Перейти к содержимому

Табиғат сақшысы

140 қаралым

Бір басында тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қасиет тоғысқан, қырық жылдан астам уақыт жасыл желекті қорғауға үлес қосқан, яғни орманшы болып жұмыс істеген, есімі жақсылар мен жайсаңдар қатарында аталып жүрген ардақты азаматтың бірі – Жанат Демежанұлымен жүздесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Өмірімнің жастығын, қарттығын да осы сұлу өлкеде өткізіп келемін. Бүгінгі таңда жетпіс бестемін. 1969 жылы Кеген қазақ орта мектебін тәмамдап, сол жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылығы институтының орман шаруашылығы факультетіне оқуға түстім. Студенттік жылдарым мені таңдаған мамандығымның қыр-сырына баулып, табиғатты аялаудың, орман байлығын сақтаудың маңызын терең ұғындырды. 1975 жылы жоғары оқу орнын ойдағыдай аяқтап, туған өлкеме оралдым. Сол кезде Кеген орман шаруашылығының басшысы, елге сыйлы азамат Шәріп Мықитанов ағамыз болатын. Ол кісі әке-шешемді жақсы танитын, бірге еңбек еткен жандар. Мамандығымды аяқтағанымды ести салысымен, маған арнайы шақырту жолдап, туған жерімде еңбек жолымды бастауыма мүмкіндік жасады. Бұл мен үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік болды. Осылайша бір мекемеде табан аудармастан 42 жылға жуық қызмет атқардым, – деді ағамыз өткен күндерді сағынышпен еске алып.
Жанат Демежанұлы мамандығы мен кәсібіне қарай тапсырылған қай істі болсын ынтасымен атқарды. Орман шаруашылығын дамы­туға күш-жігерін аямады. Өз ісінің шебер ұйымдастырушысы ретінде ол Тұйық орманшылығында 1975 жылға дейін қызмет істеп, одан кейін Қарқара орман бөлімшесі директоры болды.
– Орман шаруашылығында 1978 жылға дейін бас­шы болып қызмет істедім. Сол кезеңде Шәріп Мықитанов зейнеткерлікке шығып, оның орнына Ұзынбұлақта жұмыс істеп жүрген Бекболат Дауылбаев басшы болып келді. Мені орталыққа шақырып, кеңседе инженер қызметін атқардым. Орман – еліміздің тынысын ашатын өкпесі. Әр тал, әр көшет – елдің тағдыры. Ел ертеңі үшін еңбек етіп жатқан бүгінгі әріптестерімнің жұмысына сәттілік тілеймін! – дейді ол.
Туған жерінің табиғатын сүйіп өскен Жанат ағамыз зейнетке шықса да, орман шаруашылығынан қол үзбей, ізбасарларына ақыл қосып, кеңес берді. Ол орман ісінің жаңа буын мамандарын әзірлеуге ерекше көңіл бөлді. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, көптеген Алғыс хат пен Құрмет грамотасына ие болды. Орман шаруашылығының майталманы, Кеген және Райымбек ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жанат Демежанұлы елі мен жері үшін шынайы пейілімен қызмет етті.
Отбасында да өнегелі отағасы болды. Зайыбы Күләш Бейсенбетова екеуі 1977 жылы отбасын құрып, бү­гінде елге еңбек сіңіріп жүрген ұлықты ұл, қылықты қыз тәрбиелеп өсірді. Бұлардан тараған немерелері – ата-апасының көз қуанышы.
Алпыстың асқарына мойымай көте­ріліп, жетпістің бесеуіне келген Жанат Демежанұлы туралы айтылар тағылымды әңгіме таусылмайды. Себебі елге табан ақы, маңдай терін аямаған еңбек адамы қашанда халқымен бірге жасай береді.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑