Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылының аумағындағы «Қыран» дәстүрлі аңшылық орталығында «СОНАР – 2023» халықаралық құсбегілер жарысы өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, республикалық «Құсбегілік» федерациясы, Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырған саятшылар сайысына Қытай Халық Республикасы мен Моңғолия мемлекетінен және еліміздің облыстары мен қалаларынан 100-ге жуық құсбегі қатысты.
Жарыста құстардың аң мен шырғаға түсуін төрешілер мұқият қадағалады. Саятшылық дәстүрді сәтімен жалғастырып келе жатқан қариялар сын-ескертпелерін айтып, ақыл-кеңестерін аямады. «Қыран» федерациясы қоғамдық қорының атқарушы директоры Бағдат Мүптекеқызы аталған жарысқа жас құсбегілердің қатысуын жақсылыққа балады.
– «СОНАР – 2023» турниріне 8 жасар құсбегілер де келіп, бабадан жеткен бекзада өнерді дәріптеді. Әлем бізді осындай ұлттық мәдениетіміз арқылы бағалайды, – деді Бағдат Мүптекеқызы.
Құсбегілер жарысын қорытындылауға облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Алтай Досымбаев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Бүркіттер бәсекесінде Атырау облысынан келген Арман Қошқаровтың «Нарын» атты бүркіті I орынды иеленді. II орынды жамбылдық Серікболсын Жалғасұлының «Жанқияр» атты қыраны еншілесе, III орын Алматы облысынан Мақұтбек Қамбарбаевтың «Ақ балағы» мен Жандос Сұлтанғазының «Мұзбалағына» бұйырды.
Қаршығалар сайысында жамбылдық Берікболсын Бабажаның «Қоймас» атты қаршығасы I орынға шықты. Түркістандық Төремырза Паңның «Шипок» атты қаршығасы II орын, Алматы облысының құсбегілері Абылай Жапардың «Көкжендеті» мен Айдар Бекмұханбеттің «Тұмар» атты қаршығасы III орын алды.
Ителгі сайысында астаналық Ерасыл Серікбектің «Қаракөз» атты ителгісі бас жүлдені қанжығалады. Қарағандылық Таңат Оспанқұловтың «Бұл-Бұлы» II орынды иеленді. Таңат Оспанқұловтың «Тұмары» мен Түркістаннан келген Дәурен Аршынбайдың «Қарақөзіне» III орын бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Мақтау қағаздары, медаль, кубок және ақшалай сертификаттар берілді.
«Сонар» құсбегілер бәсекесі алғаш рет Алматы облысында осыдан 25 жыл бұрын басталды. Кейін ауқымы кеңейіп, еліміздің басқа аймақтарында өтетін болды. Көнеден келе жатқан көшпенді халықтың саятшылық өнеріне жастардың қызығушылығы арта түскен. Солардың бірі – Берікболсын Бабажан. Ол сегіз жасынан бері «Сонар» құсбегілер бәсекесіне қатысып келеді.
– Бұл жолы қаршығамның бағы мен бабы қатар шауып, сайыста топ жарды. Жеті жасымнан қаршыға баптап келемін. Қазір тұз тағысын қолға үйретудің қыры мен сырын жақсы меңгердім. Бұйырса, қаршығам әлі талай сайыста топ жарады деген сенімдемін, – дейді Берікболсын Бабажан.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы