
Алматы облысында Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы Көкбастау атырабын думанға бөлеп, дүркіреп өтуде. Тау баурайында 50-ге жуық ақшаңқай киіз үй тігіліп, өнерпаздар ұлттық аспаптардан жыр төгілтіп, салт-дәстүрді айшықтайтын көріністер жиналған қауымның рухын оятты. Көркемөнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің, асылтұқымды жылқы мен тазының көрмесі ұйымдастырылып, спортшылар ұлттық спорт түрлерінен сынға түсіп жатыр. Сарқылмас жыр бұлағына айналған ұлы тұлғаның шығармашылық мұрасы кеңінен насихатталып, айтыс өнерінің мән-маңызы кеңінен дәріптелуде. Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойы да назардан тыс қалмай, кинорежиссердің туындыларынан үзінділер қойылып, театрландырылған көрініс көрермен назарына ұсынылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Думанды мерекеге мәдениет және қоғам қайраткерлері, жыршы-термешілер, айтыскер ақындар, облыс басшылығы, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Алғаш болып сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев тойға жиналған халыққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Жамбыл Жабаев – ұлт мәдениетінде ерекше орны бар тарихи тұлға, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Әйгілі жыршы шоқтығы биік шығармалары арқылы отаншылдық пен ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді. Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы ақынның туындылары көптеген шет тіліне аударылып, барша адамзатқа ортақ қазынаға айналды. Қос ғасырдың куәсі болған жыр алыбының мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз», – делінген хатта.Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов өз сөзінде Жамбыл Жабаевтың қазақ руханияты мен ақындық өнерінде алатын орнына тоқталды. «Жамбыл – қазақтың сөз өнерінде айрықша орны бар дара тұлға. Атақты Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғасырға жуық ғұмырында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт мұратын жырына арқау етті. Жамбыл бабамыздың есімі уақыт өткен сайын халықпен бірге жасай беретін рухани құндылық. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Бірақ елге қызмет еткен, халықтың сөзін сөйлеген тұлғалардың орны әрқашан жоғары. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, жылдар өткен сайын Жамбылдың тұлғасы да тереңірек таныла түсетіні сөзсіз. Ал сіз бен біздің парызымыз – бабадан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Жыр алыбының өсиеті мен өнегесі ұрпақ санасында жаңғырып, мәңгілік жасай берсін», – деді Шыңғыс Сайранұлы. Айта кетейік, Жамбыл Жабаевтың мерейтойына арналған шаралар легі жыл басынан бері толастаған жоқ. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі, халықаралық деңгейдегі тағылымды кештерде ақынның өмірі мен шығармашылығы кеңінен насихатталды. Мәселен, Бейжіңде «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты тағылымды шара өтсе, Сүйінбай атындағы мемлекеттік академиялық филармониясында «Ата толғауы» атты салтанатты концерт ұйымдастырылды. Күні кеше Ұзынағаш ауылындағы халықаралық ақындар айтысында сөз зергерлері бәсекеге түсті. Жүйріктердің өнерін Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы бағамдап, суырыпсалмалық шеберлігіне төрелік етті. Жарыс қорытындысында бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан жеңіп алып, сужаңа автокөліктің иесі атанды. Бірінші орынды Қырғыз елінен келген Кутман Садыбакасов еншіледі. Екінші орын Қазырет Бердіхан мен Нұрбол Жауынбаевқа бұйырса, үшінші орынды Болат Ахметов пен Ұларбек Минатхан өзара бөлісті. Ал бүгін мерейтой Жамбыл ауданындағы Көкбастау ауылында ең ауқымды шарамен жалғасын тапты. Дүбірлі тойға 25 мыңға жуық халық жиналды.
