Телефонға бейтаныс нөмірден хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырған адамға бірден сенуге болмайды. Алаяқтар көбіне асықтырып, «шотыңыз бұғатталды» немесе «ақшаңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз» деген сылтау қолданады. Мұндай кезде әңгімені тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз қайта хабарласқан дұрыс. SMS арқылы келген кодты ешкімге айтуға болмайды. Банк картасының нөмірі, жарамдылық мерзімі мен құпия деректері де бөгде адамға берілмеуі тиіс. Әлеуметтік желідегі арзан тауар немесе оңай табыс туралы ұсыныстарға да сын көзбен қараған жөн. Қаржы салуға шақыратын күмәнді жобалардың заңдылығын тексермей ақша аудару қауіпті. Әсіресе «аз ақша салып, көп пайда табасыз» деген уәдеге сақтық қажет. Интернеттегі қауіптің басты қаруы – адамның асығыс шешім қабылдауы. Сондықтан кез келген қаржылық әрекет алдында ақпаратты бірнеше дереккөзден тексеру керек.
Сая ЕРБОЛАТҚЫЗЫ