Қазақ халқы үшін бас киім жай ғана киім үлгісі емес, ол – адамның жасын, жынысын, әлеуметтік орнын, дүниетанымы мен салт-дәстүрін айқындайтын мәдени мұра. «Бас киімді аяқасты етпе», «Бас киімді жерге тастама» деген тыйым сөздердің өзі халқымыздың бас киімге деген ерекше құрметін көрсетеді.

Әрбір бас киімнің өзіндік тарихы, жасалу ерекшелігі бар. Ондағы оюдың да мән-мағынасы болған. Осы орайда Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай «Тақиядағы тарих ізі» атты көрме өтті.
Шараға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ғалия Бозымбаева, аналар кеңесінің төрағасы Бақытгүл Көнеева, жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әділет Чукенов, мектеп оқушылары қатысты. Мақсаты – қазақ халқының ұлттық бас киімдерінің тарихын, түрлерін, жасалу ерекшеліктері мен тәрбиелік мәнін таныстыру. Ұлттық мұраны дәріптеу, салт-дәстүрді насихаттау және жас ұрпақтың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Музей қызметкерлері Индира Рамазанова мен Дариға Нұрланқызы көрмеге қойылған жәдігерлердің шығу тарихымен және қолданылу ерекшеліктерімен таныстырып, әрбір бас киімнің өзіндік атауы, жасалу үлгісі, қолдану ерекшелігіне тоқталып өтті.
– Ұлттық өнер – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан асыл мұрамыз. Қазақтың қолөнері мен ісмерлік дәстүрінде бас киімдерді тігу, кестелеу, зерлеу, ою-өрнекпен безендіру ерекше орын алады, – деген Кеген ауылдық аналар кеңесінің төрағасы Ғалия Сатаева ұлттық колөнердің қыр-сырын танытатын шеберлік сағатында кимешек, жаулық, тымақ, қасаба, ақ киіз қалпақ, айыр қалпақ, сәукеле, тақия, бөрік, малақай сынды бас киімдер туралы кеңінен тарқатып, әңгімелеп берді.
– Қазақ халқы ежелден бас киімге ерекше мән берген. Ол адамның сәндік киімі ғана емес, сонымен қатар оның жас ерекшелігін, әлеуметтік дәрежесін, отбасылық жағдайын және қоғамдағы орнын білдірген, – деген Алмасбек Нұғыман қазақ халқының ұлттық киім мәдениетінің ажырамас бөлігі – ұлттық бас киімдерді дәріптеудегі іс-шараның жас ұрпаққа берер тәлімі мол екенін тілге тиек етті.
– «Тақиядағы тарих ізі» атты көрмемізге атсалысқан музей қызметкерлерінің еңбегі зор. Оның ішінде ғылыми қызметкер, идеяның авторы Меруерт Ермағамбетқызына үлкен алғыс айтамын. Көрмеміз жыл аяғына дейін жалғасады. Музейге жиі келіп тұрыңыздар, – деген аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Тоғжан Біржансалова шараны қорытындылады.
Осылайша, көрме келушілерге қазақ халқының ұлттық киім мәдениетін тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді. Экспозиция арқылы келушілер ұлттық киім мәдениетінің ажырамас бөлігі саналатын сәукеле, кимешек, тақия, бөрік, тымақ, қалпақ және өзге де бас киім түрлерінің шығу тарихымен, қолданылу ерекшеліктеріне және көркемдік-эстетикалық сипаттарына ерекше назар аударып, танымдарын кеңейтіп қайтты.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

