Мүгедектікті белгілеу – денсаулық жағдайына байланысты адамның тіршілік әрекеті мүмкіндіктерінің шектелуін бағалауға және оның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігін анықтауға бағытталған мемлекеттік рәсім. Бұл азаматтың денсаулық жағдайын ғана емес, оның күнделікті өмірде өз бетінше әрекет ету, қозғалу, қарым-қатынас жасау, білім алу және еңбек ету мүмкіндіктерін кешенді бағалауды көздейді.
Қазақстан Республикасында медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу тәртібі Әлеуметтік кодекспен және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №260 бұйрығымен бекітілген медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларымен реттеледі.
Көпшілік арасында белгілі бір диагноз қойылған жағдайда мүгедектік автоматты түрде беріледі деген түсінік кездеседі. Алайда мүгедектікті белгілеу тек аурудың атауына немесе диагноздың болуына байланысты емес. Сараптама барысында ағза функцияларының тұрақты бұзылу дәрежесі, оның салдарынан туындаған тіршілік әрекетінің шектелуі және адамның әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілігі ескеріледі. Атап айтқанда, адамның өзіне-өзі қызмет көрсету, өздігінен жүріп-тұру, бағдарлану, қарым-қатынас жасау, мінез-құлқын бақылау, оқу және еңбек ету қабілеттері бағаланады. Осы көрсеткіштерді кешенді бағалау нәтижесінде мүгедектікті белгілеу немесе белгілемеу туралы сараптамалық шешім қабылданады. Сондықтан бірдей диагнозы бар адамдардың сараптамалық қорытындысы да әртүрлі болуы мүмкін. Себебі әр адамның ауру ағымы, ағза функцияларының бұзылу дәрежесі және күнделікті өмірдегі мүмкіндіктері бірдей емес.
Мүгедектікті белгілеу рәсімі азаматтың тіркелген жері бойынша медициналық ұйымға жүгінуінен басталады. Емдеуші дәрігер қажетті тексеру мен диагностикалық зерттеулерді ұйымдастырады. Науқастың жағдайына қарай емдеу, оңалту шаралары жүргізіліп, денсаулық жағдайындағы өзгерістер бағаланады. Медициналық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясы медициналық құжаттарды зерделеп, МӘС-ке жолдау мәселесін қарайды. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жалпы тәртіп бойынша медициналық ұйымдар ағза функцияларының тұрақты бұзылуын растайтын диагностикалық, емдеу және оңалту шаралары жүргізілгеннен кейін азаматты МӘС-ке жолдайды. Көп жағдайда бұл мерзім уақытша еңбекке жарамсыздық басталған немесе балалар мен жұмыс істемейтін адамдарға диагноз қойылған күннен бастап кемінде төрт айды құрайды. Сонымен қатар заңнамада көзделген ерекше жағдайлар да бар.
Қазіргі таңда медициналық-әлеуметтік сараптама екі форматта жүзеге асырылады. Көзбе-көз куәландыру – азаматтың МӘС бөліміне тікелей келуі арқылы жүргізіледі. Бұл ретте мамандар ұсынылған медициналық құжаттарды зерделеп, адамның денсаулық жағдайы мен функционалдық мүмкіндігін бағалайды.
Сырттай проактивті куәландыру – азаматтың МӘС бөліміне жеке келуінсіз, медициналық ұйым ұсынған құжаттар мен мәліметтерді ақпараттық жүйе арқылы қарау негізінде жүргізіледі. Сырттай куәландыру барлық ауру мен жағдайларға бірдей қолданылмайды. Ол қолданыстағы қағидаларда көзделген медициналық көрсетілімдер мен талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, 18 жастан асқан адамдарға I, II немесе III топтағы мүгедектік мерзімі 6 ай, 1 жыл, 2 жыл, 5 жыл немесе қайта куәландыру мерзімінсіз, ал 18 жасқа дейінгі балаларға жас ерекшелігіне қарай санаттары белгіленеді. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жеті жасқа дейінгі балаларға 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе жеті жасқа толғанға дейін, ал жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға 6 айға, 1 жылға, 2 жылға, 5 жылға немесе он сегіз жасқа толғанға дейін белгіленуі мүмкін.
МӘС қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамға тиісті анықтама және абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы беріледі. Онда адамның денсаулық жағдайы мен функционалдық мүмкіндіктеріне қарай қажетті оңалту шаралары айқындалады. Олардың қатарына әлеуметтік қорғау және техникалық көмекші құралдармен қамтамасыз ету, арнайы әлеуметтік қызметтер және кәсіптік оңалту шаралары кіруі мүмкін.
Мұндай қолдаудың негізгі мақсаты – адамның күнделікті өмірдегі дербестігін арттыру, әлеуметтік ортаға бейімделуіне жағдай жасау және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік беру.
Гүлмира Ботабекова,
ҚР ЕХӘҚМ Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары

