Кеген ауданында Қазақстан халықтарының бірлігі күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтілді. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерекше. Кеген ауылының Орталық алаңындағы достық пен татулықты паш еткен мерекелік шараға аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, әкім орынбасарлары, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері мен аудан тұрғындары, қонақтары қатысты. Мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау.
Бұл күні барлық мекемелердің қатысуымен шеру ұйымдастырылды. Еңбек адамдарынан бастап, елдің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген барлық азаматтар бірліктің туын желбіретіп шеруге қатысты. Алаң мерекеге сай безендіріліп, жиылған қауым алдымен Кеген халық театры әртістері дайындаған бірлігі бекем елдің ынтымағын айшықтайтын театрландырылған көріністі тамашалады. Осыдан кейін, орталық сахнада «Ұлттар достығы татулықтың тал бесігі» атты мерекелік шара басталып, құйқылжыған күй мен мың бұралған бишілердің өнерлеріне кезек берілді.
Мұнан соң татулығы тұғырлы, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі тау өңірінің халқын аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев құттықтады.
– Бәріңізді Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын! Бұл мереке-халқымыздың терең рухани және жасампаздық құндылықтарын бойына сіңірген қасиеті күн. Біз-әртүрліміз, бірақ теңбіз. Біз бір-біріміздің дәстүрі мен мәдениетін құрметтей отырып, ортақ болашақты бірге құрып келеміз,-дей келе тұрғын үй кезегінде тұрған 12 азаматқа пәтер кілттерін табыстады.
Мерекелік шарада аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, аудан прокуроры Алмат Даниловтар сөз сөйлеп, еліміздегі бірлік пен бейбітшіліктің мән-маңызына тоқталды. Кеген ауылының тұрғыны Гүлнұр Сұлтанқұлқызы, аудан жастары атынан Ө.Жаңабаев атындағы орта мектебінің мұғалімі Аружан Бауыржанқызы жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Рақым ақсақал ақ батасын берді.
Бірлікке үндеген мерекеде Шәмші Мәжит, Бахаргүл Айтбаева, Таңшолпан Өзбекова сынды аудан өнерпаздары патриоттық әндерін шырқап, мерекенің ажарын аша түсті. Спорттық шараларға жалғасқан концерт пен көңілді серуен көпшіліктің есінде қалары анық. Бұл күн – Қазақстан халқының басты байлығы- бірліктің бейнесін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жалпы дәл осындай мерекелік шаралар ауданның барлық елді мекендерінде өтті.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы



