Кеген аудандық тарихи-өлкетану мұражай үйінде Киелі Кеген өңірі, Қарабұлақ ауылының тумасы, өлкетанушы һәм суретші, бір сөзбен айтқанда сан қырлы талант иесі Болат Сәрсенбайдың «Өлке тарихнамасы» атты кітабы таныстырылды. Аталған шараға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, «Жеті қазына» мұражай-үйінің директоры Мүлік Исабеков, әкімдік қызметкерлері мен
кітапханашылар қатысты.
Болат Жапсарбайұлы 1962 жылы екінші қыркүйекте Кеген ауданы Кіші Жалағаш ауылында дүниеге келген. Мәдениет үйінде суретші, мемлекеттік қызметте салық инспекторы жұмыстарын атқарды. «Алтын көпір», «Ауылдың да айтары бар» атты екі кітаптың авторы, Шоқан Уалиханов атындағы тарих және этнология институты шығарған «Орта Азия елдерінің киелі жерлері» атты жинағына 9 аңыз деректері кірген. 300-ден аса мақалалары республикалық, облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрді. Осы уақыттарда өзінің білімі мен іскерлігін тиімді пайдалана отырып, біршама жетістіктерге жетті. Сурет өнері бойынша шәкірттері арасынан халықаралық, республикалық байқаулардан жеті шәкірті бас жүлде алды. 14 шәкірті І-ші дәрежелі дипломант атанды. «Жеті өнер» VI халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсының 2022 жылғы Гран при жүлдесінің жеңімпазы, «Үздік педагог» төсбелгісінің иегері. «Бейбітшілік әлемі» халықаралық журналистер одағының мүшесі. Бүгінде академик Ақай Нүсіпбеков атындағы мектеп-гимназиясының Алматы облысы «Кеген ауданы бойынша техникалық, шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде сурет пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаруда.
– Ұялы телефонның құлы болған бала, өзін дамытпақ түгілі уақыты текке кеткен, қолынан ештеңе келмейтін әлжуаз, жалқау, мәңгүрт болып шығады. Оларды құтқаратын жол – шығармашылық жол. Бұл болашақта мықты суреткер тұлғалардың шығуына мүмкіндіктер береді. Біздің алдымыздағы бала, біздің ертеңіміз. Олардың мықты болып, биік белестерді бағындыруының баспалдақтарын біз жасаймыз, – дейді үйірме жетекшісі,суретші Болат Жапсарбайұлы.
Кешке жиналған қауым қылқалам шебері Болат Сәрсенбайдың туындылары қойылған көрмені тамашалады. Сонымен қатар «Азамат айнасы» атты деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.
Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жаңа кітап өлкетануға қосылған үлес екенін айтып, авторға шығармашылық табыс тіледі.
– Бала кезден «Елдің, жердің қасиетінен айналайын!» деп қариялардың тебірене айтқан сөздерін естіп өстік. Шежіре қарттарымыз ел арасындағы тарихи оқиғаларды тарқатып, әңгіме тиегін ағытқанда жер-су атауларына да жиі тоқталатын. Осы тағылымды дәстүр ата мен бала арасына сара жол салып, алтын көпірге айналып, бүгінгі күнге жетіп отыр.
Жерлесіміз Болат Жапсарбайұлының еңбегі – соның бір парасы. Атадан балаға мирас болған жүздеген, мыңдаған жылдық тарихы бар жердің атаулары келешек ұрпаққа шежіре дастан болып сақталмақ. Жаңа кітап – өлкетануға қосылған зор үлес. Жазарыңыз көбейсін, қаламыңыз ұштала берсін, – дей келе кеш иесінің иығына шапан жауып, Алғыс хат табыс етті.
Шарада Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов баяндама жасады. «Жеті қазына» мұражай үйінің директоры, өлкетанушы Мүлік Исабеков, Айтжан Түркебаев атындағы мектеп-лицейінің оқытушысы Шәміл Сағындықов, зейнеткер, өлкетанушы Алғазы Рақымбаев, тарихшы Дүйсенбай Сығаев, ардагер журналист Шыңғыс Тұрсыновтар сөз алып, осынау кең-байтақ жеріміздің, еліміздің тарихын танытуда Болат Сәрсенбайдың еңбегі ерен екеніне тоқталды.
Болат Жапсарбайұлының жаңа жинағы кешенді деректерге сүйеніп, ата-бабадан келе жатқан аңыздарды қамтып, Кеген ауданының 100 тарихи киелі орнын баян етеді. Кітапта аталмыш жерлердің фотосуреттері, туған жердің көрікті көріністері суреттелген.
Шара соңында өлкетанушының әпкелері Анаргүл Қалиақбарова мен Зияш Сәрсенбаева көпшілік қауымға алғыс білдірді.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы