Перейти к содержимому

Өңірдің жаңа тынысы

39 қаралым

Жамбыл ауданында еліміздегі алғашқы атом электр стансасы салынады. Үлкен ауылында бой көтеретін АЭС республикамыздың энергетикалық әлеуетін арттырып, экономиканың өрлеуіне серпін береді. Соған сәйкес Үлкен ауылы маңындағы инфрақұрылымды дамыту жоспары дайындалып, әуежай салу жоспарланып отыр. Одан бөлек Қайраткөл теміржол станциясын жаңғырту, Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру, туристерге қызмет көрсету мақсатында қонақүй кешенін орналастыру үшін тиісті жер учаскелері қарастырылып жатыр. Бұл мәлімет Алматы облысы әкімі Шыңғыс Әріновтің Жамбыл ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды.

Жиын барысында алдымен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас баяндама жасады. Ол өңірде іске асырылып жатқан ауқымды жобаларды тілге тиек етті. Айтуынша, агроөнеркәсіп саласы экономиканың ілгерілеуіне зор ықпал етіп отыр. Мысалы, Ақсеңгір ауылында жылына 120 мың тонна құс етін өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 200 млрд теңге. Кешен 3000-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтитын болады. Ал Үңгіртас ауылдық округінде 400 басқа арналған сүт фермасы іске қосылды. Кәсіпорын мемлекет тарапынан 2,5 пайыз жеңілдетілген мөлшерлемемен несие алып, игілігін көріп отыр. Мұнда тәулігіне төрт-бес тонна сүт өндіріліп, ірі компанияларға жөнелтіледі. Одан бөлек Ақсеңгір ауылында да сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде құрылыстың 95 пайызы аяқталды. Шағын және орта бизнес саласында биыл 8 өндіріс іске қосылып, 263 жаңа жұмыс орны ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осы жылы 544,5 млн теңгеге 36 жоба қаржыландырылды.

Мәдениет, білім беру және спорт саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, Қарғалы ауылында 350 орынды, Шиен ауылында 150 адамға арналған Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Ал Үлкен ауылында тәулігіне 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Сондай-ақ Ұзынағаш ауылында өнер мектебінің ғимараты, ал Тарғапта 70 орынды спорт кешені салынып жатыр.

Бүгінде аудан бойынша 7582 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның 4 мыңы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жатады. Соңғы екі жылда 692 тұрғын үй сатып алынып, оның 319-ы пайдалануға берілді.

Биыл аудандық маңызы бар және ауылішілік автомобиль жолдарын жөндеуге 3,2 млрд теңге қаражат бөлініп, 60,7 шақырым жол жөнделді.

Жиын барысында Шыңғыс Әрінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндап, Жамбыл ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Айтуынша, бүгінде 43 елдімекен табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін Арқарлы ауылындағы 294 тұрғын газға қол жеткізеді. Сонымен қатар Ұзынағаш ауылында су бұру желісін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жоба іске асырылғаннан кейін 5 мың тұрғын үй мен 100 бюджеттік және әкімшілік ғимарат орталықтандырылған жүйеге қосылады.

Жиындағы сұрақ-жауап бөлімінде жергілікті тұрғындар толғандырған сауалдарын қойып, жауапты мамандардың түсініктемесін тыңдады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда аудан бойынша 5 мектеп үшауысымда оқып жатыр. Апатты жағдайда тұрған нысандар да бар. Мәселен, Қопа ауылындағы 1963 жылы салынған білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді.

«Бүгінде Алматы облысында 368 елдімекен бар. Әр ауыл күнделікті өмірге қажет инженерлік инфрақұрылыммен, білім беру, медициналық, төтенше жағдай қызметі нысандарымен, Мәдениет үйі және ойын алаңдарымен қамтылуы тиіс. Мұның бәрін бірден шешу мүмкін емес. Тыңғылықты жоспарын дайындап, кезең-кезеңімен іске асырамыз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Бірқатар ауыл жұрты медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр. Мысалы, Қасымбек ауылының тұрғындары дәрігерлік амбулатория мәселесі сүрленген сұраққа айналып кеткенін айтып, мұны бақылауға алуды сұрады. Мамандардың сөзінше, Қасымбек ауылында 25 адамға арналған медициналық нысанның құжаты дайын. Келесі жылы қаржысы бөлінеді деп министрлікпен келісілген. Ал Ұзынағаш ауылындағы ауруханаға 150 мың адамға арналған МРТ аппараты әкелінеді деп жоспарлап отыр.

Қопа ауылының тұрғыны газ мәселесін көтеріп, көгілдір отынға қашан қол жеткізетіндерін сұрады. Аудан әкімінің сөзінше, 2022 жылы әзірленген ауылдарды газдандыру сызбасы қазір қайта пысықталып жатыр. Осыған орай келесі жылы Көкқайнар, Қызылсоқ және Қопа ауылдарына газ тарту жоспарға енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Кейін құрылысы басталады. Сонымен қатар тұрғындар жол сапасы, ескі ғимараттарды жаңғырту, қаңғыбас иттер мәселесі, су тоспасын салу және өлкетану музейін ашу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысы көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын және оларды шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарылатынын айтты.

Шыңғыс Әрінов азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Тұрғындардың бірі Қарғалы ауылындағы жүн өңдеу зауытының құрылысын аяқтауға қолдау көрсетуді сұрады. Себебі кәсіпорын іске қосылса, 150 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Қазір нысан шамамен 80%-ға дайын. Қалған жұмысты аяқтауға, соның ішінде жүнді кептіруге арналған қазандықты салуға шамамен 500 млн теңге қажет. Шыңғыс Әрінов нысанның жай-күйін егжей-тегжейлі зерделеп, қаржы көлемін нақты анықтау керегін түсіндірді. «Бұл мәселені әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен талқылауымыз керек. Зауытқа барып, жағдайын бағамдап, тиісті қолдау шараларын көрсетеміз», – деп жауап берді өңір басшысы.

Өтініштердің басым бөлігі жол инфрақұрылымына қатысты болды. Тұрғындардың бірі «Күрті – Ұзынағаш» автожолының жағдайына шағымданды. Оның сөзінше, жолдың бір бөлігінде жөндеу жұмысы жүргізіліп, кейін тоқтап қалған. Облыс әкімі бұл жұмыс келесі жылы қолға алынатынын айтты. Сонымен қатар мұндай жобаларды іске асыру кезінде техникалық тұрақ, көше жарығы, көпір мен санитарлық нысандар салу сияқты заманауи талаптарды да ескеру қажеттігін атап өтті.

Ұзынағаш ауылындағы спорт кешені күрделі жөндеуді қажет ететіні де айтылды. Нысандағы құрал-жабдық та ескірген. Бұл спортшылардың жаттығуына үлкен кедергі болып тұр. Өңір басшысының сөзінше, жөндеу жұмысы 2027 жылға жоспарланған. Тұрғындар мен туристердің қолайлылығы үшін аудан бойынша ауқымды жол құрылысы жүргізіліп жатқанын да айтты. Сондай-ақ тұрғындарды қоғамдық мүлікке ұқыпты қарауға шақырды. «Халық игілігі үшін жасалған саябақтар, балалар алаңы мен әлеуметтік нысандарға әрбір адам жанашырлықпен қараса екен деймін. Бұл атқарылған жұмысқа берілген ең бағалы алғыс болар еді», – деді Шыңғыс Әрінов. Азаматтардың өтінішін мұқият тыңдаған аймақ басшысы жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктеп, созбаққа салмай, жедел әрі тиімді шешім қабылдауды тапсырды.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Жамбыл ауданы

↑