Ұйғыр ауданында жаңа білім ордасы өз шәкірттеріне есігін айқара ашты. Үш қабатты ғимарат 900 оқушыға арналған. 2,5 млрд теңгеге құрылысы жүргізілген нысанға жауапты облыстық құрылыс басқармасы болатын. Ғимараттың жалпы көлемі – 9859,40 шаршы метр. Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Жаңа мектептің ашылуына аудан тұрғындары көп жиналды. Ауыл ақсақалдары, ардагер ұстаздар, барлық мекеме басшылары мен қуанышқа ортақтасқан ата-аналар да осы ортадан табылды. Алғашқы құттықтау сөзді алған облыс әкімі жаңа білім ордасының табалдырығын аттағалы тұрған шәкірттер мен ұстаздарға, ата-аналарға құтты болсын айтып, мемлекеттің білім саласына көңіл бөлуі, үшауысымды мектептерді жою бағытындағы қадамдарының нәтижесінде осындай заманауи білім ордасы бой көтеріп отырғанын айтты. Облысымызда үшауысымды мектептерді жою бағытындағы қарқынды жұмыстар легіне тоқталды. Биылдың өзінде жиырмадан астам білім ошағының іргетасы қаланатынын жеткізді. Мұнан соң «Нұр шапағат-Құрылыс» ЖШС директорының орынбасары Дәурен Ақтамов өзінің ақжарма тілегін арнап, мектеп директоры Бибігүл Абдиловаға жаңа ғимараттың кілтін табыстады.
Мектептің лентасын қию құрметіне облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының Құрметті азаматы Ызғарбек Бектұрсынов және ардагер ұстаздар ие болды. Облыс басшысы бастаған топ жаңа білім шаңырағының ішіне кіріп, дарынды оқушылардың қолдарынан шыққан бұйымдар көрмесімен танысты. Онан соң соңғы бір жыл көлемінде Ұйғыр ауданында ашылған әскери-патриоттық клубтардың жұмыстарымен танысты. «Жас сарбаз», «Жас өрт сөндіруші», «Прокурордың жас көмекшісі», «Жас шекарашы», «Жас полиция көмекшілері» клубтарының мүшелері өздерінің бір жыл ішінде облыс, республика көлеміндегі жеткен жетістіктерімен марқайып, болашақта ел мен жерді қорғайтын ұлтжанды ұл-қыз болатындарына сендірді.
Келген қонақтар мектеп ішіндегі робототехника жұмыстарымен танысып, модификациялық кабинеттерді, асхана мен мәжіліс залын аралап, жас спортшылардың жеткен жетістіктерін көрді. Облыс басшысы өнерпаз ұл-қыздарға ыстық ықылас пен ақ тілек айтып, ел ертеңін еңселі ету үшін жан-жақты білім алып, биіктерге шығуларын тіледі.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа мектеп ғимаратының ашылуынан кейін құрылысы аяқталмаған дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне барды. 2019 жылдың желтоқсан айында басталған құрылыс жұмыстарының мердігері «Лидер НК» ЖШС болатын. 1,1 млрд теңгеге жоспарланған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің көлемі – 4595,45 шаршы метр. 2020 жылы 21 қыркүйекте спорт кешеніндегі 3 блоктың (спорт залы) жұмсақ шатырын орнату бойынша жұмыстарды орындау кезінде металл конструкциясы құлаған болатын. Міне, содан бері үш жылдан астам уақыт өтсе де, ғимарат әлі күнге қолданысқа берілген жоқ. Бұл бойынша ауданаралық экономикалық соттың шешіміне орай мердігер компания 14 ай ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтауға тиіс еді. Бірақ жұмыс басталмаған күйінде қалды. Осы мәселе бойынша облыс басшысы мердігер компания басшыларымен сұхбаттасты. Оларға байланысты нақты шаралар қолданып, жұмысты тезірек бітіру керектігін құзырлы орындарға тапсырды.
Облыс басшысы аудандағы көзі тірі жалғыз Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Алым ата Кебировтың да шаңырағына бас сұқты. 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс өртін көріп, жалындаған жастығын от пен оқтың арасында өткізген, соғыстан аман келіп, ел экономикасының өркендеуіне атсалысып, еңбек майданында да тер төккен ардагерді 100 жасқа толуымен құттықтап, сый-сияпатын табыстады. Көненің көзі, ғасыр құрдасы Алым атаға осындай бейбіт күн тарту еткеніне алғысын айтты. Жүзінде талай тауқыметтің табы қалған қария ондай сұм соғыстың қайталанбауын тілеп, келген қонақтарға ақ батасын берді.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы