Перейти к содержимому

Газет оқитын ұлт – озық ұлт

17 қаралым

Қонаев қалалық кітапханасында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры Ержан Байтілес­пен кездесу өтіп, ұлттық баспа­сөз­дің бүгінгі беталысы, журналис­тиканың болашағы және жасанды интеллектінің ақпарат саласына ықпалы талқыланды.

Қоғам өзгерген сайын ақпарат тарату тәсілдері де жаңарып келеді. Бір кездері ел жаңалығын жеткізудің негізгі құралы болған мерзімді басылымдар бүгінде цифрлық кеңістіктің талабына бейімделу үстінде. Алайда технология қанша дамыса да, баспасөздің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен рухани миссиясы өзгермек емес. Осы және өзге де өзекті мәселелер өңірлік БАҚ өкілдері, өнер мен мәдениет қайраткерлері, оқырмандар қатысқан кездесуде кеңінен сөз болды.
Ержан Байтілестің айтуынша, қазіргі қазақ қоғамы үлкен өзгеріс кезеңін бастан өткеріп отыр. Халықтың басым бөлігі қалалық ортаға шоғырланып, урбанизация үдерісі жаңа мәдени сұраныстарды қалыптастыруда. Сондықтан әдебиет пен өнер де осы өзгерістерден тыс қалмауы тиіс.
– Қазақ қалалық ұлтқа айналып бара жатқан кезде, қалалық өмір салтын, оның тынысын, мәселелері мен құндылықтарын да көрсете білуіміз керек, – деді Ержан Байтілес.
Осы бағыттағы ізденістердің нәтижесінде қалалық әдебиет тақырыбы төңірегінде қаламгерлер арасында пікір алмасулар ұйымдастырылған. Жазушылар мен ақындар урбанизация дәуіріндегі әдебиеттің ерекшеліктерін талқылап, қалалық сананы қалыптастырудағы көркем шығарманың рөліне назар аударған. Сонымен қатар осы мақсатта Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан әдеби байқау жарияланғанын жеткізді. Мұндай бастамалар әдеби ортадағы бәсекелестікті арттырып қана қоймай, жаңа есімдердің танылуына жол ашады.
Кездесуде қозғалған келесі маңызды мәселе – тарихи жады мен ұлттық құндылықтарды насихаттау. Ержан Байтілес өткен тарихты баяндағанда халықтың басынан өткерген қасіретті кезеңдерді ғана алға шығармай, елдің жасампаздық жолына, жарқын белестеріне де назар аудару қажеттігін айтты. Қазақ тарихында ашаршылық, қуғын-сүргін секілді ауыр кезеңдер аз болған жоқ. Алайда ұлттың тарихы тек қасіреттен тұрмайды. Елдің еңсесін көтерген жеңістер, өркендеген кезеңдер, рухты асқақтатқан тұлғалар мен оқиғалар да жеткілікті. Сондықтан тарихи тақырыптағы шығармаларда қайғыны ғана емес, халықтың қайсарлығы мен жасампаздық қабілетін де көрсету маңызды. Бұл ретте спикер ұлттық болмысты сақтаудың негізгі тетіктерінің бірі – тіл мен мәдениет екенін атап өтті.
Кездесу барысында Ержан Байтілес кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне де кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, кітап оқудың алғашқы баспалдағы баспасөзден басталады. Газет-журналға жазылған жас ұрпақ кітапқа да бет бұрады. Сондықтан дәстүрлі басылымдарды зерделі ұлт қалыптастыру жолындағы рухани мектеп ретінде бағалауымыз керек.
Жиынның тағы бір өзекті тақырыбы – жасанды интеллектінің журналистикаға ықпалы. Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы медиасалаға жаңа мүмкіндіктер әкелгенімен, кәсіби журналистиканың алдында бірқатар маңызды сұрақты да туындатып отыр. Ақпаратты жылдам өңдеу, мәтін әзірлеу, деректерді жүйелеу секілді жұмыстарды жеңілдететін технологиялар журналист еңбегін оңтайландыруы мүмкін. Алайда ақпараттың шынайылығын тексеру, дереккөзге жауапкершілікпен қарау, оқиғаның астарына үңілу және қоғамдық маңызын саралау – адамнан кәсіби пайым мен тәжірибені талап ететін міндеттер. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллектіні журналистің орнын басатын құрал емес, жұмысты жетілдіруге көмектесетін технология ретінде қарастырған жөн. Себебі оқырманға жай ғана ақпарат емес, тексерілген дерек пен терең талдау қажет. Ал мұндай материалдың сапасы журналистің біліміне, азамат­тық ұстанымына және кәсіби жауапкер­шілігіне тікелей байланысты.
Ержан Байтілес газет таралымының азаюына қарамастан, басылымдардың қоғамдағы орнын сақтап қалу үшін жаңа жұмыс тәсілдерін меңгеруі керектігін де айтты. Оның пікірінше, газеттің ақпараттық мүмкіндігін тек баспа нұсқасымен шектеуге болмайды. Редакцияда әзірленген сапалы сараптамалық және талдамалық материалдар алдымен сайтқа жария­ланып, кейін әлеуметтік желілер арқылы кең аудиторияға ұсынылуы тиіс. Бұл – басылым мазмұнын жаңа оқырманға таныстырудың және тұрақты аудитория қалыптастырудың тиімді жолы.
– Газеттердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын жандандыруымыз керек. Оларды дәстүрлі басылымдарды тарату, жұмыс аясын кеңейту үшін қосымша алаң ретінде пайдалану қажет. Газетте жарияланған материалдарды әлеуметтік желі арқылы насихаттап, оқырманға жақындата білуіміз керек, – деді Ержан Байтілес. Сондай-ақ ол редакцияның өз материалдарын насихаттауда белсенді болуы керектігін атап өтті. Өйткені сапалы мақала жазу – жұмыстың бір бөлігі ғана. Оны оқырманға жеткізу, талқылауға ұсыну, кері байланыс орнату да маңызды. Әсіресе өңірлік басылымдар үшін жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігін, еңбек адамдарының жетіс­тігін, аудан мен ауылдағы өзекті мәселелерді қамтитын материалдардың маңызы зор.
Спикер газетке жазылу науқанын жүргізумен қатар, басылымның маз­м­ұнын таныстыруға, оның қоғамға берер пайдасын түсіндіруге басымдық беру қажеттігін жеткізді. Редакция мен оқырман арасындағы байланыс біржақты болмауы тиіс. Оқырманның пікірі, ұсынысы мен сын-ескертпесі басылым жұмысының сапасын арттыруға ықпал етеді. Осы орайда ол редакция ұжымдарын өз жұмысына қатысты сын-пікірлерге ашық болуға, оқырманмен байланысты үзбеуге шақырды. Себебі басылымның өміршеңдігі тек таралым көрсеткішімен өлшенбейді. Оның қоғамдағы беделі, көтеретін мәселелерінің өзектілігі және оқырман сенімі де маңызды.
Кездесу соңында қатысушылар ұлттық баспасөздің бүгінгі міндеттері мен болашағына қатысты ойларын ортаға салды. Ержан Айтөреұлының пайымынша, газет заман талабына сай жаңарып, ақпарат тарату алаң­дарын кеңейткенімен, өзінің басты құндылығынан – шынайы ақпарат пен сараптамалық мазмұннан, ұлт мүддесіне қызмет етуден айнымауы керек.

Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ

Қонаев қаласы

↑