Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов жұмыс сапарымен Алматы облысында болып, Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесті. Вице-министр жылу-энергетика кешенінің қазіргі жағдайы туралы айтып берді. Қала тұрғындары жылумен, газбен қамту және ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарының барысы жөніндегі сұрақтарына жауап алды.
Кездесу барысында вице-министр Алматы облысында жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытудың әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бүгінгі таңда өңір республикада ЖЭК қуаты бойынша 2-орында немесе 23 объект өндіретін 371,4 МВт, оның ішінде 10 ЖЭС-тің қуаты 146,5 МВт, 7 ГЭС-тің қуаты 64,62 МВт, 6 күн электр станциясының қуаты 160,35 МВт. Қуаты 14,9 МВт болатын 1 нысанның құрылысы 2027 жылға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Вице-министр тұрғындармен облысты одан әрі газдандыру жоспарларымен бөлісті.
«Бүгінгі таңда Алматы облысын газдандыру көрсеткіші (01.01.2024 ж.жағдай бойынша) 72,3% немесе шамамен 1,1 млн. адам табиғи газға қол жеткізе алады. 2024 жылы Энергетика министрлігінің бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 9 жобаны (5-еуі жалғасып жатыр, 4-еуі жаңа) іске асыруға 2,4 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлінеді. 2024 жылғы 15 наурызында Ұлттық құрылтай отырысында берілген Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде 12 жобаны іске асыруға қосымша 6,9 млрд.теңге бөлінді (5 жалғасуда, 7 жаңа). 2024 жылдың қорытындысы бойынша 13 елді мекенді немесе шамамен 29 мың адамды газбен қамтамасыз ету жоспарлануда», – деді Әлібек Жамауов.
Сонымен қатар, энергетика вице-министрі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизель отынын жеткізу, өңірді ЖЖМ мен сұйытылған мұнай газының қажетті қорларымен қамтамасыз ету мәселелерін қозғады. Кездесуге келген облыс тұрғындары «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ балансына жаңа электр желілерін қабылдау, елді мекендерді газдандыру сияқты өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Сондай-ақ, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті.
Жұмыс сапары барысында энергетика вице-министрі Алматы ЖЭО-3-ке барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты және жұмысты жылыту маусымы басталғанға дейін уақытында және сапалы орындауды тапсырды. Қазіргі уақытта ЖЭО-дағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі