25 қазан – Республика күні және «Қазақстанның егемендігі туралы» декларациясының қабылданғанына 36 жыл толуына орай, Кеген ауылындағы орталық алаңда Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтті.
Бұл елдік пен егемендіктің, ұлт бірлігінің нышанына айналған ерекше шара болды.
Мерекелік салтанатқа аудан әкімі Таңат Айдарбеков, ауыл тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік Туды көтеру құрметі дзюдодан халықаралық және республикалық жарыстардың жеңімпазы, әлем чемпионатының жүлдегері Бексұлтан Ануарұлына және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы, ұлттық ат спортының дамуына үлес қосып жүрген шабандоз, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жарас Төлебайға берілді.
Қасиетті көк Туымыз көкке көтерілген сәтте ел рәміздеріне құрмет көрсетіліп, Қазақстан Республикасының Гимні шырқалды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Таңат Айдарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсыновтар құттықтау сөз сөйлеп, бұл күннің ел тарихындағы айрықша маңызын атап өтті. Олар өз сөздерінде Республика күні мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұғырлы елдігіміздің символы екенін айта келе, барша тұрғындарға бейбіт өмір, береке-бірлік тіледі.
Іс-шара соңында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы


