Перейти к содержимому
Главная страница » ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОЗЫҚ ЖОБАСЫ

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОЗЫҚ ЖОБАСЫ

Астанада 11(12)-сынып оқушыларына арналған Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобаларының халықаралық конкурсы өтті. Мақсаты – дарынды оқушыларды анықтап, олардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытып, математика және механика саласындағы таланттарды қолдау. Байқауда Қазақстан, Түркия және Тайландтан 135 оқушы өз жобаларын қорғап, үздіктер анықталды. Ұйғыр ауданынан Абай атындағы мектеп-гимназияның оқушылары да қатысып, арнайы марапатқа ие болып қайтты.

Абай атындағы мектеп-гимназия­ның 11-сынып оқушылары Еркебұлан Балтабай мен Жәнібек Максим 7-сыныптан бастап физикаға қызыққан. Олардың талантын таныған ұстазы Мақпал Елмұратқызы қос шәкіртімен бірге белсенді жұмыс істеп, ойларын жүзеге асыруға үлес қосты. Бұл жобаның ерекшелігі мен маңызы турасында оқушылардың өзінен сұраған едік.
«Бәрімізге белгілі, қазіргі таңда электр энергиясы мен жылу бағасының тұрақты түрде өсуі өзекті мәселелердің біріне айналды. Сонымен қатар дәстүрлі энергия көздерін пайдалану қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіруде. Сондықтан біз күн және жел энергиясын біріктіретін гибридті жүйе ұсындық. Бұл жүйенің тиімділігі мынада: күн болмаған жағдайда, жел энергиясы жұмыс істейді. Жел болмаған кезде, күн энергиясы қолданылады. Ал екеуі қатар жұмыс істегенде, үй толықтай өз энергиясын өзі өндіре алады. Яғни мұндай үйді энергия жағынан тәуелсіз үй деп атауға болады. Біздің жобаның негізгі мақсаты – энергияны аз тұтынатын, экологияға зиянсыз, «ақылды үй» моделін жасап, оның тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеу.
Зерттеу барысында біз шетелдік және ТМД елдеріндегі энергия тиімді үйлерге талдау жасадық. Салыстыру нәтижесінде гибридті жүйе энергия тұтынуды 38 700 кВт/сағаттан 13 900 кВт/сағатқа дейін төмендетіп, 64% үнемдеуді қамтамасыз ететіні анықталды. Бұл нәтижелер гибридті жүйенің жоғары тиімділігін нақты дәлелдейді», – деп жас ғалымдар өз ойларын ортаға салды.
Олардың ізденісі нәтижесінде тұтыну­шылар үшін экономикалық және экология­лық тұрғыдан тиімді үй типтері анықталды. Мектеп жағдайында қолжетімді құралдар арқылы күн және жел энергиясын біріктіретін, гибридті жүйенің жұмысын тәжірибе жүзінде көрсетуге арналған макет жасалды. Макетке «Аrduino Uno» платформасы арқылы басқарылатын сервомотор орнатылып, есікті автоматты түрде ашып-жабу механизмі қосылды. Сонымен қатар гибридті жүйенің жұмысын қашықтан бақылауға арналған шағын дрон үлгісі дайындалып, жоба энергия тиімділігі мен робототехника элементтерін біріктіретін инновациялық бағытта ұсынылды. Соны бүге-шігесіне дейін зерделеп, ары қарай дамытқан Жәнібек пен Еркебұлан аталмыш жобаның құндылығын бағамдау үшін бірқатар сайысқа қатысты.
Әп деп осы жобаны бастаған кезде, яғни 2021 жылы аудандық 1-7-сынып оқушылары арасындағы «Зерде» зерттеу жұмыстарының физика секциясы бойын­ша Гран-при иегері атанды. 2024 жылы республикалық зерттеу жоба­лары конкурсының аудандық кезеңінде бақ сынап, 1-орынды иемденді. «Жасыл планета» экологиялық байқауы бойынша да 1-орыннан көрінді. Биылғы оқу жылында кем-кетігін толық­тырып, тағы да республикалық зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңін­де бас жүлдені жеңіп алды. Ал енді Астана қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша зерттеу жобалары­ның халықаралық конкурсында жас зерттеушілердің жұмысы жоғары бағала­нып, Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жобаның ғылыми жетекшісі, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық универ­ситеті физика кафедрасының профессоры, ғылым докторы Айнагүл Қапасқызы оқушылардың талпынысы мен ізденісі нағыз ғылым жолына түсетін шәкірттерге тән екенін айтып өтті.
Елдің ертеңі – ғылымның дамуы. Ендеше болашақта сол ғылым жолында Еркебұлан мен Жәнібектің де есімдері ойып жазылатынына біздің сеніміміз мол.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы