Перейти к содержимому

СЕКСЕУІЛ ТҰҚЫМЫ ЖИНАЛДЫ

46 қаралым

Балқаш ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында қара сексеуіл тұқымын жинау шарасы өтті. Мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлықтарымызды сақтау және келер ұрпаққа жасыл әрі таза Қазақстан қалдыру жолындағы игі бастамаларды жүзеге асыру. шарада алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлына берілді.
– Табиғатқа қамқорлық қоршаған ортаны таза ұстаумен қатар, орман қорын сақтап, оны молайтудан басталады. Бүгінгі іс-шара – осы бағыттағы ортақ жұмысымыздың нақты көрінісі. Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленген облыстың ормандарын молайту және орман өсіру көлемін ұлғайту кешенді жоспары шеңберінде 2021-2027 жылдары 23,8 мың гектарға 52,6 млн ағаш отырғызу көзделген. Өткен бес жылда 19,8 мың гектарға 43,7 млн ағаш отырғызылып, кешенді жоспардың 83%-ы орындалды. Биыл 2 077 гектарға 4,6 млн ағаш өсіру жоспарланған. Көктемде 77 гектарға 508,9 мың көшет отырғызылып, көктемгі жоспар 109%-ға орындалды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл облыстың орман шаруашылығы мекемелерінде 10 тонна қара сексеуіл және өзге де ағаш түрлерінің 1,6 тонна тұқымын жинау жоспарланған, – деген Бақытнұр Бақытұлы осындай игі бастамаларға бірлесе қатысудың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мен жас ұрпақты табиғатты аялауға баулудың үлгісі екенін айтты.


Келесі кезекте Балқаш ауданы әкімінің орынбасары Асқар Кәдір сөз алып, қара сексеуіл тұқымын жинау іс-шарасының да маңызына тоқталды. Айтуынша, бұл өсімдік шөл және шөлейтті аймақтардың табиғи тепе-теңдігін сақтауда ерекше рөл атқарады. Құмның көшуін тежеп, топырақтың жел эрозиясына ұшырауын азайтып, қоршаған ортаға қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар шөлді аймақтардың биоалуантүрлілігін сақтауға және табиғи экожүйелердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сөзінің соңында «Таза Қазақстан» бағдарламасының бір күндік іс-шара емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс ортақ міндет екенін айтып, баршаны табиғатты аялауға, қоршаған ортаны таза ұстауға және экологиялық бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Шара барысында Бақанас аграрлы-индустриалды колледжінің студенттері, мектеп оқушылары, жас орманшылар, еріктілер, Бақанас орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлері қара сексеуіл тұқымын жинап, облыстың жасыл қорын молайту жолында игілікті іс тындырды.


Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев Мемлекет басшысының 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатындағы облыстың кешенді жоспарына сәйкес биыл күз мезгілінде 10 тонна қара сексеуіл тұқымын жинау жоспарланғанын, оны егуге арналған 2 мың гектар жер жыртылып, толық дайын тұрғанын хабардар етті. Қанат Ақылұлы бүгінгі шараға қатысушылардың басым бөлігі жастар болып отырғаны көңіл қуантатынын, олардың сексеуілді көріп жүргенімен, оның қалай өсетінін, тұқымы қалай жиналатынын біле бермейтінін, соны іс жүзінде көрсетіп, табиғатты аялауға баулуды мақсат тұтқандарын жеткізді.
Тұқым жинау шарасы аяқталған соң облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы аудан орталығындағы Бақанас орман шаруашылығы мекмесінде болып, ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты. Мекеме директоры Мұрат Нұрмұхамбетов мекеме тарихынан сыр шертіп, өрт сөндіру стансасында 4 өрт сөндіру көлігі, соқасымен 6 трактор және тағы басқа техникалардың өрт сөндіруге сақадай сай тұрғанын тілге тиек етті. Алайда көліктер тұратын ғимаратқа жылу жүйесін тарту мен қайықтың қажеттілігін жасырмады. Облыс әкімінің орынбасарынан осы екі мәселенің шешімін табуына ықпал етуін сұрады. Бақытнұр Бақытұлы мекеме қызметкерлеріне өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстарын іске асыру жайлы бірқатар тапсырма жүктеді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑