Ташкентте «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар сабақтастығы» атты Қазақстан мен Өзбекстан жазушыларының халықаралық форумы өтіп, тарихи маңызы зор Ташкент декларациясы қабылданды. Форум аясында Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылындағы № 34 мектепке көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді. Білім шаңырағының кітапхана қорына Алматы облысы атынан 200 кітап сыйға тартылды.

Аталған форумды Өзбекстан Республикасының Мектепке дейінгі және мектеп білімі министрлігі, Мәдениет министрлігі, Ташкент облысының әкімдігі, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одақтары мен Түркі мәдениеті және мұрасы қоры ұйымдастырды. Рухани шара Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, Баку түркологиялық құрылтайының 100 жылдығына және ұлы өзбек ақыны Әлішер Науаидың 585 жылдығына арналды. Негізгі мақсаты – түркі халықтарының ортақ әдеби және мәдени мұрасын кеңінен насихаттау, тарихи-рухани әрі бауырластық байланысты одан әрі нығайту, екі елдің қаламгерлері мен аудармашылары арасындағы шығармашылық ынтымақтастықты дамыту.
Халықаралық форумның өтуіне Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшылары кеңесінің XII саммитінде Әлішер Науаидың мерейтойына арналған халықаралық конференциялар өткізу жөніндегі бастамасы да негіз болды.
Қазақ қаламгеріне құрмет
Форумның салтанатты ашылу рәсіміне Өзбекстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Хайриддин Султанов, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков, Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ералы Тоғжанов, Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің бас директоры Абдусаид Кучимов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, Алматы облысындағы бас медиақұрылым – «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлан Жұрынбаев, екі елдің мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ауқымды шара Ташкент облысы Бостанлық ауданындағы Қараманас ауылында орналасқан Рахметолла Райымқұлов атындағы №34 қазақ орта мектебінен бастау алды. Шара барысында Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік Гимні шырқалып, бұдан кейін құрметті қонақтар өзбек еліндегі қазақ мектебіне Рахметолла Райымқұловтың есімі берілуінің мән-маңызына тоқталып, көпшілік қауымды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Мектеп оқушылары Рахметолла Райымқұлов шығармаларынан үзінді оқыды. Бұдан кейін қазақ қаламгеріне арналған мемориалдық бұрыштың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ерекше толқынысқа толы сәтте жазушының қызы, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова әкесінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы әңгіме өрбітті. Форум аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қорының өкілдері мектеп кітапханасының қорын толықтырып, оқушыларға тағылымы мол рухани мұра тарту етті. Ізгі бастаманың жалғасы ретінде «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлан Жұрынбаев Өзбекстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Алматы облысы әкімдігінің атынан мектеп кітапханасына 200 кітапты салтанатты түрде табыстады. Сонымен қоса, салтанатты шарада Өзбекстан Ұлттық ақпарат агенттігінің Бас директоры Абдусаид Кучимов Өзбекстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған дәріс оқыды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Құлбек Ергөбек пен Нұрғали Ораз көрнекті қазақ қаламгерінің қос елдің әдебиеті мен мәдениетіне сіңірген еңбегінен, шығармашылық мұрасынан сыр шертті.
Философия докторы, қауымдастырылған профессор (доцент), Қазақ ұлттық хореография академиясы кітапханасының директоры Ұлбосын Айымбетова мектеп кітапханасындағы коворкинг-орталығын таныстырып, электронды кітапхана мен мектеп кітапханасының қорын пайдалану бойынша шеберлік сабағын өткізді.
Осылайша Қазақстан мен Өзбекстан жазушылары арасындағы шығармашылық байланыс бауырлас елдер достығының алтын көпіріне айналды.
Шын мәнінде әдебиет пен мәдениет арнасында тоғысқан бауырлас Өзбекстан еліндегі қазақ мектебінің ашылуы – қазақ пен өзбек халықтары арасындағы байланысты нығайта түсетіні сөзсіз. Бұл игі іс – екі елдің білім саласындағы маңызды оқиға ғана емес, қазақ халқының ана тілін, ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасын сақтауға бағытталған қадам. Өзбек еліндегі білім шаңырағында бауырларымыздың тарихи тамыры тереңнен сыр тартатын қазақ тілін еркін меңгеруіне мүмкіндік жасау Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы достықты жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Қараманастағы қазақ мектебі ұрпақтар сабақтастығын сақтап, екі елдің ұлттық құндылықтарын дәріптейтін рухани орда болмақ.
Қос елді жалғаған рухани көпір
Форумның негізгі іс-шарасы 3 қыркүйек күні Ташкент қаласындағы Әлішер Науаи ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Бұл – ұлы ойшылдың рухани мұрасына көрсетілген құрмет қана емес, қазақ пен өзбек халықтарының ғасырлар бойғы әдеби-мәдени байланысының символдық көрінісі болды. Одан кейін Өзбекстан Жазушылар одағында Баку түркологиялық құрылтайының 100 жылдығына арналған архивтік құжаттар фотокөрмесі ұйымдастырылып, Өзбекстан, Қазақстан және Түркі мәдениеті және мұрасы қорының баспа жобалары таныстырылды.
Форумның пленарлық отырысын Өзбекстан Жазушылар одағының төрағасы Сирожиддин Сайид жүргізіп, онда Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің құттықтаулары жолданды. Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев форумның екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты жаңа деңгейге көтерудегі маңызына тоқталды. Ал Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Ташкент декларациясының қабылдануы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.
– Форумның «Түркі әлемінің рухани мұрасы: әдебиет – дәуірлер мен ұрпақтар диалогы» деген атауының өзінде үлкен мән бар. Өйткені әдебиет – халықтың жадын сақтайтын ұлы күш. Сондықтан әдеби мұра – үлкен рухани құндылық. Биылғы форумның тарихи тағылымы да ерекше. 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық конгреске биыл 100 жыл толып отыр. Осыдан бір ғасыр бұрын түркі дүниесінің ғалымдары тіл, әдебиет, мәдениет және руханият мәселелерін ортақ деңгейде талқылау үшін бас қосты. Бүгін, жүз жылдан кейін біз сол тарихи дәстүрді жаңа мазмұнда жалғастырып жатырмыз. Бұрын ғалымдар түркі халықтарының тілдік және ғылыми ортақтығын талқыласа, бүгін біз сол ортақ рухани кеңістікті әдебиет арқылы одан әрі кеңейтуге ұмтыламыз. Осы ортақ дүниенің биік тұлғаларының бірі – Әлішер Науаи. Науаи мұрасы – өзбек халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ қазынасы.
Біздің классикалық әдебиетіміздің даму тарихында түркілік әдеби дәстүрдің орны айрықша. Абайдан бастап кейінгі буын қаламгерлеріне дейінгі қазақ әдебиетінің рухани кеңістігін осы ортақ арнадан бөліп қарауға болмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әдеби байланыстардың болашағы зор деп есептеймін.
Қазақ пен өзбек әдебиетінің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеру үшін нақты жобалар қажет деп санаймын. Осы форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның әдеби ынтымақтастығын нақты мазмұнмен толықтырудың да маңызы зор. Алдағы уақытта екі ел классиктері мен қазіргі қаламгерлерінің шығармаларын өзара аударып, басып шығару, ортақ антологиялармен әдеби жобаларды жүзеге асыру, әдеби кештер мен форумдар ұйымдастыру, шығармашылық делегациялар алмасу, жас ақын-жазушыларды қолдау, әдеби басылымдар арасындағы тұрақты байланысты күшейту – біздің ортақ міндетіміз болуы тиіс. Сонымен бірге, 2027 жылы Өзбекстан жерінде дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ақындарымыз Төлеген Айбергеновтің 90 жылдығы мен Есенғали Раушановтың 70 жылдығын екі ел болып жоғары деңгейде атап өтуге ерекше мән беруіміз керек. Бұл мерейтойлар екі халықтың рухани байланысын бұрынғыдан да тереңдете түсер еді.
Осы орайда бүгінгі басқосуымызда ерекше бір оқиғаға тоқталғым келеді. Ташкент облысының Бостанлық ауданындағы Қараманас ауылында дүниеге келген көрнекті қазақ жазушысы Рахметолла Райымқұловтың есімі осы ауылдағы №34 мектепке берілуі – біз үшін үлкен құрмет әрі зор қуаныш.
Бұл – әдебиеттің шекара танымайтынын, ортақ тарих пен мәдениеттің ұрпақтарды жалғастыратынын көрсететін тағылымды қадам.
Рахметолла Райымқұловтың аты берілген мектеп – қазақ пен өзбек әдебиеті арасындағы алтын көпір. Осы көпірдің ғұмыры ұзақ болсын!
Түркі дүниесінің рухани мұрасы – біздің ортақ байлығымыз. Ал әдебиет – сол байлықты ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін бірден-бір дәнекер. Қаламымыз ортақ мұраттарға қызмет етсін! – деді Мереке Әбдешұлы.
Форум аясында сөз алған Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова бауырлас Өзбекстан халқын ел Тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, форумның түркі халықтарының рухани мұрасын сақтау ісіндегі маңызын атап өтті.
– Кез келген халықтың кемел келешекке нық қадам басуы – ең алдымен оның тілі мен мәдениетінің, тарихы мен дәстүрінің сақталуына, бабадан балаға мирас болған рухани құндылықтарының ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жетуіне байланысты. Өйткені өткенін қастерлеген ел ғана бүгінін баянды етіп, болашағын берік қалыптастыра алады, – деді Ақтоты Райымқұлова.
Ол сондай-ақ Түркі мәдениеті және мұрасы қорының осы бағыттағы жұмыстарына тоқталып, ұйымның түркі халықтарының ортақ мұрасын сақтау мен халықаралық деңгейде дәріптеу жолында жүзеге асырып келе жатқан жобаларын тілге тиек етті.
Қор басшысының айтуынша, соңғы екі жылдың өзінде 200-ге жуық жоба мен бастама жүзеге асырылған. Бұл – түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау мен насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстың ауқымын көрсетеді.
Форум барысында «Өзбекстан мен Қазақстанның әдеби диалогы: ортақ мұра, бүгінгі күн және ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері» атты тақырыптық сессия өтті. Сессияны Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Минхожиддин Ходжиматов жүргізіп, құрметті қонақтарға сөз берді.
Онда екі елдің белгілі жазушылары Әлішер Науаидың әдеби мұрасының жалпыадамзаттық мәні, қазақ және өзбек халықтарының тарихи-әдеби байланыстары, сондай-ақ көрнекті әдебиет өкілдерінің шығармашылық мұрасы туралы ой қозғады. Бахадир Каримов, Нұрбой Жабборов, Қанат Алтынбек, Ергеш Абдувалитов және басқа да қаламгерлер әдебиеттің екі ел арасындағы рухани байланысты бекемдеудегі рөліне тоқталды.
Кейін форум «Түркі әлемінің әдеби ынтымақтастығының жаңа көкжиектері» атты дөңгелек үстелмен жалғасты. Ашық пікір алмасу барысында түркі дүниесінің ортақ әдеби мұрасын сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.
Зиялы қауым өкілдері әсіресе бірлескен антологиялар мен кітап серияларын шығару, аударма ісін дамыту, жас қаламгерлерді қолдау, әдеби мұраны цифрландыру, оны білім беру үдерісіне енгізу және мәдени институттар арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін қалыптастыру жөнінде пікір алмасты.
Ташкент декларациясы – жаңа кезеңнің бастауы
Форумдағы тарихи сәт Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ұзақ мерзімді әдеби және мәдени ынтымақтастықтың нақты бағыттарын айқындауға арналған Ташкент декларациясының қабылдануы болды. Құжатқа Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одақтарының төрағалары мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті қол қойды.
Декларацияның қабылдануы – екі ел қаламгерлерінің шығармашылық байланысын кеңейтіп қана қоймай, ортақ әдеби мұраны зерттеу мен насихаттауға, аударма ісін жандандыруға және жаңа буын шығармашылық өкілдерін қолдауға мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Осылайша, Ташкент төрінде өткен халықаралық форум әдеби басқосудың аясынан асып, қос халықтың тарихи тамырластығын, рухани жақындығын тағы бір мәрте көрсетті.
Ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ-өзбек әдеби-мәдени байланысы бүгінгі таңда жаңа мазмұнмен толығып отыр. Ал Ташкент декларациясы – сол сабақтастықты болашаққа жалғайтын маңызды құжат.
Өйткені әдебиет – шекараға бағынбайтын рухани құндылық. Ол халықтарды жақындастырады, тарихты сөйлетеді, ұрпақтарды сабақтастырады. Осы тұрғыдан алғанда, Ташкентте қабылданған декларация тамыры терең қос елдің ортақ әдеби-мәдени мұрасын дәріптейтін ғана емес, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарын одан әрі жақындастыратын рухани көпірге айналары сөзсіз.
Өзбекстан Республикасы

