Балалардың қауіпсіздігі, заманауи бейнебақылау жүйелері, жаңартылған коммуналдық желілер мен абаттандырылған аулалар – «Әділет» партиясының Алматы облысы бойынша 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында қамтылған басым бағыттардың бірі.
Осы мәселелер партияның облыстық сайлауалды штабының қоғамдық қабылдауында да көтерілді. Алматы облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Серік Нұрқадыров Қонаев қаласының тұрғындарымен кездесіп, партияның өңірлік бағдарламасындағы нақты міндеттерді түсіндірді.
Ата-аналарды әсіресе балалардың кешкі уақытта сабақтан үйге қауіпсіз оралуы алаңдатады. Көшелерді жарықтандыру, бейнебақылау камераларын көбейту және балалар жүретін аумақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Балалардың қауіпсіздігі – кез келген отбасы үшін маңызды мәселе. Ата-ана баласын мектепке жібергенде немесе кешкі уақытта үйіне күткенде алаңдамауы керек. Біздің бағдарламамызда қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейту, бейнебақылау жүйелерін дамыту және білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттері белгіленген. Осы бастамалардың жүзеге асуына депутаттық өкілеттік аясында ықпал етуді көздейміз», – деді Серік Нұрқадыров.
Партия бағдарламасына сәйкес, «Сергек» жүйесінің 9 мың бейнебақылау камерасының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, жыл сайын 447 білім беру нысанының камераларын Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосу жоспарланған.
Қонаев қаласының инженерлік инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалмаған. Бағдарламада №2, 3 және 5 шағынаудандар мен Абай көшесінде кәріз және су бұру жүйелерін дамыту, 2028 жылы жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын пайдалануға беру көзделген.
Сонымен қатар қаланың Жаңа Іле ауданында автоматтандырылған газ тарату станциясын салу жобасы қарастырылған.
«Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – тек жаңа ғимараттар салу емес. Аулада балалардың ойнайтын орны, қауіпсіз жүретін жолы, көгалдандырылған қоғамдық кеңістік болуы керек. Коммуналдық жүйелер де тұрақты жұмыс істеуі тиіс. Біз осы мәселелерге қатысты тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, қажетті жобалардың жүзеге асуына ықпал етуді мақсат етеміз», – деді кандидат.
Партияның «Таза Қазақстан» бағыты аясында Алматы облысының елді мекендеріне жыл сайын 220 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
29 қарашада «Әділет» партиясына дауыс беріңіз!
Дайындаған: «Әділет» партиясының Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Қасқарауов Д.А.
Алматы облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауына партиялық тізім ұсынған «Әділет» партиясы ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.

