1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің 110 жылдығына орай Кеген ауданындағы Ереуілтөбе ескерткіші алдында азаттық жолында құрбан болған бабалар рухына тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды.
Еске алу шарасына Кеген ауданы әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Батырханұлы, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, ауданның бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы, мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері, еңбек ардагерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Ереуілтөбе – халқымыздың азаттық жолындағы арпалысын айғақтайтын, ел тарихында айрықша орны бар қасиетті мекен. Талай тағдырдың куәсі болған бұл киелі жерде ел мен жердің еркіндігі үшін атқа қонған ерлердің өр рухы мен қайсарлығы бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге болып қалды.
1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысқан боздақтардың рухына ауданның бас имамы Әзім Сатыбалдыұлы Құран бағыштады.
– Тарих өзінің кезеңдерімен халықтың жадында сақталады. 1916 жылы қасиетті Қарқара жайлауында үлкен көтеріліс болды. Сол бір алмағайып кезеңде атқа қонған ата-бабаларымыз ел мен жердің тұтастығын қорғауды, ұрпақтың болашағын аман сақтауды қасиетті борыш санады. Олардың ерлігі – азаттық жолындағы табандылықтың, елдік пен бірліктің жарқын үлгісі, – деді аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман кіріспе сөзінде.
Тағылымды шара барысында Райымбек ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Марат Тақабаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов 1986 жылы Ереуілтөбеде ескерткіш орнату туралы алғашқы ұсыныстар айтылғанын, осы жолда көп жұмыс атқарған Амангелді Бұқабаевтың еңбегіне кеңінен тоқталды.
Бұдан кейін тағылымды шара Қарқара ауылындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Жиналған көпшілік «Тарихқа – тағылым, ұрпаққа аманат» атты кітап көрмесін, «Қарқара жәрмеңкесінің жауһар жәдігерлері» атты Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен өткізілген жылжымалы көрмесін тамашалады.
Сахна шымылдығы ұлт азаттық көтерілісі тарихын зерттеуші-журналист Салтанат Бакееваның арнайы дайындаған «1916 жыл. Азаттық жолындағы күрес» атты бейнекөрінісімен ашылды.
– Бүгінгі басқосудың мәні ерекше. Бұл – халқымыздың азаттық жолындағы жанқиярлық күресін ұлықтап, ел тарихында өшпес із қалдырған тағдырлы кезеңге тағзым ететін, өткенді саралап, кейінгі ұрпаққа тағылым беретін маңызды күн. Өткенін таныған халық қана бүгінгі күннің қадірін біліп, болашағын баянды ете алады. Қасиетті Қарқараның тарихы ұлықталып, Ереуілтөбенің елдік рухы ұрпаққа мәңгілік өнеге болсын! – деді аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Батырханұлы.
Ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушының ұрпағы, белгілі театр және кино актері, «Құрмет» орденінің иегері Омар Қиқым, көтеріліс көсемдерінің бірі Жақыпберді Солтанбекұлының немересі Тұрағалды Төреқұлұлы, еңбек ардагері Сабыр Досымбеков сөз сөйлеп, 1916 жылғы көтеріліске қатысқан ерлердің елдік жолындағы ерлігі мен қайсарлығы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
– 1916 жылғы көтерілісті еске алу – тарихты ұрпаққа аманат ету. Бүгінгі күнге арнайы бейнекөрініс дайындап келдім, қаншама тарихи деректерді тыңдадыңыздар. Болашақта кең көлемде деректі фильм түсіру ойда бар. Бүгінде Ұлт-азаттық көтерілісті жан-жақты насихаттау кемшін қалып барады. «Амангелді» фильмінен кейін осы тақырыпты қаузайтын толықметражды фильм жоқтың қасы. Көрші қырғыз ағайындар азаттық жолында құрбан болған боздақтар үшін «Үркін» атты фильмді әлдеқашан түсіріп қойған. Мектептерде өлкетану сабақтары жүргізіліп, оқушыларды Кеген ауданындағы арнайы тарихи орындарға, мұражайларға экскурсия жасатса, болашақ ұрпақтың санасына титтей де болса патриоттық тәрбиенің дәні себілер еді, – деген Салтанат Әуелханқызы көтерілістің маңыздылығы туралы баяндама жасады.
Тарихи-танымдық шара аясында Кеген халық театрының дайындауымен жазушы Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» шығармасы негізінде жазылған «Қырғын» театрландырылған қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.
Шара соңы ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Тілеулес Құрманғалиев, дәстүрлі әнші, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Қайратбек Бектұрсын және аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы


