⛅
7°C
Қонаев
Сенбі, Сәуір 18, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, жазушы-публицист: Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, жазушы-публицист: Арқамды арға сүйеп, пейілімді халыққа арнап қызмет еттім

    18.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Сұхбат
    Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, жазушы-публицист: Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, жазушы-публицист:  Арқамды арға сүйеп, пейілімді халыққа арнап қызмет еттім
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Қазақ журналис­тикасында уақыт сынынан өтіп, қаламы мен қарымы қатар мойындалған, сойы бөлек, соқталы азаматтардың бірі – жазушы-публицист, тәжірибелі журналист Жақыпжан Нұрғожаев. Ол саналы ғұмырын қазақ баспасөзінің көкжиегін кеңейтуге арнады. Қаламынан туған ойлы дүниелері оқырмандардың жүрегіне жол тапты. Қара сөздің қаймағын қалқып, қара орман елінің құрметіне бөленді. Сөйтіп, өзі 20 жылға жуық басшылық жасаған Алматы облысының төл басылымы – «Жетісуымен» біртұтас ұғымға айналды. Жақыпжан Нұрғожаевтың Мұқағали ақынның бүкіл ғұмыр жолын көркем сөзбен кестелеп, оның тағдырына, ішкі жан әлемінің терең қатпарына үңіле білгені тағы бар. Биыл қарымды қаламгер, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Жақыпжан Мысабекұлы сексеннің сеңгіріне шықты. Осыған орай жазушы, жампоз журналистпен бедерлі жылдар белесіндегі ғұмыр өткелдері жайлы сыр толғап, шығармашылығы хақында ой бөліскен едік.

    – Күні бүгінге дейін қолдан қаламыңызды тастамай келесіз. Одан қалды түрлі рухани шараларға да белсенді қатысасыз. Кейде көз алдыңыздан бір дәуірдің шежіресі – көш өтетін болар? Редакция табалдырығын имене аттаған бозбала шағыңыз­ды үнемі есіңізге аласыз ба?
    – Иә, сонау жасөспірім шағымда тырнақалды мақалам Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бетінде жарық көргені есімде. Сондағы толқындай тулаған сезімім мені журналистика әлемі­нің тылсымы ақ қағаз бен қаламды серік етуіме жол ашты. Кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген соң, қаламыма өзі қанат бітірген «Жетісу» газетінде еңбек жолын бастадым. Жұмыс барысында ҚазТАГ-тан түскен материалдарды оқып, баспаханамен ұдайы байланыста болдым. Макет жасауға қатысып, қай материалдың қай жерде тұратынын зердеме тоқыдым. Жалпы солай өзгеше бір тәжірибе мектебінен өттім. Осылай «Жетісуда» жетіле түскен қадамым мені өзге биіктерге жетелей түсті.
    Журналист үшін шындыққа қыз­мет етуден асқан бақыт жоқ. Бұл – кез келген журналистің маңдайына жазыла бермейтін биік ұстаным. Менің ғұмырымның ең бір сәулелі сәттері «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде еңбек еткен жылдарым еді. Қай кезде де, қандай жағдайда да газет рухани майданның ортасында, ар мен намыстың алғы шебінде, ақиқат пен шындықтың жүзінде, әділдік пен туралықтың ізінде болды. Қиналған кезіміз болды, қорыққан жоқпын, тұйыққа тірелген кезім болды, торыққан жоқпын. Газеттің рухани күшін сезініп, оның басшысы Сейдахмет ағамыздың тәлім-тәрбиесін көріп, арқамызды арға сүйеп, пейілімізді халыққа арнап қызмет атқардық. Осы кезеңде газет Кеңес одағы бойынша ұлттық республикалардың ішінде таралымы жөнінен ең алдыңғы қатарға шықты. Таралымы 300 мыңға жеткен басылымда, сол ұжымда еңбек еткен азаматтардың есімдерін ешқашан ұмытқан емеспін. «Жас Алаштан» үйренген тәлімім маған өмір бойы азық болды. Кейін ғасырлық тарихы бар Алматы облыстық «Жетісу» газетін басқарған кезде де «Жас Алаштың» мектебінен үйренгендерім көп көмегін тигізді.

    – Ұжымды ұйытып отырудың өзіне үлкен жігер керек екені белгілі. Бұл сыннан қалай сүрінбей өттіңіз?
    – Расында, газет редакциясында бір жұмыс істеген адам оның «шыр­мауынан» шығып кетуі қиын, себебі бұл жердің өзінің қызығы, қызықтыратын тұсы бар: журналистің бір күні екінші күніне ұқсамайды, бүгін далада жүрсең, ертең елдің ішінде боласың, бүгін ауыл шаруашылығы саласындағы бір мекемелерде жүрсең, ертең өндірісте, арғы күні дәрігерлердің, ғалымдардың, басқа да сала мамандарының ортасында жүресің. Осының барлығы адамның таным көкжиегін кеңейтеді, іштей өсіреді. Сол жылдары газет бетінде ауыл тағдыры, қарапайым еңбек адамы, ұлттық құндылық, тіл мен діл мәселелері батыл көтерілді. Мен үшін тақырыптың «өтімділігі» емес, қоғамға қажеттілігі басты өлшем болды. Сондықтан да қалың оқырман сүйікті басылымды асыға күтті, сенді. Осылай «Жетісу» халықтың көзі мен тіліне айналды. Газет ісінің қиындығына мойымай, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсете білдік. Сол жылдары басылымның мазмұны байып, бағыты айқындалып, өңірлік деңгейден республикалық деңгейге ұмтылған іргелі ақпарат құралына айналды. Газетте жаңа айдарлар, айқара беттер ашылып, оқырман сұранысына сай мазмұн қалыптастырдық, дизайнды өзгерттік. Осылай көпшілік іздеп оқитын «Тарих тағылымы», «Саф ойдың саябағынан», «Ұстаз мәртебесі», «Өнер-білім бар жұртта», тағы басқа айдарлар рухани-ағартушылық бағытты күшейтсе, отбасына арналған «Шаңырақ», танымдық «Зерде» беттері, жастарға арналған «Замандас» қосымшасы газеттің мазмұндық аясын кеңейтті. Сондай-ақ «Ұлағат», «Ғибрат», «Тағзым» сияқты елін, халқын шынайы сыйлаған, өмірі мен еңбегі арқылы қоғамға өнеге болған азаматтарға арналған тағылымды, тәрбиелі айқара беттерді оқырман аса жылы қабылдады. Мен редактор ретінде ең алдымен ұжымдағы татулықты басты орынға қойдым. Қысқасы, сол жылдары «Жетісу» газетінің беделі артып, оқырман қатары көбейіп, таралымы тұрақты түрде өсті.

    – Биыл – қазақ жырының мұзарт биігі Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл. Ақын аттас журналдың оқырмандармен қауышқанына да 20 жылдың жүзі аунапты. Ақынның шалқар мұрасын зерттеп, мұқағалитану мәселелеріне кеңінен жол ашқан айтулы басылымның қазақ руханиятында алар орны айрықша екені сөзсіз. Енді әңгімеміздің арнасын аталған журнал жайына бұрсақ, осы басылым қалай өмірге келді, алғашқы нөмірі қалай жарық көрді, басы-қасында кімдер болды? Сол туралы айта кетсеңіз.
    – Мұқағалиға арналған журнал шығару идеясын көптен ойлас­тырып жүрдік. Елімізде Абай, Жамбыл аталарымыздың есімімен аталатын арнайы басылымдар бар. Бұл журналдар ақын мұраларын зерттеуде бірден-бір рухани құрал болып табылатыны сөзсіз. Осы ойдың жетегінде жүріп, халқының сүйікті ақынына айналған Мұқағали есімі­мен аталатын бір журнал ашсақ, бұл журналды да ақын шығармашылығын зерттеудің бағыт-бағдарына айнал­дырсақ деген идея болды. Содан Мұқағали поэзиясының жанашыр­лары мен әдебиеттің айналасында жүрген жігіттермен ақылдаса келе, осындай журнал ашу туралы шешім қабылдадық. Басылымның пилоттық нөмірін Райымбек атамыздың 300 жылдығына арнап шығардық. Баспасөз саласында қызмет етіп жүргендіктен, өзіңіз де жақсы білесіз, жаңадан журнал ашудың қиындығы мен қызығы да қатар жүреді. Нөмір сайын Мұқағалиға арнап қызықты материалдар ұйымдас­тырып тұру – түсінген адамға өте қиын жұмыс. Бірақ біз Алтай мен Атыраудың аралығындағы Мұқағалидың жүзде­ген мың оқырманына сенім арттық. Мұқағалидың рухы да дәтке қуат бергені анық. Осылайша «Мұқағали» журналы әдеби-журналистикалық өмірімдегі ең маңызды жобаға айналды. Әрине, үлкен журналды жалғыз адамның шығаруы мүмкін емес. Сондықтан бұл іске қаламдас әріптестерді қатыс­­тырдық. Талдықорғандағы пәтеріме Рысбек Сәрсенбай, Батық Мәжитұлы және Сағатбек Медеубек сынды қазақ журналистикасының қабырғалы қаламгерлерін жинап, үш күн бойы «Мұқағали» журналын қалай шығарудың жай-жапсарын ақылдастық. «Мұқағали» журналының негізін қалап, идеялық бағдарын айқындауда, мазмұнын айшықтауда аталған азаматтар үлкен үлес қосты. «Райымбек батыр» қорының төрағасы, Алматы облысы білім басқармасының сол кездегі басшысы Тоққожа Естенов қаржылай көмек жасады. Мұқағали поэзиясының жанашырлары, қазақ­тың белгілі азаматтары – Амангелді Ермегияев, Кеңес Үшбаев, Стахан Белғожаевтар жан-жақты қолдау көрсетті. Кеңес Үшбаев редакцияны бөлмемен, компьютерлік техникамен қамтамасыз етсе, Амангелді Ермегияев редакциямызға көлік алып берді. Стахан Белғожаев журналдың баспа­хана­лық мәселелерін өз мойнына алды. Кезінде Райымбек ауданында әкімнің орынбасары болып қызмет атқарған Бағашар Тоқмолдаев журналдың 3 мың данасын жаздырып берді. Осы ретте журналдың халық арасында кең таралуына Алматы облысын басқарған Серік Үмбетов, Шалбай Құлмаханов, Амандық Баталов сынды азаматтардың ерекше үлес қосқанын айтуға тиіспін. Журналдың таралымы алғашқы жылдары он мыңға жетті. Бұл – әдеби журнал үшін өте жақсы көрсеткіш. «Мұқағали» журналының мұндай танымалдыққа ие болуын ақын шығармашылығына қызығатын оқырмандардың молды­ғымен байланыстырған жөн. Міне, осындай азаматтардың қол­дауы мен жанашырлықтарының арқасында журнал оқырмандарға жол тартып, танымал бола бастады. 2005 жылы журналдың алғашқы нөмірі оқырман қолына тиді. Содан бері аттай 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы жылдар бойына үзбей журнал шығарудың қаншалықты мехнат тірлік екенін екінің бірі жақсы түсінері анық. Тәуелсіздік жылдары көптеген газет-журнал пайда болып, бес жыл болмай жұмысын тоқтатқанын көзіміз көрді. Сондықтан 20 жыл бойы «Мұқағали» журналын үзбей шығарып, халықтың сүйіп оқитын басылымына айналдыру үшін маңдай терімізді моншақтатып төктік десек, артық айтқандық болмас еді. Журналдың аяғынан тік тұрып, мазмұнды болуы­на сол кездегі редакторы Батық Мәжитұлының сіңірген еңбегін ерекше бағалаймын. Айтпақшы, өткен жылы журналдың 20 жылдығы ел көлемінде елеулі оқиға ретінде аталып өтілді. Бүгінде басылымның бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Мағлұмов бастаған редакция ұжымы журнал­дың әрі қарай да сапалы әрі мазмұнды шығуына көп еңбек сіңіріп келе жатыр. Осылай «Мұқағали» журналы ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеуге өзіндік үн қосуда. Журнал бетінде қазақтың маңдайалды ақын-жазушыларының Мұқағали туралы сұхбаттарын ұйымдастырдық. Сол сұхбаттарда да көп құнды пікірлер айтылды. Басылымның рөлі осы тұрғыдан маңызды деп білемін. Десе де, Мұқағалидың құпиясын толықтай ашып, көпшілік қауымға таныстыр­дық десек, астамшылық болар еді. Ақын мұрасына қатысты қозғалмаған тақырып­тар әлі де көп.

    – Сіздің Хантәңірдің мұзбалағы Мұқағали Мақатаев туралы «Жүрегі оның – жанартау», «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» деген кітаптарыңыздың жарық көруіне ақынның көзін көрген замандас тұлғалардың сырға толы сұхбаттары қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?
    – Менің жарты ғасырлық журналистік қызметім бір төбе болса, өз басым Мұқағалидың есімімен өте тығыз байланысты жазушылық шығармашылығымның шыңы санай­тын осы кітаптарым – бір төбе. Шыны керек, мен жазуды ерте бастасам да, белгілі бір себептермен үлкен әдебиетке кештеу келген адаммын. Өкінішім жоқ, Мұқағали жайлы жаз­ғандарым көзіқарақты оқырманның жылы ілтипатына бөленіп, аузы дуалы сыншылардың назарына ілікті. Ең әуелі ақиық ақынның ғұмырнамасы іспетті «Жүрегі оның – жанартау» деп аталатын кітап ой-толғамдар мен сұхбаттар жинағынан құралды. Аталған кітабым сол кездегі Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтың қолдауымен жарық көрді. «Сарыжайлау» қоғамдық қоры дайындап, «Мұқағали бастауы» сериясымен шыққан бұл жинақ «Мұқағалидың мұрасы – қазақтың қазынасы» және «Ақын жайлы айтатын пікірлер көп» деген екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімге ақынның «Райымбек! Райымбек!» дастаны мен көпшілікке кеңінен танымал болған лирикалық жырлары жөніндегі ой-толғаныстар, ал екінші бөлімге «Мұқағали» журналында жарияланған Әбіш Кекілбаев, Серік Үмбетов, Мырзатай Жолдасбеков, Темірхан Медетбек, тағы басқа қазақ­тың тұлғалы азаматтарының сыр-сұхбат­тары енген. «Жүрегі оның – жанартау». Иә, Мұқағали жүрегі – жыр жанартауы. Атқылап тұрған, қай кезде де күл шашпай, гүл шашқан, қазір де айналасын өртемей, Алашын көркейткен мәңгілік жыр – жанартау.
    «Кең дүние, төсіңді аш, мен келе­мін!» атты кітабым жайлы айтар болсам, шындығында кең дүние – жарық өмір, арман көңіл – жас нәресте есігін ашып, табалдырығынан аттағанда нақ осындай әлем екені күмәнсіз. Шынында да мың бір күндік сәуле, әрбір сәті – секунды миллион теңгеге, миллион долларға сатып ала алмайтын балдәурен іспетті. Ол кітапта ұлылар өмірінен келтірілген керемет деректер бар. Ұлы ақынның әрбір лебіз-сөзі, әрбір өлең жолы, өмірінің әрбір сәті мен соңында қалған заты – алтын, асыл мұра екені анық. Онда жас ақын Мұқағали жер жүзіне заты мәлім, асыл ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен, әйгілі тарихшы-оқымысты, Кеңес өкіметі кезінде ақталған Алаш арысы Ермұхан Бекмахановпен жүздескені жайлы хикаят бар. Қос қайраткер, ғалым, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің жабық, тыйым салынған «Қилы заман» романының ізімен арада 30 жыл өткен соң жүріп, атақты Албан көтерілісі, халық қырғыны болған жерді көздерімен көріп, санамен зерделеуге арнайы сапарға шығады. Бұл, шамамен 1958 жылы болса керек. Міне, осы жолы мектепте жұмыс істейтін Мұқағали олардың келгенін естіп, жазғы демалыс кезін пайдаланып, іздеп шығып жолығады. Міне, осы жағдай аталмыш кітапта кеңінен байсалды бедерленген.
    «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!» кітабы екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі – «Мәңгілік аза күй», «Аққу – арман», «Гәкку – ғұмыр», «Жыл құсы» атты эссе-хикаяттардан түзілсе, оның екінші бөлімінде алуан әңгіме-эсселер бас қосқан. Мұндағы «Аққу – арман» негізінен Мұқағали Мақатаев пен қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің адамдық та азаматтық, шығармашылық та суреткерлік қарым-қатынасына арналса, «Гәкку – ғұмырда» өлең сөз­дің патшасы Мұқағали Мақатаев пен қазақ вальсінің королі атанған – ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов достығын, өмірлік те өнерлік ынтымақтастығын паш етуге күш салдым. «Жыл құсы» хикаятында Мұқағали Мақатаев пен жазушы, есейген шағынан бастап қазақ жырының Хантәңірін аялап өткен Бексұлтан Нұржекеевпен ағалық-інілігі, танысып-табысуын тілге тиек еттім. Мен бұл кітаптарымда ақының өз заманындағы заңғар тұлғалармен болған достығын, шығармашылық тандемін, адами болмысын айшықтауға тырыстым.

    – Сіздің публицистикалық мақалалар мен очерктерден тұратын «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары», «Парасат жолы», «Жетісу жылнамасы» атты сүбелі шығармаларыңыз бар. Онда қаламгерлік жолыңыздың әр жылдары сайрап жатқандай. Бүгінде жиі қалам тербейсіз бе?
    – Иә, бұл еңбектегі шығармалардың дені – соңғы отыз бен қырық жылдың аралығында жазылған дүниелер. Ол бойымызды үміт пен арман, шабыт пен шаттық билеп алған әсершіл кез еді. Дүниенің әрбір сәтіне кіршіксіз таза көңілмен тебірене көз салғанбыз. Махаббатшыл жас жүрек күндіз-түні жыр төккен сыршыл әуенінен жаңылмайтын шақтың үні десек болады. Ал «Парасат жолы» кітабым қазақ әдебиеті мен мәдениетінің, ұлт руханиятының белгілі тұлғаларымен болған сұхбаттардан тұрады. «Жетісу жылнамасы» газет тарихына арналды. Бір қарағанда, архив – жанды тірліктің жансыз ескерткіші сынды көрінері де бекер емес. Бірақ бұл – сырт көз ғана. Асылында, архив әлемі тереңіне бойлап, жіті үңілетін иесіне кезіксе, бір кереметі – оған да тіл бітіп, «сөйлейді», жан дірілі мен айғақты сырын айқара ашып сырласады. Солай «Жетісу» газетінің сарғайған беттеріндегі деректерді сөйлеттім. Бүгінде оқыр­ман ретінде студенттік өмірді бірге өткізген, армандас замандасым, өмірде жолыққан қимас, сыйлас жандар туралы оқыған мен тоқығанымды, көрген-білгенімді аз да болса ортаға салып отырмын.
    – Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

    Сұхбаттасқан – Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

    Соңғы жаңалықтар

    Ұзақ батырдың шоқпары
    18.04.2026
    Ел іші – өнер кеніші
    18.04.2026
    Қарқарадағы жыр кеші
    18.04.2026
    ҰШАР ТАЗЫ
    18.04.2026
    Кім жынды?
    18.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>