20 қарашада басталып, айдың соңына дейін жоспарланған іс-шара жол қауіпсіздігін, қоғамдық орындарда қылмыстардың алдын алып, жалпы тәртіпті қамтамасыз ету үшін өткізіледі.
Бұл туралы Алматы облысы департаментінің бірінші орынбасары Мейрам Абикеев баяндады.
Спикердің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – қылмыстарды ізін суытпай ашу, құқықбұзушылықтарды, соның ішінде жол ережесін өрескел бұзғандарды анықтау.
«Өңірде іс-шара барысында ювеналдық полиция желісі бойынша есепте тұрған 141 тұлға тексерілді. 4 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды және 3 адам уақытша бейімдеу және интоксикацияға қамалды. Сонымен қатар, жол қауіпсіздігін сақтамаған 25 көлік айыппұл тұрағына орналастырылды», – дейді Мейрам Жұмкенұлы.
Операция қорытындысы бойынша полицейлер екі күн ішінде облыс бойынша барлығы 3059 әкімшілік құқықбұзушылық фактісін тіркеген. Соның ішінде 1492 қоғамдық тәртіпті сақтау және 1567 жол қауіпсіздігі желісі бойынша анықталған.
Спикер «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасы кезінде қалалар мен елдімекен көшелерінде, қоғамдық орындарда тәртіп жақсарғаны байқалды деп қортындылады.