Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қонаев: Шеңгелдіде ауыз су желілері жаңартылады

Қонаев: Шеңгелдіде ауыз су желілері жаңартылады

52 қаралым

Қосқұдық ауылының тұрғындарымен кездескен Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелді ауылдық округіндегі инфрақұрылымды дамыту жоспарларын таныстырды. Кездесуде ауыз сумен қамту, газдандыру, жол, абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.

Басты жобалардың бірі – Шеңгелді, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарындағы ауыз су желілерін қайта құру. Жоба мемлекеттік сараптамадан өтіп, биыл жұмыстарды бастау жоспарланған. Реконструкция сумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттырып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

«Тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Үш ауылдағы желілерді жаңғырту арқылы сумен қамту жүйесінің сенімділігін арттыру көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасады», – деді Асхат Бердіханов.

Инфрақұрылымды жаңарту аясында округтегі елдімекендердің сыртқы жарықтандыру жүйесін кеңейту де жоспарланған. Шеңгелді, Кербұлақ, Сарыбұлақ, Ақөзек және Қосқұдық ауылдарындағы 88 көшеге ұзындығы 68,3 шақырым жарық желісін салу жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта құжаттар мемлекеттік сараптамадан өтіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Қоғамдық көлік инфрақұрылымын жақсарту бойынша биыл округтің бес елдімекеніне 21 жаңа автобус аялдамасы орнатылды. Балаларға арналған инфрақұрылым да кезең-кезеңімен жаңартылуда. Шеңгелдідегі екі көшеде ойын алаңдары орнатылды. Тағы бірі Кемел Тоқаев көшесінде салынып жатыр. Қосқұдық, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарында да ойын және спорт алаңдары орнатылып, қолданыстағы нысандар жөндеуден өтуде.

Қауіпсіздік бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Демеушілердің қолдауымен Шеңгелді ауылында екі өрт сөндіру техникасына арналған жаңа бекет салынды. Нысанда арнайы техникаларға арналған орын, жеке құрамның демалыс бөлмесі, оқу сыныбы және жаттығу алаңы бар.

Ал қоғамдық тәртіпті күшейту және жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру үшін округ аумағына 66 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған. Қазір камералар қойылатын орындар анықталып, қажетті жабдықтар сатып алынуда.

Газдандыру да тұрғындар көтерген негізгі мәселелердің бірі. Шеңгелді ауылына дейін автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сонымен қатар ауылдарда ішкі газ желілерін тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Кездесудің екінші бөлігінде тұрғындар қала әкіміне өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізді. Газ сатып алу, ауылішілік жолдардың жағдайы және теміржол бойындағы жаяу жүргіншілер жолын жөндеу жөніндегі ұсыныстар айтылды.

Қала әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы жауапты бөлімдермен бірлесіп қаралатынын атап өтіп, оларды шешу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетінін жеткізді.

↑