Талғар ауданындағы Бесағаш ауылдық Мәдениет үйінде елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған шахматтан «Senat Open» бірінші ашық турнирінің жартылай финалына қатысушыларды анықтау сайысы өтті. Сайыс шахматты саяси қайраткерлер, барлық деңгейдегі депутаттар мен қоғам өкілдері арасында танымал ету және Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы дирекциялары мен жергілікті жерлердегі өкілді билік органдары арасындағы берік байланысты нығайту, сондай-ақ шахмат спортын дамытуға жергілікті атқарушы органдардың назарын аудару, бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткізіліп жатыр. Ақыл-ойдың ойынына Алматы облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, қоғамдық және ардагерлер кеңестерінің мүшелері, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер, жалпы 100-ге жуық ойыншы қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов жарыс қатысушыларын онлайн құттықтап, ойыншыларға сәттілік тіледі.
– Бүгін өтіп жатқан турнир – ауқымы жағынан шын мәнінде теңдесі жоқ ерекше турнир. Бүкіл еліміз бойынша бұл жарысқа 3000-ға жуық адам қатысады. Шахмат тақтасында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары ғана емес, сонымен бірге журналистер, қоғам белсенділері, үкіметтік емес сектордың өкілдері өзара сайысқа түседі. Көп жылдық тарихы бар шахмат ойыны үстел үстіндегі қарапайым ойын шеңберінен ойыншыдан аса зейін қою мен стратегиялық ойлауды, жоспарлы тактикалық әрекет пен әрине, тиянақты жаттығуларды талап ететін толыққанды спорт түріне айналды. Мен сіздердің шахматты кеңінен насихаттаушы болып отырғаныңызға өте қуаныштымын. Бұл бастамаға қолдау білдірген Сенат төрағасы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаевқа, облыс әкімдіктері мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға турнирді ұйымдастыруға қолдау білдіргендері үшін шын ризашылығымды білдіріп, бәріңе сәттілік тілеймін, ең мықтылар жеңіске жетсін, – деді ол.
Жарыс қатысушыларын сондай-ақ Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байқожаев, Қазақстан шахмат федерациясы президентінің кеңесшісі Олег Рябченко, Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабекұлы, Алматы облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Ескелді Қасымов, турнирдің бас төрешісі Дмитрий Благодаров құттықтады.
– Бүгін бір ерекше күн болып тұр. Өздеріңізге мәлім, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, баспасөз өкілдерінің басын қосып, үлкен бір дүбірлі жарысқа жиналып отырмыз. Өйткені қазір бұқаралық спорттың рөлі өте ерекше. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында осы бұқаралық спортты кеңінен дамыту, біздің өскелең ұрпақты спорттың әр саласына баулу, соның ішінде шамхат ойынын дамыту туралы міндет жүктеді. Осыған орай, міне, мәслихаттардың 30 жылдығына байланысты Сенаттың қолдауымен өтіп жатқан «Senat Open» бірінші ашық турниріне жиналып отырмыз. Оған қатысуға облыстың тоғыз ауданы мен екі қаласынан 102 азаматтың өтінім бергеніне куәгер болып отырмыз. Бүгінгі жарыста үздік нәтиже көрсеткен 25 ойыншы жазда Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы өкілдерінің ортасында өтетін жартылай ақтық сайысқа жолдама алып, әрі қарай Астанада өтетін ақтық кездесуге қатысу үшін күресетін болады. Бәріңізге сәттілек тілеймін!
Бір қуантарлығы, біздің облысымызда спортты дамытуға қыруар қаржы – 17,6 млрд теңге бөлінді. Соған мына осы жердегі барлық аға буын бас-көз болуымыз керек, соның нақты орындалуына қол жеткізуіміз, көзімізбен көруіміз керек. Сонда ғана біздің келешек ұрпақ жақсы азамат болып өсетіндігіне лайықты үлес қоса аламыз.
Тағы бір қуанарымыз, Алматы облысында әрбір мектепте шахматқа әуес балаларға осы ойынды үйретететін үйірмелер, сондай-ақ қалалар мен аудан орталықтарында шахмат клубтары бар. Демек, бұл ойын одан әрі кең өріс алып, бұрынғыдан да дами түседі, сол арқылы спорт сүйер қауым мен өкілетті және атқарушы билік, қоғам қайраткерлері, ардагерлер, БАҚ өкілдері арасындағы өзара түсіністік, бірлік пен ынтымақ арта түседі деген сөз, – деді Қуат Байқожаев.
Күн ұзаққа созылған жарыс нәтижесінде бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталып, дипломдар табысталды. Әйелдер арасында Сапаргүл Серкебаева үздік нәтиже көрсетсе, депутаттар арасында Денис Сидельников, ардагерлер арасында Нұрәділ Әділ ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді.
Жеке есепте нарынқолдық Шапағат Әділбек жеңіпаз атанса, талғарлық Ахат Солтанқұлов екінші, қарасайлық Тұрғали Жолдасов үшінші нәтиже көрсетті.
Ал командалық есепте Талғар ауданының шахматшылары бірінші орынды иеленіп, Қарасай ауданының ойыншылары – екінші, Іле ауданының командасы – үшінші орынға жайғасты.
Турнир еркін, жұмсақ, өзара сыйластық, құрмет пен достық рәуіште өтіп, алға қойған мақсаттың дұрыс екенін көрсетті. Алматы облысының түкпір-түкпірінен келген жас пен жасамыс бір-бірімен емен-жарқын араласып, жарыс тәжірибесін жинады, жаңа таныстар арттырды. «Ылғи ер азаматтармен түсіп қалдым, осы жағы әділетсіздеу болды» деген нәзікжандылар да кездесті. Оған бір ағамыз: «Әншейінде еркек пен әйел тең дейсіңдер, ақыл-ойдың жарысына келгенде – тең емеспіз дейсіңдер, ер азаматтардың бұл жағынан артық екенін мойындағандарыңа рахмет!» – деп әзілмен жауап қайтарып, бүкіл қатысушыларды күлкіге қарық қылды.
Несі бар, бізді кезінде қазақ сатирасынан тұңғыш докторлық диссертация қорғаған Ұлы ұстазымыз, марқұм Темірбек Қожакеев: «Күлкі – күштілердің қаруы» деп оқытты. Осылай астарлы сөздің мәнін терең түсініп, ата-бабаларымыз сияқты әлпіміз алысып, әзіліміз жарасып, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы, ырыс-несібесі арта берсін!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы