Перейти к содержимому

Өнермен айшықталған мереке

71 қаралым

Республика күні мерекесіне орай қарасайлықтар дәстүр бойынша мазмұнды концерттік бағдарлама дайындады. Оның «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан!» деп аталуының өзі де символдық мәнге ие. Мерекелік шара Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде өтті.
Мерекелік іс-шараның тағы бір ерекшелігі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні жас қарасайлықтардың, яғни «Қалбибі» студиясының тәрбиеленушілерінің орындауында жанды дауыспен шырқалды. Бұл студияны көп жылдан бері талантты әнші, тәжірибелі педагог Қалбибі Абдуллаева басқарып келеді.
Жүргізушілер ұлттық мерекеміз – Республика күнінің маңызы мен ерекшеліктері туралы баяндады. Одан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосып жүрген азаматтарды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов оларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етті.


Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Кешке «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, ауданға кеңінен танымал «Шаттық» және «Кербез» би ұжымдары, «Қалбибі» студиясының хоры және ауданның басқа да өнерпаздары қатысты.
Концерттің шымылдығын «Үшқоңыр» фольклорлық-этнографиялық ансамблі музыканттарының орындауындағы күй ашты. Осы сәтте қазақтың ұлттық киімін киген сегіз бойжеткен шаңырақты бейнелейтін ленталармен би биледі. Шаңырақ астындағы көрініс Қазақстанда тұратын барлық этностардың бірлігі мен ынтымағын айшықтады.
Бағдарламаның шоқтығы биік нөмірлерінің бірі – «Отан – ортақ үйіміз» атты театрландырылған патриоттық композиция болды. Онда Қазақстанның – ортақ Отанымыз, түрлі этнос өкілдері бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан біртұтас шаңырағымыз екені көрініс тапты.
Көрермендерге «Қалбибі» өнер студиясының тәрбиеленушілері орындаған бақытты балалық шақ туралы «Бақыт деген» әні де ерекше көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ «Үшқоңыр» ансамблі вокалистерінің квартеті «Домбырасыз ән қайда?» әнін орындады. Ал «Кербез» би тобы «Мереке биін» ұсынды.
Концерттік бағдарлама «Мен сені сүйемін, Қазақстан», «Жаса, қазағым!» сынды патриоттық мазмұндағы әндермен және басқа да шығармалармен толықты. Концерттік бағдарлама қатысушылардың көңілінен шығып, олардың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілік пен туған елге деген мақтаныш сезімін ұялатты.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы

↑