Перейти к содержимому

Әжелер салған ән қандай!

157 қаралым

Қазақ қоғамында әженің орны қашанда айрықша бағаланған. Өйткені олар ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті кейінгі ұрпаққа жеткізуші алтын көпір іспеттес. Осындай ұлттық құндылықтарды өнер арқылы ұлықтап, ел арасында насихаттап жүрген Райымбек ауданындағы «Алтын қазына» әжелер ансамблінің орны ерекше.

2008 жылы сол кездегі Нарынқол ауылдық Мәдениет үйінің директоры Жанар Ерғанайқызының бастамасымен құрылған әжелер ансамблінің қазіргі құрамында Алтынгүл Ысқақова, Заида Серғазықызы, Ажар Өмірәлиева, Баян Мұхтарова, Бейсехан Намазбекова, Айкен Бейбітова, Гүлшат Мұқашева, Орынбасар Қаражігітова, Бақытгүл Байболова, Балжан Омарова, Бақыт Қожабекова, Клара Қалиева, Нағима Омарова сынды ақ жаулықты әжелер өнер көрсетеді. Олар ауданның дамуына өз үлестерін қосып, абыроймен зейнет демалысына шыққан жандар.
«Алтын қазына» әжелер ансамблі құрыла салысымен бірқатар байқауға қатысып, облыс көлемінде өз өнерлерін дәлелдеп, әркез ауданға жүлдемен оралып жүр. Өңірлік іс-шаралардан да қалыс қалған емес. Әжелердің өнер ұжымы ән айтудан бөлек, аудандағы қоғамдық жұмыстарға да
белсене атсалысып, көмекке мұқтаж азаматтарға қолын созып, жас отбасыларға ақыл-кеңестерін айтып, ауданның ұйытқысы болып отыр.
Белсенді өмір салтын таңдаған әжелердің сахна төрінде жарқырап жүргендерін бала-шағалары да қос қолдап қолдайды. Аңқылдаған ақ көңіл әжелеріміздің өнеріне халық та ерекше сүйсінеді. Олардың осынау өнер құндылығын дәріптеп, ұрпаққа үлгі болып жүргеніне лайықты қолдау көрсетіп жүрген аудан азаматы, кәсіпкер Тілек Юсуповқа қазыналы қарттардың айтар алғысы шексіз. «Алтын қазына» әжелер ансамблінің сахналық образдары да көздің жауын алады. Ұлттық нақыш­тағы киімдерді ансамбль мүшелері өздері дайындайды.

Өнерлі әжелер­дің алды сексеннің сеңгірінен асқан. Олар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ұлттық өнерді ұлықтап, дәстүрлі әндерге жан бітіріп, әуезді үндерімен халық ықыласына бөленіп жүр. Сахна мәдениетіне де бір кісідей мұқияттылықпен қарап, өнердің парқын біліп, сахнаның киесін ерекше қастерлейді. Ән айтудан бөлек, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлеріне негізделген қойылымдар қойып, дәстүрді жаңғыртып жүргендері тағы бар.
Әжелер ансамблінің алдағы шығармашылық қадамына серпін беретін тағы бір маңызды мәселе – ұжымға жасалатын қолдау. Өйткені аудан көлеміндегі мәдени шаралардан бөлек, түрлі байқаулар мен концерттерге қатысу үшін елдімекендерге шығуға тура келеді. Осындай сәттерде ансамбль мүшелерінің сапарын ұйымдастыруға қолайлы жағдай жасалып, көлік мәселесі тұрақты шешімін тапса, бұл өнер ұжымының жұмысын едәуір жеңілдетер еді. Сондай-ақ сахналық киім мәселесі де назардан тыс қалмағаны жөн. Әжелердің ақ жаулығы мен ұлттық киімінің жарасымды үйлесуі көрерменге эстетикалық әсер сыйлап қана қоймай, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың көрнекі үлгісі болмақ. Осындай ұжымдарға жасалған жан-жақты қолдау – өнерге ғана емес, елдің рухани қазынасына көрсетілген құрмет.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑