Қоғамдағы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әсіресе жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында «Заң мен тәртіп» акциясы аясында Алатау қаласының қызметкерлері мен полиция қызметкерлері бірлесіп, Жетіген ықшамауданында кешкі рейд өткізді.
Рейдтің басты мақсаты – жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, кәмелетке толмағандардың кешкі уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылыққа бейім жасөспірімдерді анықтау және олардың заң талаптарын сақтауына түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Кешкі уақытта ұйымдастырылған рейд барысында мамандар қоғамдық орындар мен жасөспірімдер жиі жиналатын аумақтарды аралап, тәртіпті бақылауға алды. Қызметкерлер жасөспірімдермен кездесіп, олардың кешкі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруінің қауіпсіздік тұрғысынан туындайтын тәуекелдерін түсіндірді.
Сонымен қатар рейд барысында жасөспірімдерге құқықтық сауаттылықтың маңызы айтылып, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлер ата-аналарға да бала тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызын жеткізді.
Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу тек полиция қызметкерлерінің ғана емес, ата-ана, мектеп, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамның ортақ міндеті. Себебі бала қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамау – болашаққа жасалған маңызды қадам.
«Заң мен тәртіп» акциясы аясындағы мұндай бірлескен рейдтер алдағы уақытта да жалғасын табады. Негізгі мақсат – құқықбұзушылықтың салдарымен күресуден бұрын, оның алдын алу, жасөспірімдердің заңға құрметін қалыптастыру және әр баланың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне жағдай жасау.
Заңды құрметтеу, тәртіпті сақтау және қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау – әр азаматтың міндеті. Ал жасөспірімдердің қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Риза САНАҚҚЫЗЫ,
Қоғамдық кеңестің төрағасы