Райымбек ауданында облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің қатысуымен жиын өтті. Кездесу барысында аудандағы отбасы институтын нығайту, әйелдердің қоғамдағы рөлін арттыру, гендерлік саясатты жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы міндеттер талқыланды.
Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ал оның береке-бірлігі мен тұрақтылығы елдің болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан отбасылық құндылықтарды сақтау, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғау – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, облыстық комиссия мүшелерінің ауданға жасаған жұмыс сапары тәжірибе алмасып, қордаланған мәселелерді ортаға салуға мүмкіндік берді.
Жиынды Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Бақытұлы ашып, отбасы және гендерлік саясат саласындағы жұмыстарды жүйелі жүргізудің, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесе талқылаудың маңызы зор екеніне тоқталды.
Басқосуда аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Зинура Қасымова өңірде отбасылық және гендерлік саясат бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Балжан Омарова отбасы тәрбиесі мен аналардың қоғам өміріндегі орнына қатысты пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ аналар кеңесінің қызметі – ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету, ұлттық тәлім-тәрбиені дәріптеу және отбасы құндылықтарын ұлықтау тұрғысынан маңызды қоғамдық бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Отбасы институтын нығайту мен гендерлік саясатты дамыту – бір ғана мекеменің емес, тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені әр шаңырақтың тыныштығы мен берекесі қоғамдық тұрақтылықтың негізін қалайды. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар мен ортақ бастамалар қоғамдағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттыруға қызмет етеді.
Ақерке БИЖАН
Райымбек ауданы

