Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде Құтқарушылар күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шараға азаматтық қорғау саласының қызметкерлері, Ұзынағаш ауылында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінің жеке құрамы, өрт сөндірушілер, сала ардагерлері мен құрметті қонақтар қатысты.
Салтанатты шарада Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев құтқарушыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, адам өмірін арашалау жолындағы жанқиярлық еңбектері мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жауапты қызметтеріне алғыс білдірді.
– Құтқарушы болу – жай ғана мамандық емес, үлкен жүректілікті, батылдық пен табандылықты талап ететін абыройлы міндет. Сіздер қандай қиын жағдайда да алдыңғы шептен табылып, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Бұл – шынайы ерлік пен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.
Құтқарушылардың кәсіби мерекесіне арналған шара барысында қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, азаматтық қорғау саласының дамуына үлес қосқан бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының салалық ведомстволарының марапаттары тапсырылды. Соңынан аудан өнерпаздарының мерекелік концерті тамашаланды.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы



