Перейти к содержимому

Кітапқа құштарлық

49 қаралым

Жамбыл ауданы Мәтібұлақ ауылдық кітапханасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың танымдық қабілетін дамыту және ұлттық руханиятты дәріптеу мақсатында мәдени-танымдық кеш өтті.

Шараға аудандық кітапхана директоры Аяужан Сәдуақасова мен өңірдегі кітапхана қызметкерлері қатысты. Іс-шараның маңызды сәттерінің бірі оқырмандардың білімге құштарлығын арттыруға, жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтуге бағытталған «Зерде» үйірмесінің ашылуы болды. Алдағы уақытта үйірме аясында оқырмандардың зияткерлік әлеуетін дамытуға, білімге деген ынтасын арттыруға бағытталған түрлі танымдық жұмыстар жүргізілмек.


Шара барысында кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Кештің екінші бөлімінде жиналған көпшілік қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Алты жасар Алпамыс» көркем фильмін ашық аспан астында тамашалады.
«Зерде» үйірмесінің ашылуы болашаққа бағытталған маңызды қадам болса, кітап көрмесі мен ашық аспан астындағы кино көрсетілімі рухани құндылықтарды дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды.
Мәтібұлақ ауылдық кітапханасы алдағы уақытта да оқырман қауымға арналған мазмұнды мәдени-танымдық шараларды жалғастырып, кітап пен руханиятты насихаттау бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жүргізе береді.

Гүлзира Керімқұлова,
Мәтібұлақ ауылдық кітапханасының қызметкері
Жамбыл ауданы

↑