Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болуы тиіс

Күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болуы тиіс

65 қаралым

«Тазалық – тәртіптің бастауы, ал тәртіп – өркениетті қоғамның негізі». Бұл қағида бүгінде әрбір елдімекеннің даму бағдарына айналып отыр. Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы – қоршаған ортаны қорғауға бағытталған кезекті науқан ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті арттыруға үндейтін ауқымды қозғалыс. Бағдарлама басты мақсаты – әр азаматтың туған жерге деген жанашырлығын оятып, заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпті күнделікті өмір салтына айналдыру.
«Туған жердің тазалығы – әр азаматтың парасаттылығының өлшемі» деген қағиданы басшылыққа ала отырып, Қаракемер ауылдық округінде акция басталғалы бері жүйелі әрі нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырып келеміз. Табиғатты қорғау, елдімекендерді абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қоғамдық тәртіпті нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар ауыл тұрғындарының ортақ жауапкершілігі мен ұйымшылдығын айқын көрсетуде.
Жыл басынан бері округте 30–дан аса сенбілік өткізіліп, оған 10 мың тұрғын белсене қатысты. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншіліктің сөзбен емес, нақты іспен дәлелденіп жатқанын көрсететін жарқын мысал. Әрбір сенбілік – ауылдың көркеюіне қосылған үлес, әрбір тазаланған көше – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің айғағы. Бүгінде біздің аумағымыздағы көшелер мен қоғамдық орындар тазартылып, жол жиектері ретке келтірілді, арық жүйелері тазаланып, қоқыс орындары жойылды. Бұл жұмыстар тек сыртқы келбетті көркейтіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға да оң ықпалын тигізуде. Табиғатты қорғау – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы үлкен жауапкершілік. «Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығы бүгінде өзінің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеуде.
Тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Қоршаған ортаны қорғау, қоқысты белгіленген орындарға шығару, қоғамдық орындарды таза ұстау жөніндегі ақпараттық жұмыстар тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға ықпал етуде. Себебі тазалық – бір күндік шара емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болуы тиіс.
«Болашақ бүгіннен басталады» десек, бүгінгі тазалық пен тәртіп – ертеңгі гүлденген ауылдың, көркейген елдің және экологиялық қауіпсіз қоғамның негізі. Қаракемердегі игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, туған жердің ажарын аша түсетініне, тұрғындардың бірлігі мен жауапкершілігі нығая беретініне сенімім мол.

Азамат ӘДІЛХАН,
Қаракемер ауылдық округі әкімінің орынбасары
Еңбекшіқазақ ауданы

↑