Бүгінде жасөспірімдерге қауіп тек көшеден емес, интернет кеңістігінен де келуі мүмкін. Әсіресе алаяқтардың түрлі айласына алданып қалу немесе есірткінің зиянын елемеу баланың болашағына әсер ететін мәселелердің бірі.
Осыған байланысты 25 қыркүйек күні Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Қырғызсай орта мектебінде оқушылармен кездесіп, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Кездесуге криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Манап Абай Жанатқанұлы, полиция аға лейтенанты Қасымханов Сағи Сакенұлы және полиция капитаны Сыдықова Асем Нұрболқызы қатысты.
Әңгіме барысында оқушыларға соңғы уақытта жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың түрлерін түсіндірді. Бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, өзін банк қызметкері ретінде таныстыратындар, күмәнді сілтеме жіберіп, жеке мәліметтерді алуға тырысатындар бар. Сондықтан оқушыларға бөгде адамдарға жеке деректерін бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және бейтаныс хабарламаларға сақтықпен қарау қажеттігін мамандар қатаң ескертті.
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы – есірткі мен нашақорлықтың алдын алу. Полиция қызметкерлері есірткінің адам денсаулығына ғана емес, оның өмірі мен болашағына да кері әсер ететінін айтып, есірткіге қатысты кез келген әрекеттің заң алдындағы жауапкершілігі бар екенін түсіндірді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ
Ұйғыр ауданы
