Қонаев қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы облыстық өкілдігінің ұйымдастыруымен «Қазақ қоғамындағы тарихта есімі қалған аналарымыздың келбеті» атты форум өтті.
Алқалы жиын Құран Кәрім аятын оқумен басталды. Алғашқы сөз кезегін алған облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов қазақ халқының аналарды құрмет тұтуының Ислам шариғатымен сабақтасып жатқанын атап өтті. Сонымен бірге ел анасына айналып, тарихта қалған қазақ әйелдері жайлы сөз қозғады. Одан кейін қоғам қайраткері, тіл жанашыры, Түркістан облысының Сарыағаш және Бәйдібек аудандары мен Жамбыл облысы Шу ауданының Құрметті азаматы Оразгүл Асанғазықызы сөз алып, отарлық пен солақай саясат салдарынан халқымыздың ұлттық құндылығынан алыстап қалғанын, соны жаңғырту үшін болашақта не істелуі керектігіне кеңінен тоқталды. Аналардың қоғамдағы рөлі, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері, отбасы құндылығы мен қыз тәрбиесі жөніндегі ой-пікірін ортаға салды.
Мінберге көтерілген ҚМДБ әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Нұрғалиева өз саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында хабардар етті. Динара Құтқожақызының айтуынша, мүфтияттың әйел-қыздар секторы 2016 жылы өз жұмысын бастаған. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша дін қызметкеріне арналған бағдарламалық баяндамасында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы жылы» деп жариялаған. Биыл атаулы жыл аясында «Дін мен дәстүр», «Ізгі қоғам», «Ихсан және насихат», «Діни оқу-ағарту», «Жат ағымдармен күрес» бағыттары бойынша жұмыстарға басымдық берілмек. Бүгінде барлық облыста сектордың жұмысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сектор жанынан әжелер мектебі мен қыз-келіншектер клубы ашылған. Мақсаты – ана мен қыз, ер мен әйел арасындағы қарым-қатынасты күшейту, ене мен келін институтын дамыту, қоғамда ауызбіршілік қалыптастыру және жастарды еңбекке баулу.
Келесі кезекте исламтанушы Шәмшат Әділбаеваның «Абайдың анасы Ұлжан өнегесінен заманауи қыз-келіншектерге инсайттар» және «Resource academy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жетекшісі Бақыткүл Манасованың «Қазақ әйелінің психологиялық мәдениеті» тақырыбындағы баяндамасы тыңдалды.
Өз кезегінде сөз алған Қонаев қалалық аналар кеңесінің жетекшісі Дәметкен Нүсіпбекова бүгінде мектептерде білім беруге ғана басымдық беріліп, тәрбиенің назардан тыс қалып бара жатқанына қынжылыс білдірді.
Келелі жиынды облыстық аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаева қорытындылады.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы