Перейти к содержимому

Табандылық – табыс кілті

29 қаралым

Ел егемендігінің арқасында кәсіпкерлікке батыл бетбұрған қыз-келіншектер айналамызда аз емес. Осы тізімнің басында «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы» ЖШС директоры, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі және І, ІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгісінің иегері Ләззат Ботабекованы мақтанышпен айтамыз. Кәсіпкердің Райымбек ауданындағы «Ойқарағай» көмір кенішінің жұмысын жолға қойып, халықты қатты отынмен қамтамасыз етіп келе жатқанына ширек ғасырға жуықтады. Осы уақыт ішінде бұл саладан мол тәжірибе жинақтап, өзіндік мектеп қалыптастырды.

Мынадай сәйкестікке қарап сүйінесіз. Бір отбасында елге есімі белгілі екі кәсіпкер ажырамас жұп құрап, бақуатты да бақытты өмір кешуде. Балаларды өсіріп, балдай тәтті немере сүйіп, бұйырған несібені бөлісуде. Құтты шаңырақтың отағасы Тоқан Ботабеков Іле ауданында орналасқан «ВТК GROUP» компания­сының негізін қалады. Мәскеудің жоғары оқу орнын бітіріп, Алматы құрылысында шыңдалған бесаспап маман. Ал Ләззат Қайсарқызы – Алматы халық шаруашылығы институтының түлегі. Есеп-қисапқа жүйрік бірегей экономист. Олар бір-біріне ақыл қосып, ой-танымдарын үнемі байытып, толықтырып отырады.
Өмірдің өзгермейтін заңдылығы бар. Жеміс тақыр жерге өспейді. Әр нәрсенің тереңнен тамыр тартқан негізі болады. Ләззат Қайсарқызы да жастайынан еңбек етуге ерекше ден қойды. Әкесі Қайсар Молдабекұлы, анасы Панаркүл Нұрқаділқызы бала тәрбиесін басты назарда ұстауды ұмытқан емес. Әкесі – науқандық қарбаластан қолы тимейтін агроном. Кейін кеңшарды басқарды. Ал анасы – есепші. Қағаз ақтарып, шот қағып, сегіз сағат кеңшардың кеңсесінен шықпауға дағдыланған. Олар осындай қиындықты сылтауратпай, балаларының оқуы мен тоқуына жіті көңіл бөлді. Жүріс-тұрысын қатаң бақылауда ұстады. Ұрпақтың болашағы ең алдымен өздеріне керек екенін қапысыз ұқты. Ата дәстүрден айнымады.
– Әкем Қайсар Молдабекұлы төзімді де сезімді, аса сабырлы, көркем мінезге бай адам еді. Сергектігімен көпшілікті баурайтын. Ертеңін бүгін болжайтын. Бастық болғанды артықшылық деп түсінбеді. Балаларын еңбек етуге дағдыландырды. Сол үшін арнайы кесте жасап, күн сайынғы міндетімізді белгіледі. Кім не бітірді, кешке қарай нәтижесін мұқият тексеретін. Балалардың үлкені менмін. Бейнелеп айтқанда, сынып старостасы сияқтымын. Інілеріме шамасына қарай жұмыс тапсырамын. Оның ішінде сабаққа сапалы дайындалу бірінші орында тұрады. Үй толған кітап. Ол жерден қажет оқулықты да, керек әдебиетті де қиналмай табасың. Әкем бізді қамшылап алға сүйреді. Жүйелі тәрбиенің арқасында бәріміз жоғары оқу орнына түсіп, бір-бір маман атандық. «Қайсардың ұл-қызы әкесіне тартпапты» дегізбедік, – деп Ләззат Қайсарқызы өткен күндердің ұмытылмас сәттерін есіне түсіреді.
Райымбек ауданына қарасты Текес ауылында тұратын көнекөздер Қайсар Молдабекұлын сағына еске алады. Кеңшар тұрғындары ол кісіні бастығы емес, бауырындай көріп, жанына жақын тартқан. Директор шаруашылық өміріне біржақты қарамаған. Адамдардың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына жанашырлықпен көңіл бөлуді парыз санаған. Жұмысшылардың әрқай­сысымен тізе қосып, емен-жарқын әңгімелесуді әдетке айналдырған. Кемел ойға, келелі ұсынысқа кедергі келтірмеген. Замандастарының Қайсар Молдабекұлына берген бағасы осындай.
«Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі «Нағыз қазақ – қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыраны» бекер айтқан жоқ. Менің қара домбырамен сырласқаным – әртіс болуды аңсағанымнан емес. Қазақтың көркем сазымен жандүниемді байытуға тырыстым. Домбырамен үндескен жан ең алдымен жүректің дауысына құлақ түреді. Сондықтан Текесте музыка мектебін ашуды армандап, оның жобасын тиісті орындарға ұсындым. Ауылда мамандар жеткілікті. Текестіктер өнер байқауларында ешкімге дес бермейді. Екінші мәселе, ұлттық әдебиетті құрметтейтін зиялылық керек. Қарап тұрсаң, Аспантау өңірінен түлеп ұшқан Бердібек Соқпақбаев пен Мұқағали Мақатаевтың өзі-ақ ұлан-ғайыр мысалдарға негіз. Ал ақын құрдасым Еркін Ібітановке дән ризамын. Асқан дарынды қалпымен Алматыға бармай ауылды қолдады. Жас таланттардың қанатын қатайтты. Оны сол үшін төрімнен түсіргім келмейді», – деп отырады екен, жарықтық! «Қайсар ән салғанда құлақтың құрышын қандыратын еді» дейді білетіндер. Қайсар аға небәрі қырықтың ішінде дүниеден озыпты.
–Асқар тауымыздай көрінген асыл әкенің қазасы бізді есеңгіретіп жіберді. Балалары қанаты қатаймаған күйде аңырап артында қалды. Анам да шарасыз халде күйзелді. Бірақ қайғының соңы қайратқа тіреледі. Белді бекем буып, қиындықтармен күресуге тура келді.


Оңашада ойға шомып, әкемнің айтқан ақыл-кеңесін қайтадан бір сұрыптап, ақыл таразысына саламын. Әр сәтінің астарына үңіліп, көңілге тоқимын. Асыл әкем қамшы сабындай ғұмырдың бір күні аяқталарын сезгендей, небір терең пәлсапаларды біздің бойымызға сіңіруге тырысқан екен. Басты байлық қалтадағы қаражаттан бұрын үлкеннің өнегесі, атадан балаға ауысатын абыройлы жол екенін ұқтым. Қоржыныңды білімге толтырып еңбегіңді еселесең, төзіміңді берік етіп намысыңды өткірлесең, алмайтын қамал жоқтығы белгілі болды. Әкем «Біздің әулет – тау жайлаған жұрттың аймаңдай ақылшысы, елін жерұйыққа бастаған Шоған абыздың ұрпағы. Сен де соған лайық болуды ұмытпа» дейтін. Сөйтсек жанымызға жақын осындай сөздермен бізді қамшылапты ғой, – дейді Ләззат Қайсарқызы ішкі тебіренісін жасыра алмай.
Сол кезде оның ойына әкесіне ұқсап агроном болу арманы бүр жарғанын біреу білсе, біреу білмейді. «Шырағым, меніңше мұндай іс қыз балаға қолайсыз. Кейін икеміңе келмей, қиналып жүрме» дегенді анасы Панаркүл жанашырлықпен айтқан. «Анашым, әкем атына заты сай қайсар болды. Артымнан ерген төрт інім бар. Қазақта атқа мінген арулар аз болмаған. Бағымды сынап көруге рұқсатыңды бер», – деген қызының қалауына анасы қарсы тұра алмай үнсіз басын изеді.
Әрі қарайғы әңгімеге отағасы Тоқан Көкенұлы араласып, жұбайына қатысты біраз жайды ортаға салды.
– Анамыздың қыз бала үшін агро­номдықты ұнатпағаны түсінікті. Алайда Ләззат та айтқанынан қайтпайды. Өйткені ол заманда бұл мамандықтың беделі мен дәрежесі үлкен еді. Агрономды өсу баспалдақтары күтіп тұратын. Сондықтан Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына құжаттарын тапсырады. Бәсеке сұмдық! Бір орынға жиырма адамнан асып кеткен. Оның ішінде арнайы жолдамамен келгендер, әскерден оралғандар, екі-үш жылдық жұмыс өтілі барлар өздерінше бір төбе. Мектепті жақсы бітірген қыздың агроном болуды армандағаны анасының ғана емес, профессорлардың да көңілінен шықпады. Не керек, көп сылтаудың біріне жатқызып, емтиханды ойдағыдай тапсырған талапкерді конкурстан өткізбей тастайды. Оған Ләззат өкінеді, керісінше анасы қуанады, – дейді Тоқан аға әзіл-шынын араластырып.
«Қызым, несіне абыржисың?! Ауыл шаруашылығы институты болмаса, халық шаруашылығы институты бар. Соның кешкі бөлімі талапкерлер құжатын қабылдап жатыр. Мен білсем, емтиханнан қамшы салдырмай өтесің. Анаң секілді экономист атансаң несі жаман?! Мамандық алуда әкеге тартып туу шарт емес шығар?» – деп анасы алтын қызының маңдайынан еркелете иіскейді.
Оқуға түскенімен, екі мәселе алды­нан шығады. Институттағы сабақ күн сайын жалғасады, бірақ тек кешке қарай. Осыған байланысты қайтып ауылға кете алмайсың. Енді ретін тауып қаланың тұрғынына айналып, осын­дағы пәтерге тіркелуің керек. Одан кейін лайықты жұмыс іздейсің. Ол маман­дығыңа сәйкес келсе тіптен жақсы.
Ләззаттың бас сұққан алғашқы меке­месі «ГипроНИИХиммаш» жобалау институты болды. Кадрлардың дені орыс ұлтынан еді. Алматының ол кездегі мұндай сипатына ешкім таңғалмайтын. Кезінде әкесінің ақылын тыңдап, ауылда жүріп-ақ орысшаға төселгені пайдасын тигізді. Оның үстіне анасына көмектесіп үйренгені бар. Ас үйден қолы тимегенде анасы есепшілік жұмыстарының жеңіл-желпі тұстарын реттеп жіберуді қызына тапсыра қоятын. Қабілеті мықты қыз ақыл-кеңесті бірден қағып алатын. Міне, енді қызметке қабылдаушы мамандар Ләззаттың тапқырлығы мен самдағайлығына тәнті болғанын жасырған жоқ.
Бәрі сәтімен жалғасып, әрі қарай «Алматыжилстрой» трест басқар­масында экономист болып еңбек етті. Жан-жақты шыңдалған тұста оны қызметке шақыратын ұжымдар көбейеді. Алматы қалалық әкімшілігінің тұрғын үй коммуналдық бөлімінде инспектор болды. Мемлекет қызметкері ретінде сынақтардан өтіп, күрделі ұйымдастыру жұмыстарына қатысады. Қоғамдық қарым-қатынастардың этикасы мен мәдениетін меңгерді. Бүгін мен болашақты салыстыра қарап, өзіндік ой түйіп, пікір қалыптастыратын деңгейге көтерілді. Осының бәрі үлкен кәсіптің тізгінін ұстауға арналған дайындық еді.
2000 жыл Ләззат Қайсарқызы үшін нағыз сындарлы кезең болды. Себебі дәл осы шақта оған отын-энергетикалық компанияның болашағы мен тағдыры сеніп тапсырылды. Аспантау сілемдеріне жататын «Ойқарағай» көмір кенішінің жұмысын жүргізу қажет болды. Сол кезде Ләззаттың ойына қайта-қайта әкесі орала берді. «Тартынба, қызым, сенің бойыңда мақсатына жетпей қоймайтын күш бар. Ол бір күнде қалыптасқан жоқ. Жас кезіңнен сабыр мен салауатты қатар ұстап, ақылың мен қайратыңа иек артып үйрендің. Сондықтан өмірдің өзі саған көтере алатын жүкті ұсынып отыр. Бағытың дұрыс, алға!» деген дауыс құлағына келгендей ширықты.
Айтпақшы, тағы бір әсер оны барын­ша шыңдап еді. Жұбайы Тоқан Көкенұлы «BTK GROUP» компаниясы атанған заманауи кірпіш зауытын құрғанда осы іске кеңесші болған. Сондағы байқағаны, мамандық пен кәсіпкерліктің сыртқы сипаты ұқсастау болғанымен, сыры бөлек дара ұғымдар екен. Мамандық бір саланы ғана жақсы меңгерумен шектеледі. Ал кәсіпкерлік – ондаған мамандықты ортақ пайда табуға үйлестіретін оркестрдің дирижері іспетті әмбебап қабілеттің иесі. Еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық қатынастарға қайта оралғанда мықты мамандар мықты кәсіпкер бола алмай сыр алдырды. Мезгіл сұрыптауы жекеменшіктің қадірін ұққан жандарды пышақтай жанып, өткірлеп алға шығарды. Кейіпкеріміз Ләззатты соның бір мысалы ретінде қарастырсақ, артық айтқандық емес.
– Күндіз қатардағы шахтерларша киініп жұмысшылардың ортасында боламын. Олар кәсіпорын басшысынан нақты шешімдер күтеді. Мұндағы тіршіліктің табиғаты бөлек. Шаруаның өміріне мүлдем ұқсамайды. Ашық карьердің өзінде техникаларымыз 80 метр тереңдіктен көмір өндіреді. Ал кешке қарай Алматыдан арнайы алдырған кітаптарға үңілдім. Онда шахтерлік шежіреден бастап, бұрынғы және қазіргі технологиялар ғылыми тілде жан-жақты сарапталған. Сан алуан есептердің жауабын адаспай тауып, тиімді тұстарын күнделікті іс-әрекетпен ұштастырмасаң ұтыласың. Жасыратын не бар, қиындыққа шыдамай қолды бір сілтеуге сәл-ақ қалған сәттер де болды. Бірақ намысты жан, білімді маман жеңілу үшін тер төкпейді. Ізденудің күшімен екінші мамандықты тез игеруге мүмкіндік таптым. Соның арқасында өзімді тау-кен институтын бітіріп шыққандай сезіндім.
Қарағандыға барып жеті қат жер астындағы шахтерлардың қалай жұмыс істегенін көзбен көрдім. Қасына келген қазақтың қызына олар да ілтипат көрсетті. Ешнәрсені жасырып қалған жоқ, шын жүректерінен ақтарылды. Сұрақтарыма бүкпесіз жауап қайтарды. Шахта мен шахтерлардың бұрын білмейтін құпиялары туралы сыр шертті. Бір сөзбен айтқанда, Қарағандыдан Ойқарағайға жүз пайыз өзгеріп қайттым, – дейді Ләззат Қайсарқызы.
Шаруашылығы қожырай бастаған шахтаны қалпына келтіру жанкешті тәуекелмен бірдей еді. Тиісті заңды­лықтар негізінде банктерден ірі көлемде несие алынды. Оның қайтарымы қалай өтелетіні күні бұрын болжанды. Десе де, бұлай қимылдауға жүрек керек. Өзіне деген зор сенімсіз бәрі бекер. Қуанарлығы, бойындағы күш-қуат алдамады. Бірнеше жыл аясында жақсы нәтижелер бой көрсетті. «Бүркіт» компаниясы қарқынға қарқын қосты.
Құрал-жабдықтар жаңаланды. Жапониядан, Қытайдан, Ресейден соңғы үлгімен шығарылған қуатты техникалар жұмысқа араласты. Өндіргіш күштердің біліктілігі артты. Қойма қосалқы бөлшектерге толды. Жанар-жағармайдың жеткілікті қоры жасақталды. Кеніште шахтерлар ғана емес, түрлі кәсіп иелері бас қосты. Үзіліссіз еңбек ету ырғағы қалыптасты. Инженерлер мен жұмысшыларға қолайлы жағдай туды. Жатақханалары көңілден шықты. Арнаулы киімдерден тапшылық көрмеді. Жұмысшыларға үш мезгіл тамақ тегін берілді. Лайықты еңбекақы мезгілінде төленді. Медициналық қосын, зертхана жұмыс істеді, Техикалық қауіпсіздік, экологиялық талаптар барынша ескерілді.
Компания жылына 40 мың тоннадан астам көмірді әлеуметтік мекемелер мен тұрғындарға жеткізіп отырды. Мұндай қызмет бес ауданды қамтыды. Көрші мемлекеттермен де келісімшарт жасалды. Сонымен қатар облыста, ауданда өтетін түрлі халықтық шара­лардан тыс қалмады. Демеушілік көрсету, адамдарға арналған қамқорлық пен қайырымдылық бұлжымас ережеге айналды. Мәселен, көмек қажет отбасы­ларға 350 тонна көмір тегін берілді. Жоғарғы оқу орындарына түскен 13 студентке кәсіпорын атынан гранттар ұсынылды. Осы тектес мысалдар өте көп.
Ләззат Қайсарқызы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Облыстағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер қоғамының төрайымы. Қыз-келін­шектерге ақыл-кеңес беріп, жол көрсе­тумен қатар, олардың тұлға болып қалыптасуына әріптестік ықпалын аяған емес. Тың тақырыптарды қаузайтын тәлімді форумдар ұйымдастыруға мұрындық болып жүр.
Отандық кәсіпорындардың ішінде «Бүркіт» компаниясы» ЖШС-ның шоқтығы биік. Оның қанатын кеңге жайып, атына заты сай болып, қырандай самғайтынына замандастары да шек келтірмейді.

Болат МӘЖИТ

↑