеуге және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы