Перейти к содержимому

Ақынның ататолғауы

33 қаралым

Райымбек ауданының 90 жылдық мерейтойы аясында әдебиет пен мәдениет қайраткерлерін туған жерге шақырып, таулы өңір жұртымен жүздестірудің жөні бөлек. Бұл – бір жағынан, қаламгерлерге көрсетілген құрмет, екіншіден, өскелең ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттырып, оларды кітап оқуға үндейтіні анық. Осындай игі шара Баққожа Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде өтті. Ақын Батық Мәжитұлының «Ататолғау» атты жыр кешіне жиналған жұртшылықтың қарасы мол болды.

Әдеби кештің алғашқы сәтінде қаламгер шығармашылығына кезек берілді. Бұдан кейін мұқағалитану толғаныстары өріліп, асыл жырдың құдіреті мен рухани сабақтастықтар жайында әңгіме қозғалды. Ал сұрақ-жауап бөлімінде көпшілік көкейде жүрген сауалдарына жауап іздеп, ақынмен емін-еркін пікірлесті.
Өңір жұртшылығы атынан сөз алған Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаев қаламгердің әдебиет пен баспасөз саласына сіңірген еңбектеріне тоқталды.
– Оқырманды сүйіндірген төл туын­дыларыңызбен бірге, Алаштың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың шығармашылық мұрасын насихаттау, зерттеу, оны келешекке бағыттау жолындағы жұмыстарыңыз құрметке лайық. Мұндай іс – терең танымды, тынымсыз ізденісті, білім мен білікті қажет ететін мәртебелі міндет. Сіз осы жолды шығармашылық мұратыңыздың біріне айналдырдыңыз.
Өз басым Батық Мәжитұлын парасат биігінен көрінген, адалдығын абыройға ұштастырған, азаматтығын арзандатпаған айтулы тұлға ретінде құрметтеймін. Ағамыз 75-ке келсе де, туған елдің алдында перзент болып қала беретінін ескертті. Халқынан қолпаш дәметпей, есесіне аяғынан тік тұрып, еліне қызмет етуге тиіс екенін айтты, – деп Дастан Сұлтанмұратұлы кеш қонағының арқасына бабалар тәбәрігі ретінде оқалы шапан жапты.


Батық Мәжитұлы шығармашылық қызметін 1978 жылы аудандық «Советтік шекара» газетінен бастады. Жергілікті баспасөздің даңқын асырған Мұқағали Мақатаев, Еркін Ібітанов секілді ақын ағаларының, таланттарға тәлімгер болған Әлнұр Мейірбековтей ұстаздың алдын көрді. Өнегелерін бойына дарытты. Сөз ұғатын тектіліктің, жазу өнеріндегі шебер­ліктің ғажайып мысалдарына қанықты. «Советтік шекара» қалам ұстаған ұл-қызды қайнар бұлақтың көзіндей тазалықпен сусындатты.
Нарынқолда қаланған қаламгерлік қарым республикалық басылымдарда жалғасты. «Ақиқат» журналында, «Егемен Қазақстан» газетінде шың­далды. «Мұқағали» журналының алғашқы бас редакторы ретінде басы­лымның негізін қалады. Барлық күш-жігерін журналдың кемелденуіне жұмсады. Нәтижесінде ақын атын­дағы басылым мемлекеттің де, зиялы қауым­ның да сүйіспеншілігіне бөленді.
Батық Мәжитұлы – өлең жазу жауап­кершілігіне сақ қарағандардың бірі. Өлеңді азаматтыққа шақыратын тәр­бие­нің негізі деп біліп, ататолғауға теңеді. Ұлттық көзқарастың кәусар тол­қындарын шым-шымдап жүрекке сіңірудің ерекшеліктеріне ден қойды.
… Атақ қуып аптықпа,
Шатақ қуып шаптықпа.
Майыспағын жоқтыққа,
Масаймағын тоқтыққа.
Таптатпағын гүліңді,
Жоқтатпағын тіліңді.
Ластамағын үйіңді,
Тастамағын күйіңді.
Ұрпақ үшін жи малды,
Ұмытпағын иманды.
Намысыңның жолында,
Қажет болса, қи жанды.
Қорғаны бол қазақтың!
– деген секілді жүректі қозғайтын адуынды шумақтар тыңдаушыларға дүркін-дүркін қол соқтырды. «Қызыры бар қазақтың», «Оян, ұлым» өлеңдері де ырғақ пен мазмұнға, әдемілік пен әсерге толы болды. «Тынбай сені сағынады жалғызың» топтамасы анасының әзіз бейнесін көпшіліктің көзіне елестетіп қана қойған жоқ, әр адамның кеудесіндегі анаға деген сағыныштың қылын тербеді.
Бәрі есімде – салиқалы сөздерің,
Сенің арқаң – түйсінгенім, сезгенім.
Дұрыс өлше деп өмірдің салмағын,
Бердің маған ақиқаттың безбенін.
Қайта оралмас қайран менің кездерім!
– деген өлең жолдары ешкімді бейжай қалдырған жоқ.
Келесі кезекте мұқағалитану тол­ғаныс­тары әңгімеленді. Қаламгер «Мұқағалитану не?» деген сұрақтың мағынасын ұқтырып, жанды мысал­дарға жүгіне отырып, тұщымды жауап қайтаруға тырысты.
– Бір жеңгеміздің өз өлшемі аясында айтқан сөзі бар еді. «Мұқағалитану ма, оны білгілерің келсе, менен сұраңдар. Ақын ағаны менен артық танымайсыңдар. Өйткені біз көрші тұрдық» деді. Кейбір деңгейлердің осы тектес болатыны өкінішті. Біз ақынның өзінен бұрын сөзінің құнын саралап, асылдың астарына үңілгеніміз дұрыс. Мұқағали мұрасын тану жадағай шаруа емес. Ол жанкешті ізденістерді керек етеді. Ақын өлеңдері терең, түбіне бойлаған сайын түрлі жұмбақтарға жолығасыз. Шешуі күрделі құбылыс. «Мекенжайым – Жер менің» деп өзі айтқандай, күллі адамзаттың атынан үн қатуға өкілдік алған алып тұлғаны сол қалпында танығанға не жетсін?! Кен қазатын геологтарды дайындағандай, мұқағалитанушыларды қатарға қосу мақсатында ақын атындағы басылымды шығардық. Мұқағалитанудың сөресі алдымызда. Ойлы жастардың оған жететініне шүбәм жоқ.
Жандауысын тілмен айтып жеткізе алмай қиналасың. Бір күні соның өрнек­терін ақ қағаздан көресің. Қуанғаның соншалық, кім жазғанына қарамастан өлеңді өз сырыңдай иемденесің. Кеудеңе басып шалқисың. Содан кейін барып авторы есіңе түседі. Қарасаң, өлеңді жазған Мұқағали Мақатаев. Міне, нағыз халық ақыны дегені­міз осындай болады! – деді Батық Мәжитұлы.
Сұрақ-жауап бөлімі де тыңдау­шыларды жалықтырмады. Ескі Қарасазға қатысты пікірлер жаңа көзқарас­­тар бойынша өрбіді. Мұқағали туралы қисынсыз сөз айтатын «білгіш­тердің» әрекетіне баға берілді. Саны бар, бірақ сапасы сын көтер­мейтін кітаптардың неліктен көбейіп бара жатқаны сұралды. Мектеп оқушы­лары арасындағы мүшәйраның қандай ережені қатаң сақтауы тиіс екені талданды.
Кеш соңында композитор Бейбіт Дәлденбай ақынмен бірігіп жұмыс істеген кезде «Қырандар», «Батыр баба», «Мұқағали» әндерінің қалай шыққанын әңгімеледі. Журналист Рысбек Сәрсенбайұлы кездесудің әдеби мазмұнға тән сипаттарын ерекше­леп атады.
– Еркін Ібітановтың Тұманбай Молдағалиевқа арнаған поэмасында мынадай жолдар бар: «Шен таққан шекпеніңді шешіп тастап, Баяғы Тұмашым боп кір үйіме», – дейді. Көп нәрсені меңзеп тұр. Асыл ағаның сол тапсырмасын орындауға тырыстым. Кеше ғана мен тұрған мынау сахнада арқалы ағаларым өлеңдерін оқыды. Мынау залда даладай дархан тау мінезді бауырларым отырды. Уақытта тоқтау жоқ. Олар келместің кемесіне мініп, бақилық әлеміне аттанды. Алайда өздеріне тартып туған ұрпақтары ортаны толтырып, менімен кездесуге келіпті. Өмір жалғасып жатыр. Ендеше, ататолғаумен атажолды жаңғыртуға мұрындық болайық, – деді Батық Мәжитұлы.
Кешке жиналған көпшілік халықтық өнегенің тағы бір әдемі үлгісіне куә болды.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑