Перейти к содержимому

Ұстаз ұлтты тәрбиелейді

25 қаралым

Аядай ғана Қосқұдық ауылынан түлеп ұшып, шет жақта жүрсе де, елінің атын шығарып, абыройын көтеріп жүрген тұлғалар аз емес. Солардың бірі – ұлағатты ұстаз, «Құрмет белгісі» ордені мен Ыбырай Алтынсарин атындағы медальдың иегері, Білім беру саласының үздігі Гүлжан Қуанышбайқызы Жұмалиева.

Ол 1942 жылы 20 қазанда Талғарда дүниеге келді. 1951 жылы ата-анасы Қосқұдық бекетіне көшіп келіп, шаруашылыққа араласып, ауылдың сыйлы отбасына айналады. Гүлжан сегізжылдық мектепті бітірген соң, Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, оны 1962 жылы бастауыш мектеп мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдайды.
Алматыдағы Тимирязев пен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан №163 балабақшаның меңгерушісі Нәсібелі Шымырбаеваның жетекшілігінде 19 жыл үзіліссіз жұмыс істеп, мол тәжірибе жинақтайды. 1982 жылы құрылысы енді ғана аяқталған №190 балабақшасына қалалық оқу бөлімінің ұйғарымымен Гүлжан Қуанышбайқызы меңгеруші болып тағайындалады. Алғашқы күннен көптеген қиыншылықпен бетпе-бет келеді. Өйткені балабақша Алматыдағы Түсті металлургия министрлігіне қарасты ведомстволық мекеме болатын. Бастапқыда аталған министрлік жүйесінде жұмыс істейтін ата-аналарға арналған балабақша саналды. Қызметкерлердің басым бөлігі орыс, неміс, славян ұлтының өкілдері болғандықтан, балабақша орыс тілінде жұмыс істеу керектігі міндеттеледі.
Балабақша меңгерушісі болдым екен деп қол қусырып қарап отырмай, бірден іске кірісіп, министрлік арқылы ағаш материалдарын алдыртып, балабақша ауласында қалада басқаларда жоқ ғажап «Ертегілер қалашығын» салуды бастап кетеді. Аталған жұмысқа Политехника институты студенттерінің құрылыс тобын жұмылдырып, түрлі ағаштар отырғызып, әсем гүлзарлар мен субұрқақ орнатқызады. Ұжым қызметкерлерімен ақылдаса отырып, бүлдіршіндердің топтарын безендіруге маман суретшілерді тартып, балалар бөлмелеріне қажетті жиһазды, жатын орындарды Украинадан алғызады. 1982 жылдың 25 тамызында балабақшаның тұсауы кесіліп, 2-7 жас аралығындағы бүлдіршіндер қабылданады.
Керемет бастаманы көру үшін республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарынан, «Правда» газетінен тілшілер келіп, телеарнадан көрсетіп, газеттерде жария етеді. Аз уақыттың ішінде №190 балабақшасы Алматы қаласындағы үздік тәрбие беру мекемелерінің қатарынан орын алады. Жылдар ағымымен Гүлжан Қуанышбайқызы ұжым арасында өзара сыйластық пен шығармашылық орта қалыптастыра жүріп, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, олардың кәсіби өсуіне, жан-жақты дамуына жағдай жасауды ұмытпады. Талап қоя білетін әділ басшы болуымен бірге, әрбір баланың жағдайын ойлайтын  қамқор ана, әрбір әріптесінің көңіл-күйін қабағынан түсінетін парасатты жетекші бола білді.
Алғашқы кезеңде орыс тілінде ашылған балабақша еліміз Тәуелсіздік алған тоқсаныншы жылдардың басында 12 топтың ішінен 3-4 қазақ тобын ашу оңайға түспейді. Гүлжан жанкешті еңбекті талап еткен сын кезеңде, ұлт келешегін қалыптастыру жолында алдынан кездесетін түрлі кедергілерді біле тұрып, тәуекелге баруына тура келеді. Ата-аналармен кездесулер өткізіп, балаларына қазақи тәрбие беру қажеттігін жеткізумен болады. Оларды тиісті өтініш хаттарды жазуға үндей отырып, әдістемелік құралдарды қазақ халқының болмысына, салт-дәстүріне, аңыз-дастандары мен ертегілеріне сәйкестендіріп дайындауды қолға ала бастайды.
Ол кезде балабақшаға арналған қазақ тілінде әдістемелік құрал жоқтың қасы еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатымен өз тәжірибесіне сүйеніп, бірнеше әдістемелік құрал дайындап, оны баспадан шығарып, Алматы қаласындағы балабақшаларға таратудың машақаты аз болмайды. «Айгөлек» хрестоматиясы, «Музыка жетекшілеріне және тәрбиешілерге арналған көмекші құрал», «Балдәурен» кітаптары еліміздегі балабақша тәрбиешілерінің бағыт-бағдар ұстанатын таптырмас еңбек болғанын бүгінгі көп адамдар біле бермеуі мүмкін. Кейінгі жылдары өңделіп, толықтырып қайта жарық көрген «Балдәурен» кітабына «Қазақстан – менің Отаным», «Қазақтың ұлттық, тәрбиелік тағылымы», «Балабақшадағы мерекелерді өткізу үлгілері», «Жұмбақтар мен жаңылтпаштар», «Спорттық сайыстар мен ойындар», «Ертегілер мен хикаялар» сияқты жеке тараулар топтастырылды. Бұл күнде осы кітап білім беру саласындағы мамандардың көмекші құралына айналса, қазақ отбасына ұғынықты тілмен жазылған құнды еңбек ретінде бағалануда.
– Өмірлік жолымда, Аллаға шүкір, ұлағатты да парасатты жандар аз болған жоқ. Қиын сәттерде жұбатып, тірек болған, ақылын берген, ең алдымен, тағдыр қосқан өмірлік жолдасым Берекет Жұмалиевке ризашылығым шексіз. Ол университетте ұстаз болып, білген-түйгенімен әркез бөлісіп, жөн сілтеп отырды. Педагогиканың қыр-сырын меңгеруге зор үлес қосқан өзім оқыған Қазақ мемлекеттік университетіндегі ұстаздарымды, алғашқы ұжымымды ешқашан ұмытпаймын. Біздің ұжымда өз саласын жетік меңгерген серіктестерім Мейрамгүл Абылайханова, Күләш Ақжанова, Зәуреш Серғалиева, Галина Коротецкая, Тұрсынай Батырбаева, Роза Жұмабаева, Алтын Қондыбаева, Гүлнар Жәкенова, Мая Дүйсебаева, Елена Кистнер есімдерін әрдайым ерекше ризашылықпен айтып жүремін, – дейді ол өткен жылдардың тізбегін еске алғанда.
Бүгінгі күні сексен жастың сеңгіріне шыққан Гүлжан Қуанышбайқызы: «Келер ұрпақ алдыңғыларынан әлдеқайда алғыр, зерек, рухты болуы керек. Алайда бірінші орында қазақи тәрбие мәселесі тұру тиіс деп санаймын. Өйткені қазақ ұлтына сай үлкенге құрмет, ата-ананы сыйлау, әділ сөзге тоқтау, басқа да игі қасиеттерді бойына сіңіріп өскен бала жаман болмайды. Оның азамат ретінде қалыптасуының діңгегі де осында жатыр. Ал енді мың жерден білімді болсын, бірнеше дипломы болсын, тіл мен діл арқылы келетін ұлттық болмыстан мақрұм жандар қалайша толыққанды азамат болмақ? Олардың бойында қайтіп Отанына деген сүйіспеншілік оянбақ?! Менің пайымымша, мұндағы басты жауапкершілік қоғам сенім артқан зиялылардың, шенділердің мойнында. Сондықтан үлкен және орта буын ел алдындағы, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігін сезіну керек», – деген ұлағатты ұстаздың сөзі жас ұрпақтың санасынан да берік орын аларына ешқандай шүбә келтірмеймін.
Өлшеусіз еңбек өз зейнетін беріп, Гүлжан Қуанышбайқызы 1978 жылы 27 маусымда «Құрмет белгісі» орденімен, 1987 жыл 28 қыркүйекте «Қазақ КСР Оқу-ағарту ісінің озық қызметкері» атанып, 1992 жылы 7 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің шешімімен Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталды.
Өмірде адамға үш нәрсе тым жақын екен: жарық дүние, балаң, жарың. Гүлжан апай осы үш жақынның да жақсылығын жан-тәнімен сезініп, құтты шаңырақтың ұйытқысы, құт-берекесі бола білді. 1962 жылы Берекет Жұмалиев екеуі отау көтеріп, әдепкі керегесін керіп, уығын шаншыды, босағасын бекітті. Берекелі шаңырақтың, құт дарыған отбасының негізін қалады. Ағамыз Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, техника ғылымдарының кандидаты, 1980 жылдан өмірінің соңғы кездеріне дейін Алматы қаласындағы Жамбыл жеңіл тамақ өнеркәсібі институтының кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
Жұмалиевтер әулеті үш бала тәрбиелеп өсірді. Балаларының тұңғышы Рүстем бұл дүниеден ерте қайтты. Меруерт әкесінің жолын қуып, экономика саласынан диссертация қорғап, ғылым кандидаты болды. Расул Ливан мемлекетінде Қазақстан Республикасының Елшісі қызметінде. Ел абыройын шет мемлекетке асқақтатып жүрген азамат. Бүгінгі таңда Гүлжан Қуанышбайқызы өркен жайған бір әулеттің әз әжесі. 4 немересі мен Зере есімді шөбересінің ортасында солардың қызығына бөленіп, марқайып отыр.
«Тіл – ұлттың тамыры, ұрпақтың рухани тірегі» санайтын ұлағатты ұстаз, тіл жанашыры Гүлжан Жұмалиеваны білім жолындағы ерен еңбегіңіз, жас ұрпаққа берген тәліміңіз, адами парасатыңыз, шығармашылық жолыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге бола берсін демекпін.

Зарыққан ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ
Қонаев қаласы

↑