Баланың бойындағы дарынды, ынта мен қызығушылықты дер кезінде байқап, оның дамуына жол ашып, қолдау көрсетпесе – туа біткен таланттың өзі тұншығып, қабілет-қарымы ұшты-күйлі жоғалуы да кәдік емес. Әңгімеміздің әлқиссасын бұлай бастауымыздың мәнісі – Еңбекшіқазақ ауданы Таутүрген ауылында 1950 жылы дүние есігін ашып, балдәурен балалық шағы Қаракемер ауылында өткен Ержұмаш Борлыбаевтың ән өнеріне деген әуестігін байқап, әкесі музыка мектебіне бермегенде, оның келешекте кім болатынын ешкім де болжай алмас еді.
Әкесі Ахметжан 1964 жылы Алматы қаласында республикалық музыка мектебі ашылғанын естіп, 7-сыныпта оқитын Ержұмашты сол жерге алып барады. Бес-алты мұғалім оқушының қабілетін тексеріп көреді. Мектеп сахнасында өнер көрсетіп жүрген дарынды балаға ол аса қиындық тудыра қоймайды, бірнеше әнді нақышына келтіріп, қысылмай, қымтырылмай емін-еркін айтып береді, оның үстіне гармонда ойнайды. Оның талабы мен құлшынысына риза болған мектеп басшылығы сабақ әлдеқашан басталып, бірінші тоқсан бітіп кеткеніне қарамай, музыка мектебіне қабылдау жөнінде шешім қабылдайды. Бірнеше жылдан кейін бұл мектепке көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның Халық әртісі, академик Ахмет Жұбановтың есімі беріледі.
– Қазір бағамдап қарасақ, бұл Хрущевтің тұсындағы жылымық кезінде қазақ қайраткерлерінің ұлттық өнерді дамыту бойынша қолға алған үлкен істерінің бірі іспетті. Оған Ахмет Жұбановтың есімі берілуі – көрнекті ғалымның еңбегіне берілген лайықты баға деп ойлаймын. Алғаш оқуға түскенде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 27 бала едік, содан 12 бала ғана аяқтадық, – дейді сол мектептің ұрмалы аспаптар сыныбын 1969 жылы бітірген алғашқы түлектерінің бірі екенін үлкен мақтаныш, сарқылмас сағынышпен елжірей еске алған Ержұмаш аға. – Сөйтіп оқуды толық бітірген 12 жасөспірім осы мектептің тұңғыш түлектері ретінде Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға конкурстан тыс оқуға түстік. Оны 1974 жылы бітіріп, музыка маманы атандық.
Әрине, консерватория қабырғасында теориялық білімімді күнделікті тәжірибемен ұштастырып, 1970 жылдан бастап, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрінде қатар жұмыс істедім. Бір жарым жылдан кейін филармонияға қарасты симфониялық оркестрге ауыстым. Консерваторияны бітірген соң да сол ұжымда қалып, еңбек еттім. Арасында үш жылдай Орта Азия әскери округінің әскери оркестрінде қызметте болдым. Зайыбым Әлия мемлекеттік банкте қызмет істейтін, бақытымызға қарай оның атына менен бұрын Талғар қаласынан үй берілді. Міне, сол 1978 жылдан бері осы құтты қоныста тұрып жатырмыз.
Аллаға мың да бір шүкір, бір ұл, үш қыз дүниеге келіп, балалардың қызығына кенелдік, немере сүйдік. Разилия атты қызым әке жолын қуып, Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп, Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жаңадан ашылған Сәбит Мұқанов атындағы қазақ театрында он жылдай еңбек етіп, Алматыға оралды. Ал кенже қызым Ләззат Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдады, – дейді ұрпағының өнерге жақын екенін әкелік сүйіспеншілікпен мейірлене әңгімелеген Ерекең.
Осылай, әу баста Алматыда тұруды армандаған оның отбасына Алатаудың баурайындағы табиғаты тамаша, ауасы таза, суы мөлдір Талғар қаласынан құтты қоныс бұйырады. Бірақ 1982 жылға дейін төрт жыл бойы Алматыға қатынап жұмыс істейді. Өйткені Талғарда оның мамандығын қажет ететін өнер ұжымы, симфониялық оркестр дегеніңіз атымен жоқ.
– Мұқан Төлебаев, Чайковский, Бах, Бетховен, Моцарт, Рахманинов, Брамс, Прокофьев, Шостаковичтің неше түрлі симфониялық шығармаларын орындадық. Дирижеріміз – Мәскеудің Үлкен театрында бірнеше жыл қызмет еткен Ғазиз Дугашев деген ғаламат музыкант. Одан кейін Тимур Мыңбаев, Фридман Самуил деген атақты музыканттар болды. Сол оркестрдің құрамында бұрынғы Кеңес одағының көп жерін, туған Қазақстанымыздың түкпір-түкпірін аралап, «атың барда жер таны желіп жүріп» дегендей, ел көрдік, жер таныдық, өзге ұлттардың өнерімен таныстық.
Бірақ өмірге балалар келіп, барыс-келіс көбейе бастаған соң бір жалақы аздық ете бастады. Алматыға қатынап істеп жүріп, аудандық Мәдениет үйінде қосымша методист қызметін атқардым. Біз енді консерваторияда оқығанда тек музыка аспабында ойнауды ғана үйренген жоқпыз ғой, сонымен бірге ұлттық, отандық, әлемдік музыка тарихын оқыдық, көркемөнерпаздар, музыкалық ұжымдар жұмысын ұйымдастыру бойынша теориялық білім алдық, құжаттарды, концерттік бағдарламаларды жасаудың негізін үйрендік. Сол қызметте жүргенімде, әріптестерім менің осының бәрін жақсы білетіндігімді, өз жұмысыма деген жауапкершілігімді аңғарған болуы керек, мені Талғар аудандық Мәдениет үйінің директоры қызметіне ұсынды. «Осы кезге дейін Мәдениет үйін арнайы оқу бітірген маман емес, кім болса сол басқарып келе жатыр. Сенің кәсіби білімің, құжаттармен жұмыс істейтін жап-жақсы тәжірибең бар ғой!» – деп қолқа салып қоймады. Әрине мен бастық болуды ойлағам жоқ, бірақ: «Оркестрдің құрамында барабанды ұрғылап жүре берсем, музыка мектебінде, консерваторияда алған білімімді мен кімге үйретемін, өскелең ұрпақты музыка өнеріне қалай баулимыз?» – деген сұрақ жанымды жегідей жеп жүретін. Сол себепті де мен бұл ұсынысты қабыл алдым, – дейді ағынан жарылған Ерекең.
Мәдениет үйінің негізгі міндеті – мемлекеттік саясат негізінде мәдени-ағарту жұмыстарын ұйымдастыруға басшылық ету екенін жұртшылық жақсы білуі тиіс. Ержұмаш аға директор болып барған кезде ол жұмыстың тек аты болмаса, Қызыл Қайрат ауылында орналасқан Мәдениет үйінде анау айтқандай ағарту жұмыстары жүргізілмейді екен. Ерекең бүкіл жұмысты жаңаша ұйымдастырады. Ауыл өнерпаздарының өнерін бағалауда баллдық жүйе енгізеді. Соның арқасында әр өнерпаздың, ансамбльдің орындаушылық шеберлігі мейлінше әділ бағаланып, жаңа таланттар көріне бастайды. Ерекең жергілікті басшылармен сөйлесіп, ауылдық клубтар мен кітапханалардың да қажетті жиһаз, көрнекі құралдармен жабдықталуына үлкен еңбек сіңіреді. Ол кісіні Талғар ауданындағы жалпы мәдени-ағарту жұмысын бір жүйеге түсірген азамат деп атауға әбден лайық. Бұл қызметке ол 14-15 жылын сарп етеді.
Бұрынғы жоспарлы экономикаға негізделген қоғам ыдырып, нарық заманы басталған тоқсаныншы жылдардағы тоқырау оның да өміріне елеулі өзгерістер әкеледі. Жеке азаматтар емес, мәдениет көшін ілгерілетуге мемлекеттің де шамасы келмей қалған кезде, күнкөрістің қамымен қызметін тапсырып, Алматыдағы әйгілі «Барахолкада» кеңсе тауарларын сатумен айналысады. Оның осындай жағдайда екенін естіген таныс музыканттар бір күні іздеп келіп, Абай атындағы опера және балет театрына жұмысқа шақырады. Біреу сенің өнерің мен еңбекқорлығыңды, білімің мен жауапкершілігіңді бағалап, базарға арнайы іздеп келіп шақырып жатса неге бармасқа?! Оның үстіне «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дегендей, ұл-қыздары да әкесінің базарда тұрғанын ар көрді ме, айлығы анағұрлым аз болса да бәрі бірігіп: «Әке, барыңыз, өнер жолыңызды жалғастырыңыз» – деп өтінеді. Ерекең осылай үлкен өнер ордасына қызметке келіп, оны абыроймен атқарып, осы жерден зейнеткерлікке шығады.
Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді? Ерекең ертеректе күнделікті Талғардан Алматыға қатынап жүріп, жол апатына ұшыраған екен. Алла берген шипа, дәрігерлердің емдеуінің арқасында одан айығып кеткенімен, тоқырау жылдарында он бес жылдай қыстың күндері суық кабинетте отырып істеген жұмысы денсаулығына кері әсер етіп, арбаға таңылып қалады. Алайда о бастан ерік-жігері мықты азаматтың еңсесі түспейді. Жастайынан өзіне серік еткен және ұлттық, классикалық шығармаларды үйреніп, әртүрлі ұжымдарда тамаша орындап жүргендіктен, ол саз әлемі жайлы көп ойланып, өзі де арасында ән шығарумен әуәстенеді.
– Біз – газет-журнал, кітапты көп оқыған буынның өкіліміз ғой, осыдан 12-13 жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған ақын Жайлаубай Қазиев өлеңдері ерекше сыршылдығымен маған ұнады. Содан шабытым шалқып, бір өлеңіне ән жазуға бел будым, сөйтіп саз әлеміндегі қарлығаш дүнием өмірге келді. Артынан оның тағы бір өлеңіне ән жаздым. Бұлақтың көзі ашылса, шабытың шалқып тұрса әрі қарай өзі келе береді екен ғой, бір күні «Туған өлкем Таутүрген» деген ән туды. Жалпы туған жерге, өскен ортаға арналған және лирикалық бірқатар әндерім бар.
Осы тұста «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, менің арбаға таңылып, үйде құры отырмай, сазгерлікпен айналысуыма, жігерім жаншылмай, белсенді өмір сүруіме себепші болып жүрген бір азаматтың жақсылығы жайлы айта кеткенім жөн болар. Ол – Жұмағали Кебекбаев дейтін жігіт, кезінде ауданда кәсіподақ комитетін басқарды, ал мәдениет саласы кәсіподақ арқылы қаржыландырылатын. Кейін бірнеше оқу орнында басшы болды. Қазір де «Белсенді ұзақ өмір» клубын ашып, зейнетке шыққан азаматтар мен ардагерлер үшін үлкен сауапты істер атқарып жүр. Сол Жұмекең Жетісу облысы Ақсу ауданындағы туған ауылы Ақтөбеге ән шығаруымды өтінді. Жұмекең волейболды тамаша ойнайды, осы ойынға арнап та ән жаз деп қолқа салды, – дейді досының адал көңілі мен шынайы қамқорлығына ризашылығын білдірген Ерекең.
Оның құтты шаңырағының төрінде тұрған саз сандық – сазгердің жансыз серігі емес, күнделікті тілдесіп, бір-бірінің қал-ахуалын сұрасатын, арасында шалқыған көңіл мен тасыған шабыт астасып, қосыла ән шырқайтын жанды сырласы, арман-мұраты бір сырлы мұңдасы іспетті. Бір сөзбен айтсақ, бірін-бірі жақсы түсінетін сыйласықты отбасы, Жұмағалидай қамқор дос пен табиғи дарын, саз сандықтың арқасында Ержұмаш ағаның өмірі сазды әуенмен өрнектеліп жатыр. Сондықтан Алла сәтін салса, ертең-ақ арбаны тастап, аяғына нық тұрып, қоғамдық өмірге бұрынғыдай белсене араласып кететіне күмән жоқ!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы