Қазақстан халқы Ассамблеясының бүгінгі XXXIII сессиясы дәл қазіргі қоғамда болып жатқан жағдайға орайластырып өтіп отыр. Отырыста қазіргі жағдайдың қиындығын шешу жолдары қаралып, сол үшін ұлттың, жалпы қазақстандық жұртшылықтың татулықты ту етудегі маңызы көтерілді. Сондай-ақ елдің бірлікте болуы, Отандастардың бір-біріне деген қамқорлығы сипатталды.
Содан кейінгі ең негізгісі – ел Президенті Ассамблеяның қоғамда атқарып жатқан ісінің жоғары дәрежеде екенін танытып, кереметін көрсете білді. Енді оны халықтың қабылдауы қалай болатыны бәрімізге аян. Шын мәніне келгенде, бірлік пен берекенің ең тұнық бұлағы осы Ассамблея болуы тиіс. Дәйім солай болсын деп тілеймін. Тағы бір айтатын жайт, елімізде 10 миллион ағаш отырғызу туралы ұсыныс өзіме қатты ұнады. Ассамблея өкілдері тарапынан айтылған бұл жоспарды мен қос қолдап құптаймын. Сондай-ақ сессия барысында қазіргі кезде Қазақстандағы барша ұлттың татулықтың төңірегіне бірігуі қажет екендігі тілге тиек болды. Расымен де сол бірліктің арқасында тірліктің болатындығын баса айтқым келеді.
Елімнің бірлігінің бекем, тыныштығының тұнық судай болғаны қажет. Сондықтан, бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі де, жасампаздығымыз да, еліміздің гүлденуі мен түрленуі де тек береке, бірліктен ғана болатынын ұмытпауымыз керек. Алла береке, бірлігімізден айырмасын!
Асылы Осман,
қоғам қайраткері