Бұл туралы облыстық AMANAT партиясының Партиялық бақылау комиссия отырысында белгілі болды.
Өңір бойынша азық-түлік тауарлары, дәрі-дәрмек, жанармай бағаларын тұрақтандыру мақсатында партия жанынан мониторинг топтары жұмыс атқаруда.
«Жыл басынан бері мониторинг топтары 749 нысанға барды. Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында біз кейбір сауда орталықтары мен үй маңындағы дүкендерді араладық. Ірі сауда нүктелерінде тауарлардың кейбір түрлеріне бағаның өсуі байқалады. Талдау көрсеткендей, пияз, қырыққабат, ұн, айран секілді өнімдердің мамыр айларында бағалары жоғарылғаны байқалды», – деді партияның Алматы облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Амангелді Сембаев.
Аманаттықтар атап өткендей, сауда нысандары әлеуметтік маңызы бар 20-ға жуық азық-түлік тізбесіндегі тауар бағасының өсуіне жол бермеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда олар өңірлік бәсекелестікті қорғау және дамыту депараменті немесе тұтынушылар құқығын қорғау департаменті сияқты құзыретті мемлекеттік органдардан айыппұл арқалауы мүмкін.
Сонымен қатар, облыста 2023-2027 жылдарға арналған «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасының уәделерін орындау барысын жүйелі бақылап отыру үшін 38 партиялық бақылау бекеттері бар. Бұл ең алдымен орындалмау қаупі бар әлеуметтік нысандарда ашылды. Баннер шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері орнатылған.
«Партиялық бақылау бекетінің басты мақсаты – құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақытылы берілуіне мониторинг жұмыстарын жүргізу. 40-қа жуық бекетке комиссия мүшелері айына бір реттен барып жұмыс сапаларын тексереді», – деді Амангелді Сембаев.
Айта кету керек, биыл партиялық бақылау комиссиясы облыста көтерілген 12 резонанстық мәселеге назар аударып, оның шешілуіне атсалысты.