Алматы облысының спортшылары – Мадияр Шәріпбай мен Марал Төлепберген халықаралық жарыстарда топ жарып, ел мерейін үстем етті. Қос жеңімпаз Еңбекшіқазақ ауданы, Қазақстан ауылдық округінің перзенттері.
Мәдияр Шәріпбай Венгрияның Помаз қаласында өткен халықаралық жамбы ату жарысында тамаша өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді. Ал Марал Төлепберген Италияның Ассини қаласында жалауын көтерген бокстан жасөспірімдер арасындағы турнирде жеңімпаз атанды. Қазақ қызының шеберлігіне шетелдіктер тәнті болды.
Қос жеңімпазға жерлестері құрмет көрсетті. Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бағалы сыйлықтар тарту етті.
«Бұған дейін облыстық, республикалық жарыстарда жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Сол жетістіктердің арқасында халықаралық додаға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Венгрияның Помаз қаласында өткен жарысқа әлемнің 14 елінен 26 мерген бақ сынады. Тыңғылықты дайындықтың арқасында жеңіс тұғырынан көріндім», – дейді алтыннан алқа таққан Мадияр Шәріпбай.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы