Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында жылына 400 тонна балық өндіретін кәсіпорын ашылды

Алматы облысында жылына 400 тонна балық өндіретін кәсіпорын ашылды

54 қаралым

Алматы облысының Іле ауданында жылына 400 тонна балық өндіретін «Бақыт» кәсіпорны іске қосылды.  Инвестиция құны – 500 млн теңге. Мұхаметжан Түймебаев ауылында ашылған шаруашылықта балық өсірумен қатар, ол үшін қажетті тор қоршау мен оның бөлшектері жасалады. Кәсіпорын – аталған құрал-жабдықтарды шығаратын еліміздегі алғашқы өндіріс ошағы, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Салтанатты рәсімге Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтады. 

«Бұл жоба – өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытуға, отандық өндірісті қолдауға және ауыл экономикасын нығайтуға бағытталған маңызды бастама. Бүгінде кәсіпорын өнімдері Алматы облысынан бөлек, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан, Батыс Қазақстан мен Жетісу облысының балық шаруашылықтарына жеткізіліп, пайдаланылуда. Бұл отандық жабдықтарға сұраныстың жоғары екенін және кәсіпорынның еліміздегі балық шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді. «Бақыт» шаруашылығы алдағы уақытта өндірісін кеңейтіп, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп сенемін», – деді Бақытнұр Бақытұлы. Сондай-ақ ол Алматы облысында бұл саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Айтуынша, биыл өңірде балық шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңге субсидия бөлінді. Бүгінде облыста 53 балық өсіретін шаруашылық жұмыс істейді. Былтыр өңірде 5,8 мың тонна балық өндірілді. Биыл оның көлемін 10 мың тоннаға, ал 2030 жылға қарай 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бүгін ашылған «Бақыт» шаруақожалығы осы мақсатты жүзеге асыруға, ауылда кәсіпкерлікті дамытып, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорында балықтар көлдің ортасында арнайы тор қоршауда өсіріледі. Шаруақожалық басшысы Бақыт Алдыбаевтың айтуынша, әуелі салмағы 200 грамм шабақ суға жіберіліп,  3 айдың ішінде 2,5-3 келі тартатын балыққа айналады. Балықтарға экологиялық таза жем беріледі. Кәсіпорын қазірдің өзінде 100 тоннадан астам өнім алып үлгерді. Ол үшін 12 тор қоршау қолданылды. Келесі жылы балық көлемін 400 тоннаға жеткізіп, қоршауды 30-ға көбейту жоспарланып отыр. Мұнда кәсіби мамандардан құралған 15 адам жұмыс істейді. Олар балықтың жағдайын қадағалайды. Қазіргі таңда шаруашылыққа қажет қоршау кәсіпорынның өзінде жасалады. Ал тор шетелден импортталады. Болашақта тор тоқитын цех ашып, өндіріс орнын көбейту жоспарлануда. Сол кезде жұмысшылар саны 45-50 адамға көбейеді. 
Кәсіпорынның ашылғанына М.Түймебаев ауылының тұрғындары дән риза. Солардың бірі – Әмзе Исаев.

«Ауылымызда осындай игі жобаның іске асырылып жатқаны – құптарлық іс. Бұл елдімекен тіршілігіне жан бітіріп, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Ауылымыздағы көлде кезінде балық шаруашылығы жақсы дамыған. Бірақ кейін қиын кезеңдерде тұралап қалды. Бұл бастаманың қайта жанданып жатқанына қуаныштымын», – деді тұрғын.

↑