Алматы облысы көлемінде өтіп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала мәдениет күндері байқауы Қонаев қаласында жалғасты. Ауылдың абыройын асқақтатып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, төл өнерді өрістететін байқауға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмаров, ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Дәркембайұлы, «Алтынай» мемлекеттік халық биі ансамблінің бас балетмейстері Ғазиза Абдиева, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Ержан Тоқтар, Сүйінбай атындағы облыстық филармония әншісі Мәншүк Тұрсынғазина, «Қобыз сарыны» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі Бекназар Какалейов төрелік етті. Алғашқы сөз Қонаев қаласының әкімі Асхат Ермекұлы Бердіхановқа берілді.

– Халқымыз үшін ауыл – алтын бесік. Ол ұлттық тәрбиенің бастауы, салт-дәстүріміздің қайнар көзі. Ауыл мәдениетін дәріптеу – мұрамызды ұлттық сақтау мен ұрпақ сабақтастығын нығайтудың маңызды жолы. Бүгінде Қонаев қаласында мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қалалық кітапхана мен /Мәдениет үйі жөнделіп, орталық алаңның сахнасы жаңартылды. Сарыбұлақ ауылында мәдени-демалыс клубы ашылды. Қаладағы 10 ескерткішті абаттандыру және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. «Қонаев әуендері» ансамблі құрылды. Жастар театры жұмысын бастап, спектакльді 6 репертуарына енгізді. Қалалық мәдениет қызметкерлері ауылдарға көшпелі концерттер ұйымдастырып келеді. Соның бірі – «Шеңгелді Fest» мәдени іс-шарасы. Бұл бастамалар – ұлттық өнерді қолдауға және қаламыздың мәдени өмірін байытуға бағытталған маңызды қадамдар, – деді шаһар басшысы. Одан кейін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев жиналған қауымды, мәдени шараның ашылуымен құттықтады.
Іс-шара аясында қалалық Мәдениет үйі алдындағы алаңда қалалық кітапхананың көшпелі кітап көрмесі, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар мен халқымыздың салт-дәстүрлері көпшілік назарына ұсынылды. Шеңгелді ауылдық Мәдениет үйі жанынан ашылған Қабан жырау атындағы жыршы-термешілер мектебінің шәкіртері термені төгілдіріп, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Сахна төрінде «Қонаев әуендері ансамблі» ұлтымыздың ұлы тұлғаларының шығармаларын орындап, үлкенді-кішілі көрермендерді өнердің кәусәр бұлағынан сусындатты.

Ауылдың көркі оның тазалығы, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы айналаны тазарту ғана емес, тазалықты өмір салтына айналдыру, табиғи байлықтарды қорғау мәдениеті болса, осы орайда әділқазылар алқасы мен жиналған қауым қалалық Мәдениет үйінің фойесінде өткізілген эко-көрмені тамашалап, өз бағасын берді. Байқау талабына сәйкес Мәдениет үйлерінің ішкі безендірілуі, көгалдандырылуы, төлқұжаттары, жоспары, өткізілген көпшілік-мәдени шаралар, іс-шаралардың сценарийлері, бағдарламалары мен портфолиолары, қолөнер шеберлері, зергерлер, суретшілердің бұйымдары, ұмыт болған ұлттық салт-дәстүрлерді, аудан, қаладан шыққан ұлы тұлғаларды насихаттау, «Халықтық», «Үлгілі» атағы бар ұжымдардың және жаңадан құрылған театрлардың қойылымдары, «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» бағдарламаларының орындалуы қазылар алқасының назарынан тыс қалмады.

Облыста жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан ауылдың мәдени әлеуетін саралап, шығармашылық жетістігін, танытуға, озық тәжірибелерді дәріптеуге бағытталған байқау Қонаев жастар театры мен мен қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының концертіне ұласты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Қонаев қаласы
